Мәселе

Бәрі де «Е-халық» үшін…

Түнімен жұмыс істейтіндер осылай деп ұрандатып жүр екен

Соңғы кездегі талап бойынша мемлекеттік мекеме қызметкерлері кешкі сағат 19-да жұмыстарын аяқтап, бөлмелерінен шығып кетулері тиіс. Себебі олардың да отбасы, бала-шағалары бар. Кешкі уақыттарын солармен бірге өткізулері керек. Әрине бұл жаңалыққа мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіндердің үлкені де, кішісі де қуанған болатын. Бірақ қуаныштары ұзаққа созылмаған секілді.

 Бұл ереже министрлікте, облыс, қала, аудан әкімдіктерінде жұмыс істейтіндер үшін күші бар болуы мүмкін, алайда, ауылдық округтегі әкімдер мен мамандарға жетпегенге ұқсайды. Қазір кешқұрым қай ауылдық округке бара қалсаңыз да түннің бір мезгіліне дейін жұмыс істеп отырғандарды көруге болады. Тіпті, таң атқанға дейін үйіне қайта алмайтын кездері болады екен. Сөйтіп, таңғы асты жұмыстан іше салады. Сосын тағы да түнге дейін жұмыс. Мұндай жұмыс күні күнделікті қайталана береді. Сонда олардың отбасы жоқ па немесе күндіз-түні жұмыс істейтін жандары темірден жаралған робот па? Осындайда «жұмыс уақыты аяқталар тұста аудандық, қалалық әкімдіктерді аралап, әрбір есікті қағып жүрген мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің жігіттері ауылдарға неге шықпайды» деген ой келеді. Шын мәнісінде «ережеге бағынбай», «отбасына барғысы келмегендіктен» түнімен жұмыс істейтіндерді анықтағысы келсе олар ауылдық округтерді араламайды ма?

 Түнімен жұмыс істегенде олар немен айналысады? Осы сауал бізді қызықтырмай қоймады. «Е-халық» бағдарламасы бойынша әрбір ауылдағы адамдар, олардың дүние мүлкі, жері және басқа да тіршіліктері электрондық жүйеге енгізілуі тиіс. Елбасы айтқандай, азамат жеке куәлігін көрсету арқылы ғана өзіне керекті анықтамалардың барлығын бір жерден алуы тиіс. Ал, оның орындалу мерзімі өтіп кетті. Соны қуып жету үшін қызметкерлердің түнімен отырып жұмыс істеуіне тура келеді.

Соңғы айларда біз Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарын араладық. Сол кездерде ауылдық округтерде болғанымызда мамандардың адам аярлық жағдайда жұмыс істеп жатқанының куәсі болдық. Демалыс, кешкі уақыт деген ұмытылып бара жатқандай. Соғыс жылдары тылдағылар «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін», – деп ұрандатса, бүгінгі мемлекеттік қызметкерлер «Бәрі де «Е-халық» үшін» деп ұрандататын болған.

 Олар бұл жөнінде ашық айтуға жүрексінеді. Бірақ есімін атамауымызды өтінген бір азамат былай деді: «Біз бұл жұмысты наурыз айында бітіруіміз керек еді. Үлгермедік. Мұғалімдерден көмек сұраңдар дейді. Олар қалай көмектеседі? Жоғарыдағылар «Астаналықтар бітіп қойды, сендер жайбасарлық таныттыңдар», – дейді. Ол ақпардың қаншалықты рас екенін білмейміз. Дей тұрғанмен Астанаға барлық күш жұмылдырылған болуы мүмкін. Бізде бар-жоғы бірнеше адам жұмыс істейді, мұндай ауқымды істі қысқа мерзімде бітіру мүлде ақылға қонымсыз. Енді асығыстықта қате кетсе, жауап беретін біз болатынымыз анық. Ал жұмыста ойлануға, зерттеуге уақыт жоқ. Қазір жұмыста жатып, сонда тамақтанып жүрміз. Міне, сағат оннан өтіп барады, сенсеңіз таңғы асымызды қазір іштік».

Міне осылайша, соғыс жылдары жеңіс үшін деп еңбектенген халықтың ұрпақтары бүгінде «Е-халық» үшін деп тынбай еңбек етуде. Осыдан енді халыққа қайыр болса ғой шіркін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *