Оқшау ой

Даңқ Мемориалының мүмкіндігін пайдалана алмай жүрміз

 Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойы қарсаңында, яғни 2010 жылы Шымкент қаласындағы Абай атындағы саябақта Даңқ Мемориалы салтанатты түрде ашылған болатын. Мәңгілік алау ескерткішінен бастау алатын Мемориалда Оңтүстік өңірінен майданға аттанған 140 мыңнан астам жауынгердің есімдері ұзындығы 200 метр болатын тақтайшаға қашалып жазылған. «Жұлдыз» ескерткішінде қызыл гранитке 51 Кеңес Одағының батыры мен Даңқ орденінің 8 толық иегерінің есімдері жазылған. Бұл  — Асқар Мырзахметовтың облысты басқарып тұрған жылдары іске асырған, елдің есінде жатталып қалған сәтті жобаларының бірі болды.   

         Әрине, бұл сәтті жоба ғана емес, болашақ ұрпақты патриот етіп тәрбиелеуге септігі тиетін теңдессіз дүние деп айтуға да болады. Мемориалды аралаған адамның әсерленбеуі мүмкін емес. Алайда, осы мемориалда жылына бір рет – Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында ғана адам қарасы көбейеді. Қалған уақытта мұнда жаймашуақ тіршілік. Ұрпағымызды отансүйгіш етіп тәрбиелейміз деген аға буын өкілдері үшін Даңқ Мемориалы өте үлкен мүмкіндік. Алайда, біз оны толық пайдалана алмай жүрген секілдіміз.

         Облыспен қалада жалпы білім беретін мектептердің саны мыңнан асады. Оларға колледждерді қосыңыз. Осылардың барлығының оқушыларын арнайы Даңқ Мемориалына кезең-кезеңімен апарып, ата-бабаларының ерлігін паш етіп, патриоттық, отансүйгіштік тәрбиені санасына барынша сіңіре білсек керемет емес пе? Ата-бабаларының бартылығын біліп өскен, тарихына құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиеленіп шықса, еліміздің ертеңгі тұтқасының шынайы да нық иелері осылар емес пе? Өкінішке орай бізде осындай идеология кенже қалып келеді. Алдағы уақытта осы ұсынысымыз тиісті басшылардың назарына ілігіп, іске асып жатса мақсатымыздың орындалғаны болар еді. Әрі ішкі туризм де дамып, жас ұрпақ өз елінің кереметінің куәсі болып өсері анық. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *