Қоғам Мәселе

Үкіметтен күдер үзгендер

     жолды өздері жөндеп жүр

Өткен аптада Жетісай мен Мақтаарал аудандарында болдық. Бір байқағанымыз кіммен жолықсаң да сәлемнен кейінгі сұрайтыны «қалай келдің, көлігіңнің дөңгелегі аман ба?» деген сауал болды. Мұндай сауалды аудан басшыларынан да естідік. Өйткені, Келес-Жетісай тас жолының бүгінгі сиқы сын көтермейді. Тесіктерден «қашу» мүмкін емес. Ал қара жолда қазан болған ойықтар үшін әкімсің бе, министрсің бе, қарапайым адамсың ба, бәрібір. Ойылған тесікке тура келсең, дөңгелегің жаралып, дискің майысып шыға келеді. Мұның соңы апатқа соқтырса да таңқалуға болмайды.

Осыдан тура бір жыл бұрын әңгімемізге арқау болып отырған осы жол ағымдағы жөнеуден өтіп, жыртық атаулы жамалған еді. Небәрі бір-ақ жыл… Жол бәз-баяғы қалпына түсті, тіпті, одан да бетер шұрқ тесікке айналыпты. «Сонда жол қалай жөнделді, оны қабылдап алғандар қайда қараған» деген сұрақтар туындайды. «Бәрі көзбояушылық, — дейді өзін Есболат деп таныстырған такси жүргізушісі. — Жөнделді деген аты ғана. Шұңқырлар қиыршық тастармен толтырылып, бетін жұқа ғана асфальтпен жасырып кеткен секілді. Қағаз жүзінде «бәрі тамаша жөнделді» деп құнттай еткендеріне бәс тігуге болады. Ал шын мәнісіндегі жағдайын айтуға ауыз бармайды. Оның зардабын енді қара халық көріп отыр. Бақылау дұрыс болса, мұндай бассыздықтар орын алмас еді ғой. Бәрі сол басшылықтың былығының салдары деп ойлаймын».

 Апта басында радиодан үш жігіттің КамАЗ көлігіне қиыршық тас артып, қолдарына күректерін алып, жолды жөндеуге шыққан тұрғындар туралы айтылды. «Бұл көрші екі мемлекетті байланыстыратын халықаралық жол. Барыс-келіс жасап жүрген алатақиялы ағайындардан ұят, ал Үкіметтен қайран жоқ. Амалсыз жөндеу жұмыстарына өзіміз кірістік», – деген жергілікті жігіттердің іс-әрекеттеріне еріксіз риза боласың.

 Әрине, айтылып отырған жол облыстық және республикалық маңызға ие болғандықтан, оны жөндеу жергілікті әкімдіктің құзырына кірмейді. Тіпті, жергілікті әкімдердің сөзі мердігер компанияларға да өтпейді. Олар тапсырыс беруішінің ғана талабын орындайды. Осындай олқылыққа жол бермес үшін әр ауданның өз аумағындағы жолдың құрылысын бақылау құқы сол өңір әкімінің құзырына берілуі тиіс. Сонда ғана сапалы жұмыс талап етуге болады. Ал, Астана немесе Түркістанда отырып, Жетісайда жөнделіп жатқан жолға қатысты жұмыс сапасын бақылауда қиындықтар көп кездесетіні айтпаса да түсінікті.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, дамыған елдер қатарына қосылуды армандайтын Қазақстанда мұндай сапасы сын көтермейтін жолдардың болуының өзі ұят. Шұрық-тесік жолдарымызды жамай алмай жүріп, әлемдегі алдыңғы қатарлы ел туралы айтудың өзі әбестік емес пе?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *