Мәселе

Баланы қайыршылыққа мәжбүрлеу — қылмыс

Мектеп оқушыларының тоғыз айға созылған оқу жылы да мәресіне жақындап, соңғы қоңыраудың соғылуына санаулы апта қалды. Саналы адамда қимастық сезімнің болатыны анық. Сол себепті біреулер мектепті, енді біреулері балалар бақшасын қимай жүр. Өкінішке қарай мұндай сезімге бөлене алмай, балаға тән бақытқа қол жеткізе алмай жүргендер де жоқ емес.

Бұрын Шымкенттің көшелерінде, әсіресе Орталық Қырғы базар төңірегінде өткен-кеткеннен қайыр-садақа сұрап, мүсәпір күйге түсіп отырған немесе жолыңды кес-кестеп, аяғыңа оратылып жүретін балақайларды жиі кездестіруге болатын еді. Тіпті, бұл іске полицияның күші жұмылдырылғанымен, қайыршылықты түп-тамырымен жойылып кетті деп айта алмаймыз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде қайыр сұрағандарды жазаға тартатын заң жобасы бекігені белгілі. Сол кезде тұрғындар енді көше кезгендерден құтылармыз деп ойлаған. Бірақ, Үкімет те халықтың жағдайын жақсартпайынша қайыршылықтың бұйрықпен немесе күшпен көзін жоя алмайтынын түсінген болса керек, қазір ол заңның орындалуын ешкім қадағаламайтын дәрежеге жетті. Дегенмен әлі де болса полиция қызметкерлері көше кезіп жүргендерді ұстап, тергеп жатады.

Қайыршылықты кәсіп еткендер үшін полициядан қорқып, тығылып жата беру жат нәрсе. Оларға да күнкөріс керек. Заманың түлкі болса тазы боп шал демекші, қайыршылықтың да жаңа түрлері пайда бола бастағаны байқалады. Олар енді адам көп жүретін жол бойында, базар ішінде өздері кезбей, кішкентай балаларын отырғызып қойып, сырттан бақылап отыру әдісіне көшкенге ұқсайды. Олар полицияның кішкентай балаға ештеңе істей алмайтынын біледі. Осылайша, қайыршылар ата кәсібін кішкентай балаларына үйретуді үрдіске айналдырған. Ал мұның қаупі бұрынғыдан да жоғары екені түсінікті. Қаршадайынан қайыр сұраған бала ертеңгі күні сол ақша үшін қандай қылмыстан болсын тайсалмасына кім кепіл?

Дамыған елдерде балаға қатысты заңдар, керек десеңіз өмірдің өзі туындатқан жазылмаған заңдар өте қатты жұмыс істейді. Мәселен, оларда баланың құқын қорғау үшін ересектер бала еңбегі сіңген тауарларды сатып алудан бас тартады екен. Ал бізде балалар арзан жұмыс күші ретінде пайдаланылады. Бүгінде бала еңбегі экономиканың барлық өндірістік және өндірістік емес салаларында ұшырасатыны ешкімге құпия емес. Ауыл шаруашылығында, жергілікті базарлардағы ұсақ саудада балалар еңбегі пайдаланылады.

Әрине, біздің санамызда баланы жастайынан еңбекке баулу – тәрбиенің бір түрі есептеледі. Мәжбүрлеп емес, баланы ынталандыру арқылы еңбекке баулу құптарлық жайт. Бірақ, табыс табу мақсатында пайдалануға болмайды. Ал қайыршылыққа үйрету – қылмыс. Сондықтан еліміздің заңына өзгертулер енгізілуі қажет. Кімде кім баласын асырай алмай, салдарынан оның көшеге шығып қайыршылыққа түсуіне жол берсе немесе саналы түрде мәжбүрлесе ондай адамдарды ата-аналық құқынан айырып, бүлдіршіндерді балалар үйіне өткізу керек. Сонда баласын табыс көзі ретінде қарайтындар заңнан аяқ тартатын болады. Ал бала үшін қайыр сұрап тентірегеннен гөрі балалар үйінде тәрбиеленуі қайырлы екені айтпаса да түсінікті.

Мұндай жағдайда балалар үйінің саны қысқармасы анық, бірақ көшеде қол жайып, аш құрсақ болып отырғандарудан құтылатындары анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *