Өмірдің өзі

Әпкем алдап соқты…

Ол бәйбіше, мен тоқал болып шыға келдім

Ауылдағыларды өзінің ақкөңілділігімен, ашық-жарқын, бауырмалды мінезімен тәнті еткендердің бірі Патима апамыз болатын. Ол кісінің айтқан әңгімелері де қызық-ақ. Өзінің бұл ауылға қалай келін болып келгені жөніндегі естелігін естігенде бәріміз де таңдана қарап, күлкіге қарық болушы едік…

«Соғыстың біткен кезі, шамасы 1946-шы жылдар болса керек. Ол кезде кімнің үйінде сағат, күнтізбе бар дейсің. Соғыстың салдарынан мектептер де жабылып қалған. Әйтеуір жылдың төрт мезгілін жаңа айдың туғанына қарап үлкендер айтып жататын. Бір күні үйімізге туысқан әпкем Гүлсім қыдырып келді. Әпкеміздің бауырмал, мейірбандығын үлкендер әрдайым әңгіме қылып отыратын. Ашаршылық жылдары ауылымыздағы жетім қалған алты жасар Ынтыкүл мен інісі Жұманазарды қолына алып, қамқорлық көрсеткенін де естігенбіз. Кейін, бойжеткен Ынтыкүл сол ауылдағы Құрманәлі деген жігітке тұрмысқа шығыпты. Ал оның інісі Жұманазар соғысқа алынып, хабарсыз кеткенге ұқсайды.

Ол кезде менің жиырмаға таяп қалған кезім. Әпкеміз әжеммен, анаммен әрдеңені әңгіме қылып отырған. Бір кезде қастарына мені шақырып: «Әй, қыз! Осы сенің байға тимек ойың бар ма, әлде осылай қарақан басың қақиып жүре бермексің бе?», – деп әңгімені төтесінен қойды. Тосын қойылған сұраққа табан астында не айтарымды білмей, абдырап қалыппын. Әңгімені арыдан бастаған олар соғысқа кетіп, «қара қағаз» келген әкем мен ағам туралы да айта келе елде «еркек кіндіктінің» өте аз қалғанын ескертті. Қалғандарының бірен-саранының өзі де соғыстан ақсақ-тоқсақ болып келгендерін, олардың ішінде бойдақтарының жоққа таяу екенін әңгіме қылды. Сөздің қысқасы, сол жерде Гүлсім әпкем мені өзінің қайнысына күйеуге шығуға үгіттеп бақты. «Шалым өлгесін, ол мені әмеңгерлік жолымен әйел етіп алған. Өзімнен он жас кіші жас жігіттен перзент көре алмағасын, енді оның «бағын байламайын» деп басқаға қимай, саған келіп отырған жайым бар. Менің ақылымды тыңдасаң, сен енді керги бермей соған тиіп ал. Соғыстың кесірінен сен таңдайтындай елде еркек кіндіктінің аз қалғанын өзің де байқап жүрген боларсың. Тисең, біреудің байына екінші немесе үшінші тоқал болып тиесің. Ал ол үйдегі «бәйбішең» саған күн бере ме, әлде әр ісіңнен мін тауып, байыңа күнара сабата ма, ол жағын құдай біледі. Ал менің қайныма тисең, өзің би — өзің хан боласың. Мен, өз шаңырағыма барып, бөлек тұрамын. Саған қамқоршы болатын да өзім», – деген әпкемнің сөзін анам мен әжем де қуаттағасын, көнбегенде қайда барам.

Үйдегі еркек кіндіктен қалған екі інім әлі жас. Сонымен, ертеңіне әпкемнің атына мінгесіп, өзім әлі көріп-білмеген Құдайберген деген жігітке «ұзатылып» кете бардым. Біз тұрған Жаңатастан осы жерге жолда бір күн қонып жеттік. Үйден шыққаннан, «әпкем мақтаған күйеуім қандай жігіт екен» деген ойдан арыла алмадым. Бұл жерде «келіншек келді» деп басыма орамал жауып, абыр-сабыр болып жамырасқан көпшіліктің қуанышында шек жоқ. Қалың жұрттың ішінен «менің күйеуім  қайсы екен» деп, орамалдың астынан ұрлана қараймын. Осы жердегі «той мен беташар рәсімін» ұйымдастырып жүргендердің ішіндегі ақ сақалды қарияны «шамасы менің  күйеуімнің әкесі болар» деп қоямын ішімнен. Кешке қарай неке қию рәсімінде де күйеуімді анық көре алмадым. Түн болып, мені шымылдық құрылған бөлмеге әкелді. Енді «күйеуім келетін шығар» деп отырсам, манағы ақ сақалды шал бөлмеге кіріп, мәсісін шеше бастағанда «Ойбұй! Енді қайттім!?» – деп екі көзім атыздай болды. Әпкемнің өзімді алдап соққанына көзім жетіп, ал кеп жылайын. Бірақ, жылағанмен енді бәрі кеш еді.

Осылайша ойламаған жерден әпкем бәйбіше, мен тоқал болып шыға келдім. Өзімнен жиырма жастай үлкен шалды менсінбей, талай рет қашып кетпек те болдым. Біздің ауылдан осы жерге келіншек боп түскен Ынтыкүлді өзіме жақын тартып жүретінмін. Оның үйі де бізге көрші болатын. Әпкемнің өзімді «алдап соққанын» соған жылап айтып, шерімді тарқататынмын. Бірде оңашада оған өзімнің бұл шалдан қашып кетпек болып жүргенімді айтқанмын. Сол күні кешке таяу атының пора-порасы шыға терлеген Ынтыкүлдің күйеуі, ел ішінде жеңгелерінің атауымен «Матай» атанып кеткен Құрманәлі ырс-ырс етіп келіп тұр. Көзі алақ-жұлақ етіп, әлденеден үрейленіп кеткен сияқты. «Ойбай жеңеше, мені құдай сақтады», — дейді мені де үрейлендіріп. «Тау жақта адам жұтатын айдаһар бар деуші еді. Сол енді біздің жаққа келіпті. Күн ыстықта Арыстың суына денесін салқындатып жатқан күйі теректің ұзындығындай ұзын мойнын созып, айналасын бақылап отырады екен. Мал түгілі жалғыз-жарым жүрген адамды да алыстан лебімен тартып, жұтып қояды. Жаңа ғана соның аузына түсе жаздап, атымның жүйріктігінен ғана әрең қашып құтылдым. Тартқан лебінің күштілігі соншалық, басымдағы бөркім де соның тамағына кетті», – деп қорқынышты кейіпте сөйлегенде қалай ғана сенбессің. «Қап, Құдай-ай! Енді қашамын ба деп жүргенде мына пәле қайдан ғана шыға келді», – деп қоямын. Өткен-кеткендердің айтқан сөздеріне елеусіз құлақ түрсем, ешкім бұл туралы айтпайды. Тек оқта-текте келетін Матай ғана айдаһар туралы әңгімесін жаңғыртады. Арада төрт-бес ай өткенде «айдаһар» туралы әңгіме басылғандай болды. «Шамасы, ол айдаһар өзі үйренген тауына қарай кеткен болар», – деп қашуға дайындалып жүргендігім туралы баяғы Ынтыкүлге айтпаймын ба. Ал оның күйеуі, бұл жолы да таудан бір топ қасқырлар ауып келіп, елдің малына қырғидай тиіп жатыр деген «суық хабар» жеткізді. Көрші ауылдың жеке шыққан екі адамы да қасқырларға жем болыпты. «Қашпақшы болып жүргенде мына қасқырлардың келе қалғанын қарашы. Енді не қылсам екен?» — деп жүргенде күн суытып, қыс та түсті. Көктем шығып, күн жылынғанда аяғым ауырлап, көп ұзамай өмірге тұңғышым Жұмаділла, оның артынан Бейсенәлім мен Иманәлім келді. Бұл аралықта шалыма да үйреніп қалған едім.

 Осы кезде ойлаймын, «қашпақ мәселесін» Ынтыкүлге айтсам болды оның күйеуі дереу сол замат келіп, түрлі тажалдар туралы айтып, мені қорқытатын. Ал мен болсам, аңқау басым соған сеніп жүре беріппін», – дейтін Патима апамыз жұртты күлкіге қарық қылып.      

«Өзіңізді «алдап әкелген» Гүлсім әпкеңізге әлі де өкпелісіз бе?», — деп сұрағандарға: «Е, қарақтарым-ай, менікі балалық екен. Ол кезде сұм соғыстың кесірінен елде еркек атаулы кем еді. Кейбір еркектер елдегі жесір қалған екі-үш жеңгесін алып жатқан. «Шалым бөтен біреуді алғанша өзімнің сіңлімді әперсем, ол менің айтқанымнан шықпай, тату-тәтті өмір сүрерміз», – деген әпкем шынында да әріден ойлайтын адам екен. Перзенттері жастай шетіней бергесін екі жетімді бауырына басып, осы Жұманазарымды үйлендіріп, немере сүйсем деген арманына сұм соғыс жеткізбеді емес пе? Менің тұңғышымды бауырына басып, бөлек шыққан Гүлсім апаммен өле-өлгенше тату-тәтті болдық», – деген апалардың арыдан ойлаған әрекеттеріне тәнті болатынбыз.                                        

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *