Өмірдің өзі

Тарауих – рамазанның түнін безендіретін ғибадат

 Рамазан айында оқылатын жиырма рәкаттық тарауих намазы ораза тұтушының ғана емес, ораза айының сүннеті болып саналады. Сондықтан да белгілі себептермен (науқастық, жолаушылық, т.б.) немесе қандайда бір себепсіз ораза ұстамаған адам сауабын үміт етіп, тарауих намазын оқуына әбден болады. Яғни, тарауих намазын оразаны тұтқан да, тұтпаған да оқыса сауапқа кенеледі.

 Тарауих намаздың үкімі

          Тарауих сөзі «дем алу, демалыс, отырыс» дегенді білдіреді. Қасиетті Рамазан айында құптан намазының парызы және сүннеті оқылғаннан кейін мұсылман жамағатына жиырма рәкаттық тарауих намазын оқуы — сүннет муәккәдә. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) тарауих намазына қатысты: «Хақ Тағала сендерге оразаны парыз, тарауих намазын сүннет етті. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады«, — деген (Имам Бухари).

Кез келген елді мекендердің тұрғындары тарауих намазын өздеріне қарасты мешітте жамағат болып оқуы — сүннет кифая. Осы себептен бір мешітке қарасты жамағаттың бірі де тарауих намазын мешітте оқымаған жағдайда жамағаттың барлығы сүннетке қайшы әдепсіздік еткен болады. Жалғыз оқыған адам әдепсіздік етпегенімен, жамағаттың сауабынан құр қалады. 

Абдур-Рахман ибн Абдул-Қари былай деп айтады: «Бірде біз Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) пен Рамазанның бір түнінде бір мешітке кірдік, ондағы адамдар намазды бөлек-бөлек оқып жатқан болатын. Сонда Омар (р.а): «Менің ойымша, егер мына адамдарды бір қаридың артына жинасам жақсы болады!», — деді. Сөйтіп ол жұртты Убай ибн Каьбтың (р.а) артына жинады. Кейін, мен онымен бірге келесі түні мешітке барғанымда, адамдар бір қаридың артына ұйып намаз оқып жатыр екен», – деді (Имам Бухари).

Әйелдерге тарауих намазына қатысуға рұқсат етіледі

  Әйел кісілердің мешітке келіп, қалаған қосымша намазын оқи алады, дегенмен, олардың үйлерінде оқыған намаздары жақсырақ болып саналады. Себебі, Пайғамбар (с.а.с) былай деген: «Әйелдеріңе мешітке баруға тыйым салмаңдар, алайда олардың үйлерінде оқыған намаздары олар үшін жақсырақ!» (Абу Дауд 567).

Тарауих намазының уақыты — құптан намазы мен таң атудың аралығында. Осы себептен құптан намазынан бұрын оқылған тарауих тарауихқа жатпайды. Тарауих намазын оқудың ең абзал мезгілі — түннің үшінші бөлігі кіруден бұрын. Сонымен қатар тарауих намазын құптан намазы оқылғаннан кейін, үтір уәжіп намазынан бұрын оқылады. Осы себептен имам тарауих намазын оқып тұрған болса, мешітке кешігіп келген адам алдымен құптанның парызын оқып, кейін тарауих намазына тұрады. Бұл жағдайда құптан намазының сүннетін тарауих намазының отырыстары арасында оқыса болады. Оқымаса, соңынан үтірден бұрын оқып алады.

         Тарауих намазы  кезінде мына тасбих оқылады: “Субхаанә зил-мүлки уәл-мәләкүүт. Субханә зил-иззәтә уәл-азамәти уәл-құдрати уәл-кибрия-и уәл-жәбәруут. Субханәл-мәлики-хаййл-ләзи лә йәмуут. Суббуухун құддуусұн раббүна уә раббүл-мәләәикәти уәррууһ. Ләә иләәһә иллаллаһү нәстәғфирұллааһ нәсәлүкәл жәннәтә уә нә узү-бикә минән-нар”.            

        Мағынасы: “Патшалық және мүліктер иесі Алла пәк. Үстемдік, ұлылық, құдірет, үлкендік және өктемдік иесі Алла пәк. Өлмейтін (мәңгі) тірі (патшалардың) патшасы Алла пәк. Өте пәк, тым кіршіксіз Раббымыз, әрі періштелердің Раббы, әрі Жәбірейілдің Раббы, Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Алладан жарылқау тілеймін. Я, бір Алла! Сенен жәннат тілеймін және тозақ отынан сақта деп саған сыйынамын”.

Тарауих намазының батасы былай оқылады: “Аллаһүммә салли ала Мұхаммәдин уә ала әли Мұхаммәдин уә сәллим. Аллаһүммә заййна бизинәтил-имани, уә шәррифнәә бисиями шәһри рамадан. Уәрзұқнал-жәннәтә уәлғұфран. Уә тәқаббәл миннә тарауихана я сүбхан. Уәстәжиб дұғаәнә я Ханнан, бифадликә уә жүдикә я Мәннән. Бирахмәтикә я әрхамар-рахимиин”.

Мағынасы:  “Уа, бір Алла! Мұхаммедке (с.а.с.), әрі үй ішіне игілік ет және есендік бер. Уа, бір Алла! Бізді иман сәнімен сәнде және бізді туралықпен, танымның сыйымен сыйла. Рамазан айымен құрметте. Бізге жәннатты жарылқауды нәсіп ет. Уа, пәк Алла! Біздің тарауих намазымызды қабыл ет. Уа, игілік етуші Алла!”

      Міне, Рамазан айынндағы оқыған тарауих намазымыздың барша жақсылықтарын нәсіп етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әмин!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *