Қоғам

17 жасар өнертапқыш

Оның жасаған жобасын Boeing корпорациясы сатып алды

Әлемге аты әйгілі Boeing корпорациясы 11-сынып, яғни 17 жасар қазақстандық оқушының ұшақты техникалық және дизайнерлік дайындау жөніндегі жобасын сатып алды. Бұл туралы Tengrinews.kz. сайты хабарлайды.

Мектептің жоғары сыныбында оқитын Евгений Демиденко Қызылорданың тумасы. Әкесі өзінің кішігірім жеке кәсібімен, яғни көлік жөндеумен айналысса, анасы дәрігер. Оның бағдарламалауға деген қызығушылығы бала кезден пайда болған. Ол тоғыз жасқа толғанда анасы сатып әперген компьютер айырылмас сыңарына айналды. «Мен сол компьютерден кішкентай әлемді көрдім де, онда сағаттап отыратын болдым. Ал ғаламторға кіргенімде санамда «мұның барлығы қалай жұмыс істейді» деген сауал туды. Сол сауалдың жауабын табуға кірістім. Ата-анамнан үйренгенім көп болды. Ал спорт маған ешқашан да берілмеуді және әрдайым алға жүруді үйретті», — дейді өнертапқыш Евгений.

Жоба авторы анасының тіл үйренуге деген қызығушылығын оятуының арқасында қазір үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Ендігі мақсаты — қытай мен жапон тілдерін үйрену. Біраз жыл жеңіл атлетикамен айналысудың нәтижесінде облыстық және республикалық жарыстарда бірнеше дүркін жеңімпаз атанған. Алайда, соңғы кездері білімге біржолата ден қойыпты.

Білім саласындағы жетістіктері де аз емес. Түрлі халықаралық олимпиадаларда, информатика пәні бойынша өткен байқауларда жеңімпаз атанған. Корей елінде өткен байқауда ұсынған жобасы алтын медальға лайық деп табылды. Жалпыресейлік «Созвездие» олимпиадасында да алтын медаль жеңіп алды. Өзге де бірталай жетістіктерді бағындырып үлгерді. Ал 2017 жылдан бері қазақ елінің тарихы мен салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттайтын 4D форматтағы мультфильмдерді жобалаумен айналысып келеді.

Евгений Демиденко болашақ ұшақтың прототипін жасап, авиақұрастыру бойынша өткен халықаралық Nazarbayev Fund Schools Challenge олимпиадасының жеңімпазы атанды. Бұл Ұлыбританиядағы аэроғарыштық Крэнфилд Университетінің профессоры тарапынан болған тапсырыс екен. «Өз командамда мен барлық тәжірибелік бөлімге жауапты болдым. Бүкіл Қазақстан бойынша балалардың жұмысын іріктедік. Нәтижесінде жеңімпаз болып танылып, Ұлыбританиядағы Крэнфилд Университетіне жолдама алдық. Ал екі айдан кейін маған Boeing корпорациясының өкілдері келіп, патент үшін әжептәуір қаражат ұсынды. Мен өз жобамды іс жүзіне асыру үшін «концепттің құрастырушысы әрі авторы ретінде өз атымның сақталу» шартымен саттым», — дейді оқушы.    

Бұл ұшақтың жобасын жасауға Евгений үш ай уақытын сарп етіпті. Барлық механизмдерін жасап шығарған, енді оны кәсіби мамандар дамыту үстінде екен. Ал өнертапқыштың өзі әрі қарай білімін дамыту үшін шетелдік оқу орындарын емес, өз елімізде, нақтырағы Назарбаев Университетінде қалуға таңдау жасапты. Әйтпесе, кішкентай ғалымға әлемнің бірнеше мемлекеттерінен, атап айтқанда – Қытайдан, Ресейден, Германия мен Оңтүстік Кореядан ұсыныстар түскен.

Міне, Қазақстанда болашағынан мол үміт күттіретін осындай керемет дарын иесі өсіп келеді. Лайым, жас дарындардың қатары көбейіп, тәуелсіз еліміздің қарыштап дамуына, әлемнің озық елдерінің қатарына жылдам енуге өз үлестерін қоса берсін дегіміз келеді.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *