Қоғам Құқық

Оқушыларды несие алуға мәжбүрлеген

Аллаға шүкір, бәріміз де ата-анамыз. Ұл-қыздарымыз мектепте білім алып жатыр. Бірақ, сол мектепке барып жүрген балаларымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, іс-әрекеттерінен қаншалықты хабардармыз? Баланың күндізгі өмірін қадағалап, мектеп немесе колледж ұжымымен тығыз байланыс орнатқанбыз ба?

Біз бұл сауалдарды босқа тізбелеп отырған жоқпыз. Өйткені, біз ұл-қыздарымызды сабақта жүр деп ойлағанымызбен, шын мәнінде олай болмауы да мүмкін. Мұндай күдікке жуырда белгілі болған қылмыстық оқиға себеп болып отыр.

Шымкентте екі ер азамат мектептің жоғары сынып оқушылары мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттеріне үлкен көлемде несие және қымбат тұратын техникаларды бөліп төлеу әдісі бойынша алуға мәжбүрлеп келіпті. Ол екеудің біреуі бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталған екен.

Бопсалаушылар өздерінің құрбандықтары ретінде өз-өзіне жауап бере алмайтын, физикалық тұрғыда әлсіз жасөспірімдерді таңдаған. Оларды әртүрлі жолдармен қорқытқан. Қарсылық танытқандарды аяусыз соққыға жыққан. Осылайша өздерінің талаптарына көндірген қылмыскерлер «уысына түскендерге» жарты миллион теңгеге жуық несие алуға мәжбүрлеген.

Жәбірленушілерге несиені алдырту үшін оларды бір-екі күн бойы, яғни несиені рәсімдеп болғанға дейін түрлі банктер мен сауда орталықтарына көлікпен алып барып отырған. Жас балалар олардың айтқандарын орындауға мәжбүр болған. Несиеге алынған ақша мен техниканы сол бойда тартып алып отырған. Банктер мен сауда орындарының қызметкерлері бұл оқиғалар бойынша ешқандай да сезіктенбеген. Олар «Барлығының да қолдарында жеке куәліктері болған және несиені өз қолдарымен, еріктерміен рәсімдеген» дегенді айтады.

Қылмыстық жұп бұл әрекеттерін жарты жыл бойына жалғастырған. Осы кезеңде олардың қолына 16-19 жас аралығындағы бес жігіт түскен. Бұл оқиға жайында жәбірленушілердің ата-аналары екі-үш ай өткеннен кейін, яғни банктерден несие мен өсімпұлдардың төленбегені жайындағы қатаң ескерту келгеннен кейін ғана білген.

Жәбірленушілердің басым бөлігі қылмыскерлердің жеке басы жайындағы мәліметтерден мүлдем бейхабар болған. Әбүйір болғанда, құрбандықтарына несие рәсімдеу барысында банктердегі және сауда орталықтарындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған екен. Соның арқасында күдіктілер анықталып, ұсталды.

Осы қылмыстық іс Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотына түсіп, қылмыскерлер алты жыл бас бостандығынан айырылды. Оларға келтірілген шығынды өндіру міндеттелді.

Иә, абай болмасақ, бұл әрбір баланың басына түсуі мүмкін келеңсіздік. Ең дұрысы, тек қана жұмыс деп, баланың тәрбиесіне, жеке өміріне көңіл бөлуді ұмыт қалдырмай, олармен жиі пікірлесуді, сырласуды әдетке айналдыру керек-ақ. Бала ата-анасынан өз шындығын айтудан жасқанбауы тиіс. Сонда ғана баланың басындағы проблемамен бетпе-бет келіп, бірігіп шешуге мүмкіндік тумақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *