Әлеумет Қоғам

Апаттық жағдайдағы үйден көшірілді

Еліміздің Тәуелсіздік алғанына отыз жылға жуықтап қалды. Осы аралықта қаншама құрылыс жүрді дегенімен, көп қабатты үйлердің басым бөлігі Кеңестік дәуірде тұрғызылған ескі үйлер екенін ешкім жоққа шығармайды. Тіпті, бертінде құрылысы жүргізілген үйлердің арасында да сапасы тым төмен үйлер көп кездеседі. Әр нәрсенің жарамдылық мерзімі болатыны секілді, олардың да бұзылып, орнына жаңадан үйлер салынатын уақыты таяғандар аз емес. Соның айғағы ретінде кешегі аптада редакцияға Бәйдібек ауданынан Жайырбек Уәлиев есімді азамат хабарласқанын айтуға болады. Ол кісінің сөзіне қарағанда ұлы тұрған үй апаттық жағдайда екен. Осы мәселеге байланысты ешкім хабар алмайтынын айтып, шағымданған соң біз өткен аптада Бәйдібек ауданына барып, апаттық үйдің жағдайымен таныстық. Сол үйде тұрған адамдарды әңгімеге тарттық.

Үйдің салынғанына көп бола қоймаған, – деді Жайырбек ағамыз. – Пайдалануға тоқсаныншы жылдардың басында берілсе керек. Балам екі бөлмелі пәтер сатып алған. Осыдан бірнеше жыл бұрын біреулер үйге жылу кіргізбек болып астын қазып, қайтып көмбей кеткен ғой. Ол жерді тұрғындардың өздері көмді. Қабырғаның жарылуына сол жағдай себеп болды деп ойлаймыз. Аудан мен облыстан келген комиссия үйді жарамсыз деп тауып, бірнеше ай бұрын сегіз отбасыны басқа жерге көшірді. Мәселе шешілгенше олардың жалдаған пәтерақы қаражатын төлейміз деген. Ол уәде де сөз жүзінде қалып отыр.

 Содан бері аудандық мәслихаттың бірнеше сессиясы өтті. Онда осы тұрғындарға қаржы қарау туралы мәселе қозғалмады. Сегіз отбасы қашанға дейін әркімнің үйін паналайды? Бізде қыс ерте түседі. Сондықтан үйдің құрылысын қазір бастамаса кейін кеш болады. Тілегіміз де, талабымыз да сол — үйдің қаражатын ертерек берсін.

 Мұндай жағдайды сол үйде тұрып, бүгінде баспанасынан еріксіз көшірілген басқа отбасы мүшелері де растады. Гүлжан есімді келіншек үйлерді бөлме санымен, жөнделген жағдайына қарап, 2,5 — 6 миллион теңгенің арасында қаржы бөлінетінін естігенін, бірақ ол қолдарына әлі тимей отырғанын айтты.

Тұрғындардың алаңдаушылығын ескеріп, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Марат Енжановқа хабарласып, аталған мәселе бойынша мәлімет беруді сұрадық.

Қаражатты ертерек алып, құрылысты бастағылары келген тұрғындардың талабын түсінемін. Бірақ біз де қарап отырғанымыз жоқ.

Бұл мәселе ауданның емес, облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне қойылды. Себебі оны қаржыландыруға аудан бюджетінің мүмкіндігі жоқ. Тұрғындардың жалдауға жұмсайтын пәтер ақысы бүгіннен бастап есеп шоттарына аударыла бастады. Алла бұйыртса пәтердің қаражаты да маусым айында қолдарына тиіп қалар. Әрі кеткенде шілдеде есеп шоттарына түсуі тиіс. Бүгін ғана осы мәселемен Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасында болдым. Бюджетке енгізіп қойдық деп отыр. Енді қаржының берілуінде кедергі болмауы керек. Тұрғындар уайымдамаса да болады.  Мұны естіген тұрғындардың үстінен ауыр жүк түскендей болды. Олар енді пәтерсіз далада қалмаймыз ба деген күдіктен арылғандай болды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *