Оқшау ой

Ішкеніміз – ірің, жегеніміз – желім…

Дені сау ұрпақты қалай қалыптастырамыз?

Соңғы жылдары елімізде салынып жатқан мемлекеттік емдеу мекемелері көп. Жеке меншіктерінің де санынан жаңыласың. Егер соның барлығы сапалы жұмыс істеп, ауру біткен түгелдей сырқатына шипа табар болса елімізде науқастар саны күрт азайып, тіпті дәрігерлер жұмыссыз қалуы керек секілді. Бірақ, шынайы жағдай олай емес. Шын мәнінде емхана көбейген сайын оған баратын ауру саны да арта түскен тәрізді. Қай дәрігерге барсаңыз да алдынан кезек арылмайды. Апта былай тұрсын, тіпті ай бұрын кезекке жазылуға тура келетін жайттар жоқ емес. Дертіне шипа іздегендердің арасында бүйрегіне құм жиналып, өтіне тас байланғандар өте көп. Ауруы жанына батқандықтан өтін, бір бүйрегін алдырып тастағандар қаншама?

Жуырда өзім де осындай сырқатпен емханадағы дәрігердің қабылдауында болдым. УЗИ-дің қорытындысына үңілген дәрігер: «Өтте тас бар, оны қазір алмаса болмайды. Кейін кеш болуы мүмкін. Бұның басқа емі жоқ. Алдыма келгендердің барлығы тас өтке қалай түскен деп сұрайды. Өтке тас түспейді, ол жиналады. Бүгінде екінің бірі осы сырқаттан зардап шегеді. Өйткені, біздің жейтін тамағамыз да, ішетін сусынымыз да, тіпті демалатын ауамыз да лас. Бәрі химикат. Қазір таза ештеңе жоқ. Оны барлығы біледі. Бірақ күресуге дәрменсіз. Мысалы, мен дәрігер ретінде бүйрегіме не себепті құм жиналатынын білемін. Бірақ, одан сақтана алмаймын. Себебі мен де сіздер ішкен тағамды пайдаланамын. Өкінішке орай, бізде басқа таңдау жасайтын мүмкіндік жоқ».

Расында қазір әлеуметтік желіні қарап отырып, нені ішіп, нені жеу керектігін білмей қалдық. Олардың барлығын тыңдап, айтқанын орындау үшін мүлдем аш жүру керек секілді. Сусын, сүт, ет өнімдері, азық-түлік дейсіз бе, тіпті бау-бақшадан терілген жеміс-жидектердің өзі де толған химикат. Әсіресе, қытай асып келген тауарларға қатысты бейнежазбаларды көргенде төбе шашың тік тұрады. Былайша айтқанда ішкеніміз – ірің, жегеніміз – желім. Оның барлығы шекарадан қалай өтіп кетіп жатыр? Бармақ басты, көз қыстының салдары емес пе? Керек болса, осы астың салдарынан тапқан ауыруыңды айықтыруға деп алатын дәрі-дәрмектің де сапасы күмән тудырады.

Осы жайттың барлығын үкімет басындағылар білмей отыр дегенге сенгің келмейді. Мәселен, шекарадан сапасыз тауарлардың өткені анықталған болса, оған жол бергендерді қатаң жазалау керек. Ал сапасыз тауарлар отандық өнім болса, құзырлы органдар оны өндіргендерді жауапқа тартып, мемлекет берген жеңілдіктерді кері қайтарып алсын. Содан соң өзін халыққа геноцит жасаушы ретінде ең ауыр жаза қолдану керек. Бұл өзгелерге де сабақ болуы тиіс. Бір кездері Сталин мыңдаған жазықсыз адамды атты деп кінәлаймыз. Ал қазір миллиондаған жазықсыз адамдарды алдап, ағзасын улап отырғандар жазаға тартылудың орнына байып жатыр. Сонда әділдік қайда қалады? Жағдай бұлай жалғаса берсе, көп ұзамай арамызда дені сау, салауатты ұрпақтың қалуы күмән тудырады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *