Құқық

Ауыр қылмыс қайта асқынып барады

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы мен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел басына қиындық туындаған кезең болатын. Құқық қорғау органдары әлсіздік танытып, соның салдарынан қылмыстық топтар жаппай бой көтергені белгілі. Көшеде ұрып-соғу, тонау былай тұрсын, талай адам өз үйінде оққа ұшып, қаза болды. Сол жылдары көп қылмыстар ашылмай да қалып жатты. Қаскөйдің қолынан қапыда қаза болған есімі елге белгілі болған Мардан Сапарбаевтың да өлімінің себебі ашылмай, жұмбақ күйі қалды. Мұндай мысалдар жеткілікті.

Ел етек-жеңін жиып, құқық қорғау органдарының қолында күш пайда болғанда қылмыстық топтар да біртіндеп торға түсе бастады. Қылмыс әлемінің небір серкелері түрмеге тоғытылды. Бас сауғалап, бой тасалағандары да жоқ емес. Бейбіт, қауіпсіз өмірді қалағандар үшін мамыражай заман орнағандай болды.

Өкінішке қарай, тұрғындардың бұл қуанышы көпке созылмаған секілді. Неге десеңіз, соңғы кездері мұндай ауыр қылмыс жер-жерлерде қайтадан бас көтере бастады. Қатардағы қарапайым адам былай тұрсын, аудан басшысы мен олардың орынбасарларына да шабуыл жасалғанын басынбағандық демегенде не дейміз? Ақшалы кәсіпкерлерді отбасымен қырып кету үрдісі қайта басталғандай. Соңғы екі-үш жылдың өзінде осындай оқыс оқиғалардың бірнешеуі орын алды. Шардарада кәсіпкер аудан әкімінің басынан бөтелкемен ұрады. Ал Төлебиде тапа-тал түсте аудан әкімінің орынбасары өз үйінің алдында, көліктен түсіп жатқанда оққа ұшады. Түлкібаста мәслихат хатшысы кабинетінде соққыға жығылады. Шардарада төбелескен жігіттердің бірі екіншісін қоян секілді атып тастай салады. Жуырда ғана Шымкентте ешкімнен сескенбеген жас жігіт лифтіде кәсіпкер әйелді пышақтап өлтіріп, алтын мен ақша салған қол сөмкесін алып кетеді. Айта берсек, мұндай мысалдар аз емес.

Кешегі аптада Шардара ауданының Қызылқұм ауылынан хабарласқан Қанат Сейданов есімді азамат былай деді: «Әлдекімдер жиенімнің үйінің қақпасын көлікпен бұзып кіріп, сол жерде қырғын төбелес болған. Ажыратқанға қарамай біреуі жиенімнің басынан 17 рет пышақ ұрған. Бағына қарай пышақ жанды жерге тимей, жанап өте берсе керек, аман қалды. Бүгінде ол орталық ауруханада жатыр. Ал күдікті сол сәтте қашып кетіпті».

 Осы мәліметтен құлағдар бола салысымен біз Қызылқұм ауылдық округінің учаскелік инспекторы Нұржан Әзімхановқа хабарласып, аталған қылмыс жөнінде айтып беруін сұрадық. «Қылмыстың орын алғаны рас, – деді инспектор. – Бірақ күдікті қашып жүрген жоқ. Рас, сол күні оқиға болған орыннан кетіп қалған екен. Шақырту бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында күдіктіні тұтқындап, бөлімге апардым. Қазір ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ешқайда кетпеу туралы қол хатпен бостандықта жүр. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, жасаған қылмысына сай жазасын алады».

         «Тұрмыс түзелмей, қылмыс азаймайды» деген қалыптасқан қағиданың қоғамда жиі қолданылатынын білеміз. Бірақ, қазір бұрынғыдай елдің әлеуметтік ахуалы өте төмен емес қой. Солай болса да ауыр қылмыс қайта үдеп барады. Сонда бұл адамдардың тым азғындауынан ба, әлде құқық қорғау органдарынан тағы да қауқар кетті ме? Қауқар кетті дейін десең, олар көшеде пісте шағып, байқамай түкіріп кеткендерді де дереу қолға түсіре қояды ғой. Осындай жедел қимылдайтын полицейлер ауыр қылмыстың да алдын алып, оны жасағандарды неге ауыр жазаға тартпайды? Осындайда бір сауал туындайды: бүгінде қылмыскерлер мықты ма, әлде полицейлер ме? Қарапайым халық сонда қайсысынан қорғанып, қайсысынан пана іздеуі керек? Мұның ара-жігін ажырату да қиын болып қалды. Әйтеуір, айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылатын заман болды ғой. Осының барлығы «айран ішкендерден» келіп жатқан жоқ па деген ой да мазаламай қоймайды.   ?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *