Мәселе

Түлектер серуен құрып, көше кезбейтін болады

Білім саласындағы басшылар бұған уәде беріп отыр

Жыл сайын мектеп түлектерінің алтын ұясымен қоштасатын сәті жақындағанда оқушылар да, ұстаздар да, ата-аналар да беймаза күйге түсетіні белгілі. Дербес өмірге қадам басқалы тұрған түлектердің бұл күнгі көңіл толқуын, жүрек тебіренісін сөзбен жеткізу қиын. Мәпелеп өсіріп, қанатын қатайтқан ұл-қыздарының ер жетіп, есейгеніне куә болатын ата-аналар толғанысы да өз алдына бөлек әңгіме.

 Ата-ана деп ерекшелеп айтуымыздың себебі жоқ емес. Өйткені, мектеп бітіретін ұл-қызы бар ата-аналардың әжептәуір шығынға батуға мәжбүр болатыны жазылмаған заңдылық секілді. Мектеп бітіргелі отырған түлектер алтын ұясымен қоштасу кешін ұйымдастыру үшін қымбат мейрамханаларды жалдап, қымбат көйлектерге тапсырыс беретіні соңғы жылдары үрдіске айналып кетті. Бұл кейбір ата-аналардың қалтасына айтарлықтай салмақ салмағанымен, көпшілігінің тұрмыстық жағдайына ауыр соғатыны айтпаса да түсінікті. Соңғы қоңырау мерекесін де дабыра етіп өткізу, қымбат көліктер жалдап, сонымен көшеде серуендеу сәнге айналған. Ол үшін де аз қаражат кетпейді. Перзентін қатар-құрбысынан кем еткісі келмеген кейбір ата-аналар үшін бұл әжептәуір уайым. Осы мақсатта несие алып, қарызға белшеден батып, түрлі келеңсіздіктерді бастан өткергендер аз емес. Ал желіккен түлектердің шектен шыққан шеруінің соңы қайғылы жағдайларға ұласып, олардың дербес өмірге емес, бақилыққа жолдама алып жатуы жиі қайталанады.

Білім, тәртіп сақтау саласына қатысты түрлі деңгейдегі басшылардан соңғы қоңырау күні түлектердің көлік шеруін, табиғат аясына саяхатын, аста-төк дастархан жайған іс-шараларды тоқтату мақсатында жыл сайын тапсырмалар болғанымен, ол орындалмайды. Әр жылы 25-мамыр күні кеуделерін көліктің терезесінен шығарып алып, көшені тұтастай жауып, айқайлап-шулап жүрген оқушылар шеруін көресің. Сондай кезде «жоғарыдан түскен тапсырма қайда қалды?» деген сұрақтың туындайтыны рас. Сонда ол тапсырманы түлектер құлақтарына ілмейді ме, әлде оларды тоқтатуға тәртіп сақшылары мен мектеп ұжымы, ата-аналардың әлі келмейді ме?

Осы олқы мәселеге қатысты жуырда Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова «бұрынғы кездері мейрамханада тойлап, көшеде көлік шеруін ұйымдастырмаса да мектеп бітіріп, аттестат алу рәсімдерінің қандай керемет көңіл-күйде өтетінін» айтқан болатын. Артынша Түркістан облыстық білім басқармасы тарапынан аудандағы бөлім басшыларына төтенше жағдайлардың, қайғылы оқиғалардың алдын алуды, дабыра әрекет, даңғаза тірлікке тоқтам болуды тапсырған хат жөнелтілгенге ұқсайды. Ендеше, оның орындалуы биыл қандай болмақ? Осы жайтты білу үшін біз бірқатар аудандардың білім бөлімі басшылары мен мектеп директорларына хабарласып көрдік.

 Жанна МҰСАТАЕВА, Отырар аудандық білім бөлімінің басшысы: – Білім сапасындағы былтырғы жетістікті қайталау үшін қызу дайындық жүріп жатыр. Ата-аналар да бақылап отыр. Әзірге көрсеткіш бойынша облыста екінші орында тұрмыз.  

 Министр көтерген мәселе назарымызда. Түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Директорларға тапсырмалар берілді. Тиісті роликтер жасап, директорлардың чатына салдық. Ата-аналармен жұмыс жасалуда.

Отырарлықтардың тұрмыстық ахуалын Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент секілді мегаполис тұрғындарымен салыстыра алмаймыз. Былайша айтқанда, біздегі оқушылар көп қаражат шығарып, ас та төк банкет жасап, қымбат коттедж жалдайтын жағдайға ие емес.

 12-маусым күні мектепте аттестат тапсырғанда шағын дастархан дайындап, естелік суреттерге түседі. Оған ата-аналар мен мұғалімдер қатысады. Ал көшеде түлектердің серуен құруына жол бермес үшін полиция бөлімімен біріккен рейдтер ұйымдастырылмақ.

Ақбала ҚҰЛЫМБЕТ, Бәйдібек аудандық білім бөлімінің басшысы: – Мектептерде даладай етіп дастархан жайылмасын деген тапсырма берілді. 12-маусымда аттестат тапсыру әр мектептің өзінде өтеді. Соңғы қоңыраудан кейінгі түлектердің көлік серуенінің алдын алу үшін жергілікті полиция бөліміне қызметтік хат жолдадық. Ата-аналарға да бұл жайында ескертілді. Олардан «баламды ешқайда жібермеймін, бар жауапкершілікті өз мойныма аламын» деген қолхат алып жатырмыз.

 Өткен жылы ауданымыз ҰБТ қорытындысы бойынша облыста үшінші орын алған. Биыл ауданымызда 592 түлек мектеп бітірсе, оның 479-ы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіріп отыр.

Тұрсын МЫРЗАЛИЕВ, Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы: – Келеңсіздіктің алдын алу бойынша барлық мектеп басшыларына ескертілді. 15-мамырда республикалық деңгейде ата-аналар жиналысы өтеді. Сол жерде тағы түсіндіріледі. Әр оқушыға мектептен мұғалімдер бекітіліп жатыр. Табиғат аясына шығуға қатаң тыйым салып отырмыз.

Қауіпсіздікті 25-мамырда ғана емес, балалардың жазғы демалысында да күшейтуіміз керек. Аттестатты артық шығынға жол бермей, мектеп қабырғасында салтанатты түрде тапсыру көзделуде. Олар білім ұясымен, ұстаздарымен қоштасатындықтан, мектепте ата-аналарының қатысуымен шағын дастархан ұйымдастыруға рұқсат.

Кейбір ата-аналар ұл-қыздары аттестат алған соң «баламыздың мектеп бітіргені үшін» деп арнайы кеш ұйымдастырып жатады. Ондай кезде оқушының мектептен ресми босатылуына байланысты оларға бақылау жасай алмаймыз.

25-мамыр мен 12-маусымда полиция күшейтілген кестеде жұмыс істейді. Тіпті көшеде түлектерге арналған көк лентамен жүргендер жайында да полицияға хабарланып отырады. Мерекелік іс-шарадан кейін оқушылар үйлеріне оралып, ата-анасының қасында болуы тиіс.

 Мадияр БАБАШЕВ, Мақтаарал ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы: – Бұл мәселеде басқармадан хаттар келіп, біз бұйрық шығардық. Көшелерде кезекшілік ұйымдастырылады. Соңғы қоңыраудан кейін балаларға тест ұйымдастырмақпыз. Олар бос жүрмеуі керек. Ал корпоративті кештер мектеп қабырғасында өтеді.

Ақшагүл БЕРДАЛИЕВА, Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы: – Министрдің мәлімдемесі шыққан күні директорлардың басын қосып, мәселе хабардар етілді. Одан кейін облыстан хат келуіне байланысты мектептерге қосымша тапсырмалар берілді.

Соңғы қоңыраудан кейін оқушылар сыныпқа кіріп, оқулықтарын тапсырады, басқа да шаруалармен айналысады. Ал аттестат тапсырылған күні директорлардың ұсынысымен мектеп қабырғаларында концерттік бағдарламалар қойылады. Банкет, көшеде серуендеу секілді іс-әрекеттер болмайды.

Мұқағали ОМАРОВ, Келес аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары: –Оқушылардың жаппай серуеніне, мейрамханаларда ас та төк дастархан жасап, той тойлауына жол берілмейді. Оның өзі оқушылар арасында сәнді киімге деген бәсекелестікті төмендетеді. Рас, қазір халықтың тұрмыстың деңгейі әркелкі. Біреулері қымбат киім әперуден қиналмаса, енді біреулерге күнделікті нанын тауып жеудің өзі қиынға соғып отыр. Сондықтан корпоративті өткізбеудің осы мәселеде маңыздылығы ерекше.

 Әділ ӘУЕЛБЕКОВ, Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы: – Бұл мәселе аудандық мұғалімдер кеңесінде екі рет айтылды. Іс-шара жасалып жатыр. Полиция прокуратурамен бірге жұмыс істеуде. Түлектердің көшеге көлікпен де, жаяулап та серуен жасауына тыйым салып отырмыз. Сол күндері полициямен бірге рейдтер жүргізіледі. Аттестат мектептерде беріледі.

Жомарт САБЫРОВ, Сарыағаш қаласындағы Гагарин атындағы мектептің директоры: – Бұл мәселе бойынша министр ешқандай да бұйрық берген жоқ. Бір сұхбатында бұрын мектеппен қоштасу рәсімінің қалай өтетінін айтты. Ол әлеуметтік желіде сәл өзгеріске ұшырап тарап кетті-ау шамасы.

Шынын айтқанда, қанша жерден тыйым салғанымызбен олардың арасынан әйтеуір біреуі шығады. Рұқсат бермейтін болсаң, бөлініп, мейрамханаларды жағалайды, басқалармен араласады. Әрбірінің соңынан жүре алмайсың ғой. Бос уақытын тиімді өткізу әрбір Қазақстан азаматының құқы. Оған тоқтам салу мүмкін емес. Негізі, жыл сайын ата-аналардың өздері бір үйді алдын ала дайындайды. Бар жауапкершілікті өздеріне алады. Ол жерде арақ-шарап атымен болмайды. Балалар ата-анасымен, ұстаздарымен бірге қуаныштарын атап өтеді. Халқымызда «ит пен бала қорыған жеріне өш» деген сөз бар емес пе? Сол себепті оқушылардың сауық-сайранына тыйым салғаннан көрі, саналы және сапалы түрде түсінік жұмыстарын жүргізген дұрыс. Аттестатты арнайы іс-шарамен мектепте тапсырамыз. Концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

 Роза АМАНОВА, Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы: – Барлық білім ошақтарына хат жолданып, ескертілген. Табиғатқа серуен, мейрамханада тойлау, лимузин жалдау дегендерге тыйым салынған. «Күндіз бір киім, кешке бір киім» деген болмайды. Барлық іс-шараға оқушылар ақ жейде мен қара юбка, қара шалбар киіп шығады. Соңғы қоңыраудан кейін оқушылар үйлеріне қайтады. Біздің аудан таулы аймақ. Сондықтан полициямен бірге онда рейдтер жасалады. Тауда жүрген оқушылар болса дереу үйлеріне қайтарылады. Ал қаладан немесе өзге аудандардан келген оқушыларға ешқандай шара қолдана алмаймыз.

Жалпы, түлектер аттестаттарын, сертификаттарын алып кеткенше, яғни мектеппен біржолата қоштасқанша ешқайсысы да артық әрекеттерге бармауы тиіс. Әрдайым біздің бақылауымызда болады. Ал одан кейінгі жауапкершілік ата-аналарының мойнында.

 Асан ҮЙСІНБАЕВ, Қазығұрт аудандық білім бөлімінің басшысы: – Бұл мәселе бақылауда. Бүгінде барлық директорларға ескертілді. Жеңіл көлік жалдап, көшеде серуендеуге, дәмханаларда отырыс жасауға тыйым салынады.

Білім бөлімінің бар маманы сол күні рейдтік іс-шараға қатысып, оқушылардың көшеде жүрмеуін, тауға шықпауын қадағалайды. Жасыратыны жоқ, өткен жылы балалардың қауіпсіздігі үшін өзіміз де тыным таппадық. Ауданда полиция бөлімінің басшысы мен прокурордың өзі оқушылардың тәртіпсіздікке бармауын бақылап отырды. Барлығы қауіпсіздік үшін ғой.

Қайрат АРЫҚОВ, Шымкент қаласындағы №94 мектептің директоры: – Күні кеше қалалық ішкі істер департаментінің басшылары мектеп директорларымен өткізген жиында ескерту жасады. 25 мамыр күні әр мектепке он полиция қызметкерін бөлетін болыпты. Олар күні бойы қауіпсіздікті бақылайды. Ешқандай серуен болмайтынын, көшеге оқушыларды алып шыққан көліктерді тоқтататынын айтты. Мейрамханаларға барып, коттедждерде тойлауға қатаң тыйым салынып отыр.

Соңғы қоңыраудан кейін оқушылар сыныпқа жиналады. Егер ата-анасының біреуі алып кеткісі келсе, арнайы тіл хат береді. Ал өздігінше көшеде жүргендер кездессе шара көріледі. 12-маусым күні түлектерге аттестат тапсырылған соң, мектепте арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Шағын фуршет дайындалады. Барлығы ата-аналардың, полиция қызметкерлерінің қатысуымен өтеді. Бізде бірыңғай форма сақталады. Оқушылар ақ жейде мен қара юбка, қара шалбармен жүреді. Сол себепті қымбат сәнді көйлек алудың қажеті жоқ…

Әрине, жыл сайын соңғы қоңырау соғылған күні оқушылар жаппай серуенге шығып, көше-көшеде топ-топ болып қыдырып жүреді. Оны тоқтатамыз деген басшылардың әрекеті әзірге нәтиже бере қойған жоқ. Дегенмен, биыл бұл үрдісті ауыздықтауға айрықша күш салынып отырғанын басшы азаматтардың осы айтқандарынан байқауға болады. Олардың сөздеріне сенсек, биыл соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру кезінде оқушылар бұрынғыдай ойына келгенін істей алмайтын секілді. Бұған дейін осы серуеннің салдарынан талай оқушының мезгілсіз қазаға ұшырағанын ескерсек, мұндай қатаң тыйымның болғаны өте орынды. Ал айтылып отырған тыйымдардың қаншалықты орындалатынын анықтау уақыттың еншісіндегі дүние.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *