Мәселе

Тест кітапшалары тегін бе, сатылады ма?

Келестен жолданған арыз Сенатқа жетті

Жуырда Келес ауданындағы Қошқар ата ауылының тұрғыны Қалибек Мұсабаевтан редакцияға хат келген болатын. Парламент Сенатының төрағасы Д.Назарбаева мен Келес ауданының прокуроры Б.Сейфоллаға жазылған арыздың бізге берген көшірме нұсқасында арыз авторы Зиябек Рүстемов атындағы мектеп басшылары тест сынақтарының кітабы үшін деп оқушылардан ақша жинайтынын айтады.

 «Менің арыздарыма байланысты Парламент Сенаты аппаратының басшысынан, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінен, аудан прокуроры мен білім бөлімінен хаттар келді. Сенат аппаратының басшысы арызыма байланысты жауап беруді Білім және ғылым министрлігіне, Түркістан облысының әкімдігіне жүктеген. Олардың әлі арызға жауап беретін мерзімі бар. Қандай жауап келетінін көреміз. Мектеп басшылығы тест кітаптарына ақша жинағаны аздай енді мереке қарсаңындағы шарға деп 100 теңге сұратыпты. Оны да беріп жібердім. Жуырда қызым «краскіге» деп тағы 1000 теңге сұрап келді. Өзім сөйлесемін дегеннен кейін бұл әңгіме қайта қозғалмады. Келеді деп күтіп жүр ме, әлде бермей-ақ қойсын деді ме, әйтеуір мазаламады», — дейді арыз иесі бізбен болған әңгімесінде.

 Жуырда Келес ауданына барғанымызда арызда аты аталған мектепке арнайы ат басын бұрып, жазылған арызға қатысты білім ордасы басшыларының пікірін білгіміз келді. Директор Гүлжан Парманова іссапармен Сарыағаш ауданында жүрмін дегесін директордың орынбасары Асан Жұмағұловқа жолықтық.

– Біз дайындықты күшейту үшін және ата-аналардың өтініші бойынша 4,9,11 сыныптардан тест алып тұрамыз. Айына бір рет тест сынағын тапсыру жөнінде аудандық білім бөлімінен де тапсырма бар. Тест сұрақтары енгізілген кітапшаны шығарумен жеке кәсіпкер айналысады. Біз Шымкенттегі жеке бір фирмамен келісім-шартқа отырғанбыз. Сол себепті бізге оны ешкім де тегін бермейді.

 Қалибек ағамыздың қызы оныншы сыныпта оқиды. Ол тест тапсыруға міндетті емес. Оның өзі дайындық үшін деп он бірінші сынып оқушыларымен қосылып тапсырып жүр. Оған кітапшаны ал деп міндеттемейміз, — дейді А.Жұмағұлов.

 Біз мектеп басшылығымен тілдесіп жүргенде арыз иесі Қ.Мұсабаев та мектепке келді. Ол орынбасардың сөзімен келіскісі келмей: «300 теңгеден айына төрт рет жинайды. Менің сегіз балам бар. Оның төртеуі мектепте оқиды. Барлығына ақшаны қайдан табамын? Өзім үшінші топтағы мүгедекпін. «Тым құрыса, алған ақшаңа түбіртек бер» десем, директор «бұл білім бөлімінің тапсырмасы» деп мәселенің мән-жайын түсіндіргісі келмейді. Сонда біз ақшаны кімге, не үшін береміз? Оны жинау қаншалықты заңды? Менің білгім келетіні осы», – деген уәжін айтты.  Расында тест сынақтары үшін мектеп оқушыларына кітапша тегін таратыла ма, жоқ сатыла ма? Егер сатылса, оны алуға жағдайы келмейтін көп балалы отбасылардың балаларына неге жеңілдік жасалмайды? Бұл сұрақтың жауабын облыстық білім басқармасынан күтеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *