Uncategorized

Босаға аттағандағы әрекетін

өз келіні айна қатесіз қайталады

«Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген сөз босқа айтылмайды. Бүгінде оның өмір шындығы екенін дәлелдейтін оқиғалар аз емес. Тек адам сондай тағдырдың өз басына түспейінше ештеңенің байыбына бармайтыны өкінішті. Солай болса да мен бүгін өзгелерге сабақ болу үшін өзім куә болған жайсыз жәйтті оқырман назарына ұсынғым келді.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдар болатын. Кіші інім үйленді. Ол кезде жастар кеші «комсомол тойы» деп аталып, далада өтетін. Ертесіне қонақ шақырылып, палау таратылатын. Той болатын күні таңертең ерте тұрып, қонақ күтудің қамымен жүрсек, жаңа түскен келіннің анасы, яғни су жаңа құдағи қызының қолынан сүйреп, өзімен бірге алып кетіп барады. Алғаш абдырап, түкке түсінбей қалған мен дереу ес жиып, кеткелі тұрған көліктің алдына тұрып алдым. Ешқайда да кетпейтіндерін ескерттім. Осы кезде бірталай адам жиналып қалды. «Бақсақ, бақа екен» демекші, құдағидың қызын сүйрелей жөнелуінің сыры болмашы нәрсеге байланысты болып шықты.

Мәселенің мән-жайы мынадай: құдағиларға сол жылдары сәнге айналған түлкі жаға пальтоның үшеуін кигізудің орнына екеу кигізіпті.  Бұған ашуланған құдағи таң азанымен ай-шайға қаратпастан қызын алып кетуді ойлаған. Ашудың дұшпан екенін, киітке бола екі жастың тағдырын талқандауға болмайтынын, ертең жекжат болғанда ұят боларын айтып әлек болдық. Бірақ, құдағи бұған құлақ аспады. Алған бетінен қайтпай, ақыры өз дегеніне жетіп, қызын сүйрегендей етіп алып кетті. Той жайына қалды. Құтты болсын айтып келген қонақтар қуанышқа емес, қаралы үйге келгендей бастары салбырап кері қайтты. Масқара жағдайға тап болған әулеттің үлкендері ақылдаса келе құдалардың ауылына барып, жағдайды түсіндіріп, келінді қайтып әкелуді ұйғарды. Солай болды да. Бүгінде сол келініміздің өзі немере сүйіп отыр.

Бұл оқиғаға байланысты келінді кінәлағым жоқ. Тек сол кезде адуынды құдағидың соңынан қарсылықсыз еріп кете бермей, «Өз қалауыммен келдім, осында қаламын, екі ортадағы пальтоның біздерге қатысы қанша?» деп айтпады екен деп ойлаймызда бүгіндері.

Содан бері отыз жылдай уақыт өтті. Өткен жылы сол келінімнің екінші ұлы үйленгенде баяғы жағдай айна қатесіз қайталанды. Бұл жолғы даудың шығуына қымбат пальто емес, екі құдағидың өзара келіспеуі себеп болған.

Жастар әжептеуір тату секілді еді. Келін кетіп қалды дегенді естіп қайран қалдық. Содан пайдамыз тисе жарастырып көрейік деп құда-құдағидың алдынан өттік. Келінде тұрған ештеңе жоқ секілді. Анасы жіберсе қайтып келгісі бар. Ал анасы құдағиына, яғни біздің келінге өкпелі. «Менің қызым құлдыққа барған жоқ, боларға да, болмасқа да жұмсай береді екен. Отырса опақ, тұрса сопақ. Кінәсі болса ашып айтсын. Өзі де қыз өсіріп отыр. Келін түсіру деген біреудің мәпелеп өсірген қызын құлдыққа алу емес шығар. Түпкілікті ажырастырайын деп отырғаным жоқ. Құдағи келсе мәселенің басын ашып алғым келеді», – дейді құдағиымыз. Ал біздің келін олардың алдына аласарып барғысы жоқ. «Келін алдым, қолым ұзарды. Келін жұмсаймын деп қуандым. Мен баламды оның бетіне қарап отыру үшін үйлендірген жоқпын. Келін де қызық екен. Анасы келіп «тұр кеттік» деп еді орнынан тұрды да жүре берді. Өмір анасынікі емес қой. Бақыт үшін күресу керектігін де білмейді ме? Қызын бермесе, үйіне сақтап отырсын. Мен балама басқа қыз алып беремін», – деп бет бақтырмайды. Ашу – дұшпанға ерік бермей, жөнге шақырудың орнына ініміз де өз кезегінде «Еркек деген өжет болу керек. Қыздың шешесі келіп, алып кетем дегенде қарап отырсың. Тұрып қарсылығыңды білдірмейсің бе. Не кінәм бар деп айқайламайсың ба?», — деп ақыл айтқансиды.

 Дәл осындай жағдай осыдан отыз жыл бұрын өздерінің басынан да өтті емес пе? Енді соның барлығын ұмытып, түк болмағандай ұлы мен құдағиының қылығына көңілдері толмай, өздерінікін жөн санап, ақыл айтып отыр. Мен оның барлығын білсем де келін мен ініме ештеңе айта алмадым. Бірақ іштегісін іркіп қала алмайтын адуынды әйелдер жоқ емес қой. Үйде адамдар жиылғанда, бір жеңгеміз: «Сендер ештеңе білмейтіндей, ештеңе бүлдірмегендей сөйлемеңдер. Қазақта «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген аталы сөз бар. Сен өзің келін боп түскендегі жайтты ұмыттың ба? Сол кезде өзің де шешеңе бір ауыз сөз айтпастан, тойды тастап кеткен жоқ па едің? Енді түк болмағандай өз келініңді кінәлап отырсың. Сол кезде қаншама адам қапа болды. «Осы істегендерің бастарыңа келсін» деп қарғамағандар болмады дейсің бе?

Бір ағайынымыз ініме «өзің енең мен мына отырған келіншегіңнің алдынан шығып, қайда барасыңдар, тойға жиылған ағайын-туысқа не айтамыз» деп айттың ба? Бүгін келіп екеуің де данышпан бола қалыпсыңдар. «Келін ененің топырағынан жаралған» деген сөз бар. Сендер қандай болсаңдар балдарың мен келіндерің де сондай болмақ. Шынымен олардың бақытты болғанын қаласаң, кеудемсінгеніңді қойып, құдағидың алдына бар да ымыраға келіңдер», – деп айтып тастады.Бұл сөздердің келін мен ініме қаншалықты ой салғанын білмеймін, бірақ мен өзім қалың ой құшағында қалдым. Расында қазақтың әрбір аталы сөзі шынайы өмірден алынған, тұнып тұрған философия ғой. Оған мән бермеуге болмайды. Осы ғұмырымда аталы сөздерді ғұмыр бойына бағдар етіп алғандардың адаспайтынына көзім жетті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *