Оқшау ой

Жарамазанның қадірін қашырып…

Қасиетті Рамазан айы да бел ортасынан ауды. Бұл айдың бір сәні жарамазан екенінде талас жоқ. Бала кезімізде үйге жарамазан айтып келген үлкенге де, кішіге де ерекше ілтипат көрсетілетін. Қазіргі балалар оның әбден қадірін қашырып алған сияқты. Көшеде де, кафе-дәмханаларда да, бағдаршам жанында да жарамазан айтқан балалар. Олар жарамазаншылар емес, қайыршылардай көрінетін халге жетті.

 Шымкент қаласы Қапал батыр көшесінің бойындағы «Фиркан» сауа орталығының тұсындағы бағдаршамда бұрыннан қолы шолақ бір жігіт қайыр-садақа сұрап жүретін. Қазір оған жас шамасы 8-10-дардағы бірнеше бала қосылыпты. Әрине олар қайыр сұрамайды. Бірақ бағдаршамға тоқтаған көлікке жүгіріп келеді де ай-шайға қарамастан «Айтайын жарамазанға» басады. Қолына тиын-тебен ұстатсаң, бата бермек болып қолын жаяды да «Бата-бата батасы…» дегеннен әрі аспай, асығыс басқа көлікке қарай жүгіре жөнеледі. Сонда бұлар жарамазан айтып жүр ме, қайыр сұрап па? Әй, сол балалар жарамазанның не үшін айтылатынын да білмесе керек-ті.

Шыны керек, бірінші кезекте сол балалардың болашағы мен қауіпсіздігіне алаңдайсың. Соңғы кездері бала аңдыған педофильдердің, басқа да бұзақылардың аса ауыр қылмыстық әрекеттері көбейіп кетті. Тапа-тал түсте көп қабатты үйлердің кіре берісінде, лифтілерді адам тонап, өлтіріп кетіп жүргендерге түн қараңғысындағы қорғаушысыз, қамқорсыз балаларды жемтікке айналдыру қиындық тудырады дейсіз бе? Жоқ. Олай болса ата-аналар балаларының қайда, немен айналысып жүргенін ұдайы бақылауда ұстағандары дұрыс.

Перзентінің болашағына, қауіпсіздігіне алаңдап, оның жақсы азамат болуынан ниетті әрбір ата-ана баласының бүгінгі тәртібіне көңіл бөлмесе болмайды. Оның қайда жүріп-тұрғанына, кімдермен бірге жүретініне бүгін қызығушылық танытпасақ, ертең кеш болады. Осыны ұмытпайықшы. x

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *