Әлеумет Біле жүріңіз

Әлем мойындаған қазақ математигі

Жуырда Ордабасы ауданының Төрткүл ауылындағы мәдениет үйінде математика ғылымында әлемге танылған Уалбай Үтмаханбетұлы Өмірбаевпен кездесу өтті. У.Өмірбаев 1977-1982 жылдары Новосібір мемлекеттік университетін бітіріп, үш жыл аспирантурасында білім алған. Уалбай Үтмаханбетұлы еңбек жолын 1986-1989 жылдар аралығында Әл-Фараби атындығы Қазақ ҰУ-дың жоғарғы алгебра кафедрасының ассистенті болып бастады. Түрлі қызметтер атқарған ғалым 2007 жылдан бері АҚШ-тың Детройд қаласындағы Уейн мемлекеттік университетінде дәріс оқып жүр.

Жапонның атақты ғалымы М.Нагата 1972 жылы өзі құрастырған есебін ұсынған болатын. Бұл есептің шешімін әлем математиктері 30 жыл бойы ізденгенімен нәтиже шықпады. Осы есептің шешімін У.Өмірбаев 1999 жылы тапқандай болды. Бірақ табылған шешімнің кемшілігі де шықты. Ол ізденудің арқасында жіберген қателігін екі жылдың ішінде түзете білді. Осы саладағы зерттеулерін жүргізе отырып, 2004 жылы ағылшын математигі П.Конның есебін шешіп, 36 ғылыми еңбек жазды. У.Өмірбаев Гонконгте өткен ғылыми форумда өзі тапқан шешімнің дұрыстығын бірнеше сағат бойы тапжылмай дәлелдеп шықты.     

2007 жылы Нагата және Кон есептерінің шешімдері туралы еңбектері үшін Уалбай Өмірбаев Америка Математика қоғамының үш жылда бір рет берілетін жоғары дәрежелі «Мур» сыйлығымен марапатталды. У.Өмірбаев өзінің ашқан жаңалығымен дүние жүзін шарлады. 2009 жылы Президент Жарлығымен ғылым мен техника саласындағы ерекше жетістікке жеткен профессор Уалбай Өмірбаев Мемлекетік сыйлықтың лауреаты атанды. Ол математика саласы бойынша мемлекеттік сыйлық алған ең жас маман. Уалбай Өмірбаев Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.

Міне, осындай дара тұлғамен кездесуге Түркістан облысы көлеміндегі аудандық білім бөлімдерінің математика пәні әдіскерлері,  математика пәнінің мұғалімдері, Төрткүл орта мектебінің 11-сынып бітіруші түлектері және осы ауылдың тұрғындары мен ағайын-туыстары қатысты. Кездесу өте әсерлі де, қызықты болды. Мектеп бітіруші түлектер туған жеріне келген Уалбай ағаларына өздерін қызықтырған түрлі сұрақтарын қойып, оған қанағаттанарлық жауаптар алды. Кейбір қиыншылықтары мен қызықты шақтарын еш бүкпесіз баяндап, жетістікке жетуінің жалғыз жолы – талмас еңбек екенін айтып өтті. Кездесу соңында туған жерге тағзым етіп келген Уалбай Өмірбаевтай дарынды ұлына жерлестері ат мінгізіп, шапан жапты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *