Өмірдің өзі

Сыпайылық

Немесе Жәкет ата кім болған?

Шежіре-деректерді, көнекөз қариялардан естігендерімді кейінгі ұрпаққа жеткізбек ниетпен дәптеріме жазып қоятыным бар. Сол әдетпен іске беріліп кетсем керек, «Көкем бар ма?» — деген дауыспен бірге амандық сұрасқан басқа да адамдардың дабыры ойымды бөліп жіберді. Үстел үстіндегі қағаздарымды жинастырғанымша «Ассалаумағалейкүм!» деп құрдасым Орынтай, інілерім Шадымат, Құрмансейіт палуан, Дүйсенбек, ішкі істер бөлімінде істейтін Тағабай үйге кірді.

– Есік алдына машина келгенін де байқамайсыз ғой, соншама қызығына түсетіндей ол қандай қағаз алдыңыздағы? – деді Шадымат жайғасып жатып. Менің жауабымды естігенде Орынтай тіпті қуанып кетті:  

– Сендегі шаруамыз да осы аулымыздың тарихына байланысты болып тұр. Білсең айтшы, Жәкет атамыз кім болған? Ол туралы не білесің? — деді ынтығып. Қарасам, бәрінің жүзінде осы сұрақ. Сауалдың тегін қойылмағанын сезсем де, аңғармаған сыңаймен сыр тарттым:

– Тыныштық па, өмірден әлдеқашан өткен адамды неге қозғадыңдар?        

– Е, көке-ай, — деген Құрмансейіт жай-жапсарды түсіндіре бастады. – Темірландағы стадионда күрестен республикалық жарыс өтіп, соны тамашалауға барғанбыз. Таныс жігіттермен әңгіме-дүкен құрып тұрғанымызда әлгілердің біреуі, атын айтпай-ақ қояйын, оны сіз танисыз, сөзден сөз шығарып: «Ой, Жәкетпісің деген-ай!» — деп, бізді мысқылдамасы бар ма. Соған қанымыз қайнап, біраз жерге барып қалсақ керек. Жәкеттің кім екенін ол да, біз де жете білмейміз. Бірақ, қай жерде де Шымыр руынан екенімізді білсе: «О, Жәкеттің туысқандары!» деп, келемеждейді. Олар неге өйтеді? Келеке қылатындай ол кісі соншалықты адамның қоры ма еді, айтыңызшы? — деді ызасын жасыра алмай. Стадиондағы ашу-ызасы қайта қоза бастағанын көріп, әрі намысқойлығына көңілім толып:

– Жә, жә, жарар, сабаңа түс. Ойларыңды түсіндім. Шамасы, әлгі кекеткіш жігіт Жаныстан шыққан Бөгежіл руынан болар, — деуім мұң екен:

– Дәл таптыңыз көке. Бізді әрдайым әжуаға айналдыратын солар! — деп енді Тағабай шықты.

– Әй, Тағаш, өршеленбе. Милиция қызметкерінің қызбалыққа салынғаны дұрыс емес. Естеріңде болсын, Жәкет аталарың — сол Бөгежіл аулына күйеу. Қайындары жезделерін сағынып, аңсағандықтан, сендерге әзіл ретінде айтса айтқан шығар. Соған бола өкпелейтін жөндерің жоқ. Ал, Жәкет аталарың туралы білгілерің келсе, орынды-ақ, — деп, Нағиманың алдымызға әкелген дәміне шақырдым.

…Ұзақ жылдар шаруашылық басқарған, айтулы еңбектері үшін орден, медальдармен марапатталған, Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысқан марқұм Қоңырбаев Ноғайбек көкеміздің айтуына қарағанда, Жәкет бабамыз 1850 — 1920 жылдары өмір сүрген, өте сыпайы да сырбаз, таза киінетін, мінезге бай, кішіпейіл де ақкөңіл жан болған. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын инабаттылығын, әзілді көтере білетін момындығын пайдаланған қайын-балдыздары той-жиында қалжыңдасу үшін басқа жезделері мен күйеу балаларын елемей, тек сол кісіні іздейді екен. Жанға жайлы, көңілге нұр құйып, жүрекке жылы тиетін әзілдері, балдыздарымен айтысы ауыздан-ауызға тарап, қазірге дейін айтылып жүр. Жәкет атаның осы күнге дейін ұмытылмау сыры осында.

Бір жолы Шілік жақта болған үлкен көкпардан түнделетіп келе жатып, арасында Жәкет атамыз бар, бір топ аттылы Бөген өзені бойындағы Қаражантақта отырған малшының үйіне түседі. Көкпардан шаршаған, жол соқты болған жолаушылар ас-судан соң осында қонуды ұйғарады. Алайда, киіз үйге қайсыбірі сыйсын, оның үстіне малшының да бала-шағасы баршылық екен, сондықтан жастаулары далаға түнейді. Мезгіл күздің салқын түсіп қалған кезі болса керек, олар әбден жаурайды. Таңертең сыртқа шыққан топ басшылары суықтан өңдері қашып, қалш-қалш етіп дірілдеген жастарды көреді. Жанашырлық танытып, жағдайларын сұраса: 

– Біздің жаурағанымыз рас. Бірақ, мына жездем Жәкет жаураған жоқ, ошаққа тығылып, жылынып жатты, — депті қу тілдісі. Мына сөзді естіген Жәкет, түнде қатар жатқан қайындарының шыдамсыздық танытқанына миығынан ыржиып, өзінің тоңғанын сездірмей ыздия қалыпты. Киімдері әдеттегіше мұнтаздай тап-таза, ошақ түгілі текеметте жатып шықты деуге сенгісіз екен.

«Ынталы аулындағы Тілеуберген қариядан естігенім бар» — деп, тағы бір әңгімесін айтқан жайы бар еді Ноғайбек көкеміздің. Қайын жұртына тойға келген Жәкет атамыз әдеттегі дағдысымен төрге таман, тазалау көрпешеге отырмақ болады. Оның келе жатқанын көріп, үнемі төрге жақын жайғасуға құмарлығын білетін қайындары араларын кең-кең алып, әдейі жоғарыдан орын қалдырмапты. Ығыса қоймағандарына, жоғарыға шақырмағандарына ыңғайсызданып, абдырап қалған бұған: «Әй, жезде! Неменеге состиып тұрсың? Еркелетіп, төрге шығарып жүргенге дәндеген екенсің. Күйеу жөніңмен есік жаққа жайғас та, қонақтарға сапырып-сапырып қымыз құй. Сен де осы ауылдың бір баласысың. Жұрт сені «өте сыпайы» деп мақтайды ғой, кәнекей, көрсет сол сыпайылығыңды. Бір орныңнан тырп етпей қызмет жасашы!» — дейді өткір тілділеу біреуі. Өзіне сынай қарағандар мен меймандардан қысылған Жәкет атамыз амалсыздан дастарқанның көрпеше төселмеген төменгі тұсына келіп, қылау тимеген шапанының етегін қайыра тізесімен жүрелейді. Уақыт түске таянған мезгіл екен. Содан түннің бір уағына дейін тапжылмайды. Басқалары ара-кідік сыртқа шығып келіп жатады. Ал Жәкет атамыз болса орнынан қозғалмайды. Жүрелеген күйі қаншама уақыт сыр бермей отырған оған қайындары мен балдыздары:

«Жездеке, дәретіңді астыңа жіберіп отырғаннан саумысың? Тысқа шығып, қол аяғыңды, беліңді жазып, жеңілденіп келсейші», — деп қағытатын көрінеді. Бірақ, Жәкет атамыз есітпеген сыңай танытып, былқ етпепті. Оның осыншалықты қайсарлығына қонақтар таң қалысады. Бұл қайсарлықтың қанша уақытқа созыларын кім білсін, бір кезде ауыл қариясы Төрекелді қалпе бәріне естірте:

– Жә, жетер осы сынағандарың! Бәріміз де бір-бір ауылға күйеуміз, алайда, мынандай сынаққа ұшыраған емеспіз. Жәкет қарағым, бері кел!  Отыршы менің оң жағыма. Сен бүгін осы сырбаз мінезіңмен, төрдегі орынға шынында да лайықты екеніңді дәлелдедің! Әй, жігіттер! Енді сендер қызмет етіңдер бұған. Бұл жезделеріңе қандай құрмет көрсетсеңдер де жарасады, — деп билік айтыпты. Мынандай абыройға іштарлық қылған қайындарының бірі сыртқа шыққан Жәкеттің балағына жуындыны «абайсызда» төгіп алыпты. Бұған титтей де ренжімеген Жәкет атамыз күліп тұрып: «Менің үстіме не төксеңдер де маған бәрібір. Оны жуатын да өздеріңнің әпелерің ғой», — депті саспастан. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Сыпайылық – даналықтың белгісі», — деген. Ендеше, Жәкет атамыздың кім болғанын өздеріңіз-ақ пайымдай берерсіздер.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *