Қоғам Мәселе

«Құлақтан кіріп, сананы улап жатыр»

– Алло, саламатсыз ба! Мен Шымкент қаласының тұрғыны Сәбит Төлендиев боламын. Сіздердің газеттеріңізге бұрын да хабарласып, ұсыныс-пікірлеріммен бөлісіп тұратынмын…

– Амансыз ба! Иә айтарыңыз болса әрдайым тыңдауға дайынбыз.

– Рахмет! Айтайын дегенім, қазақ сахнасында шырқалып жүрген әндерге қатысты. Әннің де естісі бар, есері бар. Бұл шындық. Байқасаңыз, ескі әндерді сүйсіне тыңдайтын жастар арамызда аз емес. Ал енді осыдан 40-50 жыл өткенде қазіргі жаңа әндерді сол кездегі жастар сүйсініп тыңдар ма екен? Әй қайдам, күмәнім басым. Неге олай ойлайтынымды да айта кетейін.

Қазіргі тілмен айтқанда бүгінгінің хит әндері — «Чип-чип», «Зың-зың», «Опмай-опмай», «Атың өшкір кредит»… Осылай жалғасып кете береді. Мұндай әндер қалайша хит болып кететіні түсініксіз. Әуені – ардың-гүрдің, сөзінде не ұйқас, не мағына жоқ. Демек, бүгінгі жастардың, дәлірегі аудиторияның әнге, музыкаға деген әуестігі осы деңгейде. Сол себепті әлеуметтік желілерде лезде жұлдызға айналып шыға келеді. Сосын көп лайк жинады деп телеарналарға қонаққа шақырылады. Сол телеарна қызметкерлерінің өздері де өмірге болашақтың көзімен қарамайды. Бұдан кейін ертеңіміз не болады деген сұрақтың туындайтыны заңды.

Ринат Зайытовтың телеарнаның біріндегі бағдарламада шашын бояп, сырға таққан жігіттерге қарата былай дегені есімде. «Мен қазір костюм-шалбармен түскен әкемнің суретін немереме «мынау менің әкем» деп мақтанышпен көрсете аламын. Ал сенің балаң өз немереңе сырға таққан суретіңді «менің әкем» деп мақтанып көрсете алады ма?» дегенде риза болғанмын. Сол айтқандай немере, шөберелері Роза Бағланованың, Бибігүл Төлегенованың, Нұрғиса Тілендиевтің сахнада 60-70 жыл бұрынғы бейнелерін көргенде кеудесін мақтаныш сезімі билейтіні анық. Ал қазіргі Кәмшат Жолдыбаева секілді киелі сахнаны жатын бөлмемен алмастырып алған әншілердің шөберелері 70 жылдан кейін ол туралы не ойлайды екен? Әлде осы апаларын үлгі тұтып, кейінгі ұрпағымыз жаппай шешіне бастайды ма? Бұл қорқынышты үрдіс емес пе? Кеш болмай тұрғанда мұндай сорақылықтарға тоқтам жасау керек.

Ауру – батпандап кіріп, мысқалдап шығады. Жынойнақ әндер де осыған ұқсас. Құлақтап кіріп, сананы улайды. Жасыратыны жоқ, қазір үйге келген әке немесе шеше болсын алдынан құлдыраңдап жүгіріп шыққан ұл-қызын «Опмай-опмай» деп немесе осыған ұқсас жеңіл әндерді айтып еркелетеді. Оның зардабы жайлы ойланбайды да. Негізі бесікте бесік жырын тыңдамаған баланың санасына ұлттық рухтың сіңуі екіталай. Мен бүгінде сахнада опмайлап жүрген жастардың шақалақ кезінде бесік жырын тыңдағанына күмәнім бар. Егер жағдай осылай жалғасып, бесік жыры ұмыт қалып, оның орнын осындай арсыз әндер алмастырар болса, ендігі жас ұрпақтың бізге тағы қандай сый дайындап отырғанын бір Құдайым білсін! 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *