Оқшау ой

Жақсыдан үйрен…

 Заманың түлкі болса, тазы боп шал деген мақалды әркім әртүрлі түсінеді, әртүрлі қолданады. Әсіресе, бүгінгі пысықайлар үшін өздерін ақтап алатын сүйікті мақалдарына айналдырған. Мәселен, әншілерді алайық. Жасыратыны жоқ, қазір фонограмма белең алды. Оннан аса әнді алдын ала жаздырып алады да, соны залға жиналған көпшілікке тыңдатып қайтады. Мұндай концерттен табиғи дауыс естігендей әсерлене алмайсың. Телеарнадан, үнтаспадан тыңдағанмен бірдей. Жүздерінен де жасандылық есіп тұрады. Ән айтқан адам сол әннің отымен кіріп, күлімен шығып, тер төкпеуші ме еді?

Кейінгі кездері сахнадан концертті жүргізушілер де көп көріне бермейтін болды. Ән кешін беріп жатқан әншінің өзі шығады, өзінің әнін өзі хабарлайды, арасында көрермендерді құттықтайды. Әйтеуір жалғыз өзінен басқа ешкімді көрмейсің. Бұл әрекеті арқылы ол көрермендерін жалықтырып алудан да қорықпайды. Ал сахналық көрініс туралы сөз қозғаудың өзі артық болып қалды. Соған қарағанда біздің әншілер үшін концерттің тартымды, көпшілікке ұнамды болуы емес, табыстың көбірек түсуі маңызды секілді.

Бұл өмірде бәрі де салыстырмалы ғой. Басымнан өткен бір жайтты баяндайын. 2014 жылы таныс бір інішектің Қырғыз елінде концертін ұйымдастырмақ болдық. Содан Бішкекке барып, орталықтағы 1200 адамдық ең ірі концерт залының басшылығымен кездестік, концерт қоюға келістік. Бір кезде әлгі басшы режиссерге қосымша 30 мың сом (сол кезде теңгемен 140 мыңдай) беруіміз керектігін ескертті. «Сіздерге залды жалға алу құнын төлейміз. Әнші әнін айтады. Бұл жерде режиссердің қызметі не, оған не үшін ақша төлейміз?» деп сұрадық.

Сөйтсек оның сыры басқа екен. Бұған көп ұзамай қырғыздың бір әншісінің жеке концертін тамашалауға барғанда көз жеткіздік. Әнші сахнаға шыққанда оның артында әннің мәтініне қатысты сахналық көрініс қойылады екен. Сонда көрермендер әнмен бірге спектакль көргендей керемет күй кешеді. Яғни, өзін сол әнмен бірге сезінеді. Тарихи әндер шырқалғанда көрермендер өзін сол дәуірде, тарихтың ортасында жүргендей сезінеді. Нағыз демалыс болды деп айтуға тұрарлықтай кеш өтті. Қазақстан сахналарында фонограмманы тыңдап жүрген біздер үшін бұл бір тосын жаңалық болды. Кейде күйбең тіршіліктен қатты шаршағанда қырғыздардың «тірі сахнасын» сағынып, концертіне барғың келіп тұрады екен.

Мен мұны Қазақстанның әншілері нашар деп, олардың еңбегін жоққа шығару үшін айтып отырғаным жоқ. Мақтан тұтар әншілер көп. Бірақ, олардың ойында бірінші кезекте табыс табу жайы емес, халықтың көңілін көтерсем, рухани демалыс сыйласам деген арман-мақсат болса екен деген ұсыныс қой біздің айтпағымыз. Жан-жағымызға қарап, жақсысын алып, жаманын таяп қойғанға не жетсін. Атам қазақ «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп бекер айтпаса керек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *