Қоғам Мәселе

Бала неге қылмысқа бейім болып барады?

Жыл өткен сайын қылмыстың санымен қоса түрі де көбейіп барады. Мамандар қылмыскерлердің жасарып бара жатқанын айтып дабыл қағады. Түсіне білгенге бұл үлкен қауіп. Мұндай үрдістің қалыптасуына кім кінәлі? Ата-ана ма, қоғам ба?

Бұл сұраққа әзірге біржақты жауап табу қиын, әрине. Бірақ, мұның қалай да жауабын жуық арада тауып, қауіптің бетін қайтарар амал қолдануымыз қажет. Оған құқық қорғау органы қызметкерлерімен қоса қоғамның әрбір мүшесінің атсалысқаны жөн. Әйтпесе, мектеп оқушысының қылмысқа араласқаны таңданыс тудырмайтын халге жеткен қоғамда, күні ертең балабақшадағы бүлдіршіннің де теріс әрекетке бейім болып өсуі бек мүмкін. 1-маусым – балаларды қорғау күні. Біз балаларды сырттан келуі мүмкін, көзге көрініп тұрған қауіптен ғана емес, көзге көрінбейтін, кино, мультфильм арқылы келетін жат идеологиялық қауіптен де құтқаруымыз керек.

Біздің бұлай деп байбалам салуымызға шымкенттік Ұласбек есімді тұрғынның хабарласқаны түрткі болды. «Менің балам жуырда беске толады, – дейді ол кісі. – Қазірдің өзінде таяқты қылыш қылып, арқаланып, оны әрлі-берлі сілтеп, жауға шапқандай айқайлап ойнайды. Кейде балабақшадағы өзіне қарсы келетін балалардың атын атап: «Ол маған қарсы келе берсе мойнын қырт еткіземін ғой» деп кинода көргенін, яғни адамдардың бір-бірінің қатыгездікпен мойнын бұрап өлтіретін әрекетін көрсетеді. Демек, балабақшадағы бес жасар баланың өзі кинодан көру арқылы адамды қалай өлтіруге болатынын біледі деген сөз. Және бұған бейімделе бастағанын байқауға болады. Ал сол бала араға жылдар салып, осы әрекетін іске асырмасына кім кепіл?

 Өзіміз де бала болдық. Мектепке бардық. Сол кездерде ауылда бір адам өзгенің қолынан қаза тапқанын есітсек, түн былай тұрсын күндіз де көшеге шығуға қорқатынбыз. Ауылдың бір тұрғыны адам өлтірмесе де, абайсызда жасаған қылмысы үшін түрмеге жатып шықса, көпшілік оған жалғыз-жарым жақын баруға жүрексінетін. Ол уақытта қамалып шығу — тозаққа барып келгенмен тең есептелуші еді».

 Ия, Ұласбектің пікірімен келіспеу қиын. Ащы да болса, бұл — бүгінгі күннің шындығы. Мектеп оқушысының суық қару қолданып, адам өлтіргенін құлақпен естіп қана қоймай, көзбен көретін жағдайға жеттік. Бұрын жастар қаруды қолға алуға қорықса, бүгінде оны ойыншық ретінде ұстап жүретіндер көбейген. Қала берді теледидардан көрсетілетін шетелдік кинолардың көпшілігінің тұла бойы атыс-шабысқа толы. Тіпті балалар тамашалайтын мультфильмнің өзі де қылмыстық оқиғалар желісімен түсірілген. Сүйісу, адам өлтіру. Мұны көрген бала ертелі-кеш қалай қылмыс жасамайды?

Телеарналардан көрсетіліп жатқан шетелдік сериалдардың түгелге жуығы жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге емес, теріс жолға салуға бейім. Айталық, өзімізбен түбі бір саналатын түрік ағайындар түсірген «Көкжалдар мекені», «Ертұғырыл» секілді сериалдар бастан-аяқ қатыгездікке, қылмыстық оқиғаларға толы. Оларда адам жанының, өмірінің шыбын құрлы құны жоқ. Адамды қойша бауыздай салу түк емес. Жоғарыдағы айтқан Ұласбектің ұлы осы «Ертұғырылды» үзбей көреді екен. Міне, нәтижесі: қолынан таяқ қылышы түспейді. Бұл келеңсіздікке жол беріп отырған бүлдіршіндер емес, біздер — ересек адамдар. Олар көргенін қайталайды. Ендеше, идеологиямызды дұрыстамай, болашақтың тәрбиесі жөнінде сөз қозғаудың өзі артық.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана сөзін бүгінде «Ел боламын десең, теледидарыңды түзе» деп мағынасын өзгертіп айтатындар бар. Әзіл болса да астарында үлкен зіл жатыр. Сол себепті, ертең кеш болмас үшін бүгіннен бастап телеарналардан берілетін кинолар мен мультфильмдерді көркемдік сүзгіден өткізіп, сұрыптаған дұрыс. Шетелдің қаңсығы, бізге таңсық болмау тиіс.

Осы мәселеде мамандардың, ақсақалдардың пікірін білу үшін бірнеше азаматты әңгімеге тарттық.

Батырхан ДӘУРЕНБЕКОВ, Оңтүстікфильм мемлекеттік мекемесінің директоры:

«Атыс ойындары баланың психологиясын да, жүйкесін де бұзады»

– Шынын айтқанда, қанқұйлы соғыстарды көрсететін кинолар мен мультфильмдердің баланың психологиясына кері әсер ететіні анық. Мен, әсіресе, ғаламтордағы атыс-шабыс ойындардың зияны жөнінде баса айтқым келеді. Қару-жарақтың неше түрлісін таңдап алып, атыс ойынына әуестену өте қауіпті. Америкалық қылмыскердің шаңқай түсте мектепке баса көктеп кіріп, ұстаздар мен оқушыларды қырып салудың сонау терең астарында осындай ойындардың әсері жоқ деп кім айта алады? Атыс ойындары баланың психологиясын да, жүйкесін де бұзады. Көріп отырған кино да солай. Жастарды еліктіреді, оның соңы осындай қайғылы жағдайларға ұрындырады.

Жылаған баланы «құлағыңды кесіп аламын» деп қорқытқан да дұрыс емес. Өмірде болған деп естіген бір оқиға есіме түсіп отыр. Біреу бесіктегі нәрестесін кішкентай баласына қарай тұруды тапсырып, аз уақытқа сыртқа шығып кеткен ғой. Содан қайтып келемін дегенше әлгі бала жылап көнбеген бөпенің шынымен құлағын кесіп алыпты. Демек, балаға теледидардағы кино ғана емес, айтқан сөзіміз де көкейлерінде жатталып қалады деген сөз.

Біз кино, мультфильм түсіргенде мұндай жағдайға қатты назар аударамыз. Дегенмен кино саласында «экшн» деген бар. Ұрыс-төбелессіз болса, ол да ешкімге қызық болмай қалады. Мысалы, біз Төлеби туралы фильм түсіргенде бабамыздың билік айтқандарын ғана көрсете берсек, тартымсыз шығар еді. Сондықтан ол кісінің де қолына қылыш алып, жауға қарсы қол бастағанын көрсеттік. Өмірде де солай болған ғой. Бірақ қан судай аққан жоқ. Біз бірінші кезекте тәрбиені ойлауымыз керек.

Рұқсат БАЙРАМОВ, Қарабастау ауылының имамы:

«Көңілін қалдырудың өзі үлкен күнә»

– Біз зайырлы мемлекет болғандықтан, атыс, бейәдеп киноларды телеарналардан көрсетпеу жөнінде талап қоя алмаймыз. Бірақ оның зиянын әр кезде айтып отырамыз. Шариғатта адам өлтіру былай тұрсын, біреудің көңілін қалдырудың өзі үлкен күнә саналады. Ал енді адамды адам өлтіріп жатса, әрине, оны көргендер үлкен-кішісіне қарамай соған дағдыланады. Мұндай жағдай әсіресе балаларға тез әсер етеді.

Сондықтан жастарымыз қылмыс жасамасын десек, телеарналардағы атыс-шабыс туралы киноларды қысқарту керек. Егер ол тіптен мүмкін болмаса көрсету уақытын түн ортасына қойсын. Балалардың адам өлтіргенді көргені дұрыс емес. Себебі ондай фильм адам өлтіруді насихаттайды. Былайша айтқанда – қара жарнама.

 Исламбек МЕРГЕНБАЕВ, жемқорлыққа қарсы халықтық комитет қоғамдық қорының Түркістан облысы бойынша өкілі:

«Қылмысты құрықтайтын бір жол бар, ол – шариғат жолы»

– Телеарналардағы көрсетіліп жатқан шетелдік дүниелердің дені жастарға теріс тәрбие береді. Шектен шыққан атыс-шабысты экраннан алып тастау керек. Өзім де бала болдым. Кішкентайымнан Қобыланды, Алпамыс, Ертарғынды оқып өстім. Екінші-үшінші сыныпта жүргенімде ата-әжелеріме батырлар жырын оқып беретінмін. Бос кезде асық ойнайтынбыз. Ойыншық қару-жарақ деген болмайтын. Ал қазір ше? Балалардың ойнайтыны — қару, көретіні — атыс-шабыс. Мультфильмде де, кинода да адам өлтіру. Оны көрген бала қылмыс жасамай қайда барады? Қазір баланы әке-шеше, ата-әже тәрбиелеп жатқан жоқ. Теледидар, сотка, ғаламтор тәрбиелеуде. Ол жерде қайбір оңған дүние бар дейсіз.

Қылмысты азайтудың бір жолы бар, ол – шариғат жолы, баланы иман жолында тәрбиелеу. Бірақ, оны аға буынның өздері бастау керек. Шыны керек, мешітке барғанымызда өзіміз құралпы екі-үш адамды ғана көреміз. Қалғандарының барлығы жастар. Үлкен кісілер көбі кемпірінің қасында шәйін сораптап, жастарды жамандайды. Кеңестік дәуірді аңсайды.

Мешітке барған баланың жүрегінде иман болады. Одан қылмыскер шықпайды деп ойлаймын. Мешітті жағалаған жастар мен көше жағалағандардың мінез-құлқында көп өзгерістер бар. Иман жолына түскендер сыпайы, сәлемі түзу. Көше балдары амандасуды да білмейді. Міне, қылмысқа бейімдер солардың арасынан шығады. Сондықтан жастар арасында қылмыс болмасын десек, бірінші экранды түзеуіміз керек. Одан кейін баланы мешітке жіберу қажет деген болар едім.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *