Uncategorized Әлеумет

Алты балалы Айжан да баспаналы болды

 Оқырманның есінде болса газетіміздің сәуір айындағы 15 санында «Алты балалы жесір әйел баспанаға да, әлеуметтік көмекке де қол жеткізе алмай жүр» деген тақырыпта мақала жазғанбыз. Онда Төлеби ауданындағы Алатау ауылдық округінің тұрғыны Айжан Қалтұрсынованың басындағы ауыр жағдай жөнінде айтқанымыздан оқырман хабардар. Мақалада бір жыл бұрын алты баламен жесір қалған келіншектің басында баспанасының жоқтығы, тым құрығанда балаларына берілетін атаулы әлеуметтік көмекті алуға қол жеткізе алмай отырғаны туралы жазғанбыз. Қуанышқа қарай, жесір әйелдің ауыр жағдайына қайырымды жандар бей-жай қарамапты. Барлық мектептерде сыңғырлаған соңғы қоңырау салтанатты жиынында Айжан Қалтұрсыноваға пәтер кілті табысталды.

 Бұл жөнінде Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі былай деп хабарлайды:«Түркістан облысында көпбалалы аналарға деген құрмет пен қолдау күшейе түсті. Қуанарлығы, қарапайым ғана сыныптастар бірліктің арқасында ел жүрегін жібітетін бастамаларымен қуантып жатыр. Сондай игі істің бірін Төлеби ауданының азаматтары жасады. Осы аудандағы №2 Ш.Уәлиханов атындағы мектепті 1999 жылы бітірген түлектер рамазан айында көпбалалы анаға баспана әперді.

 Түлектер мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай ауызашар ұйымдастырған. Оған барлық мұғалімдері мен ата-аналарын шақырып, сол жерде көпбалалы анаға бір бөлмелі пәтердің кілтін және оның балаларына сыйлықтарды табыстады.Көңілдері нұрға толы түлектер осы қайырымдылық ісі арқылы өзге құрдастарына үлгі болуды, орынсыз сән-салтанат орнына көпбалалы аналарға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан екен.

 Күйеуі 2018 жылы марқұм болған Айжанның үлкен қызы 13-те, ал ең кішкентай ұлы жақында бір жасқа толады. Жалдамалы пәтерде бес қыз, бір ұлымен күнелтіп келген Айжан Қалтұрсынова жанға жайлы пәтер сыйлаған түлектерге алғысын айтып, аналық ақ тілегін жаудырды. Мұндай игі істер Төлеби ауданында дәстүрге айналып келеді. Жергілікті билік те азаматтардың қайырымдылық бастамаларына барынша қолдау көрсетеді».

 Мұндай қуанышқа кенелген А.Қалтұрсынова өз кезегінде түлектермен бірге «Өзге пікір» газетіне алғыс білдіруді де ұмыт қалдырмады. «Сіздерге рахмет. Жәрдемақыны алып жатырмын. Бұл жөнінде өзім арнайы барып, алғысымды білдіргім келіп жүр еді. Ойламаған жерден келген кешегі қуаныштан кейін тіпті бақыттан басым айналғандай күй кешіп жүрмін. Жәрдемақыға да қол жеткіздім, баспаналы да болдым. Енді алты балам ешкімнің босағасында телмірмейді. Газетке шыққаннан кейін осындай қайырымдылық жасаған түлектерге алғыстан басқа айтарым жоқ», — деді алты баланың анасы. ����������������������������������������������������������������������������

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *