Әлеумет Мәселе

Қайырымдылық қайыршылыққа айналмауы тиіс

Қайырымдылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Қайырымдылық мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан да 2рбір жан иесі қайырымдылық істеріне араласып, Жаратушының разылығын аңсаған халде бар ықыласымен мұқтаж жандарға қол ұшын беруі дұрыстың дұрысы.

Жағдайың келіп тұрса қайырымдылық жасағанға не жетсін! Бірақ сол қайырымды жандардың жомарттығын пайдаланып, қайырымдылықтан қайыршылық жасап жүргендер де жоқ емес, тіпті, көбейіп бара жатқан секілді. Мемлекет елімізді қайыршылар еліне айналдырып алмаудың алдын алып, көшеде қайыр сұрауға тыйым салған заң шығарып еді, қайыршылықтың мәдениетті түрі белең алды. Олар көшеде қол жайып жүрмейді, қайырымдылық жәшігін құшақтап немесе сауда орындарына жәшігін қалдырып, өзгенің жоғын түгендеп, мұңын мұңдап жүргендердің кейпіне енеді. Былай қарасаң олар өзі үшін ештеңе сұрамайды, бірақ жасап жүргені бейшараның әрекеті. Ойым түсінікті болу үшін басымнан өткен жайтты баяндайын.  

Шымкент қаласындағы ескі автобекеттің төңірегінде сауда дүкенім бар. Сол жерге үш адам садақа жәшігін орнатты. Қайырымдылық үшін деген соң алғашында қарсылық білдірмедім. Бірақ арада уақыт өткен сайын бұған деген күдігім ұлғайды. Олай дейтінім — бұларды бақылап, тіркеуге алатын мекеме жоқ екен. Полициядағылармен де, мешіттегілермен де сөйлестім. Кімге хабарлассаң да оны ешкімнің бақылай алмайтынын айтады. Бұдан кейін маған «бұл біреулер үшін оңай табыс көзіне айналып кеткен жоқ па» деген күдік-күмәнді ой келе бастады. Мәселен, тап сондай қайырымдылық жәшігін мен де жасатып, өз дүкеніме қойып қойсам ешкім бұның не деп сұрамайды екен ғой. Немесе танысым екеуміз келісіп, мен оның, ол менің дүкеніме өз қайырымдылық жәшігімізді қоя салсақ онымен ешкімнің шаруасы болмайтынына көзім жетті. Сұрай қалған жағдайда «қайырымдылық үшін» екенін айтсаң, әрі қарай қазбаламайды да. Ал ол қаражатты сосын қалай, не мақсатта пайдалансам да өзім білемін емес пе? Әрине, бұл менің іске асырмақ амалым емес, ішкі ойым ғана.

Ай сайын әлгі үш жәшіктің егелері келіп, түскен қаражатты алып кетеді. Әрқайсысына кемі 15-20 мың теңге түседі. Ол жәшікке қанша ақша түсіп, қанша ақша алынып жатқанын арнайы комиссияның бақылағанын байқамадым. Бір адам келеді де, алып кете береді. Осыдан кейін санамызды күдікті ой тұмшаламағанда қайтсін?

Жәшіктің сыртында телефон номері жазулы тұрады. Кейде ұсақ ақша, тиындар қажет болып қалғанда телефон номерін тере қойсақ, лезде келіп, ұсақ ақшаларды іріге алмастырып беріп кетеді. Мұндай жәшіктер қалада қанша жерде орналасқандығын ешкім білмейді. Әйтеуір, кез-келген дүкенде мұндай жәшіктердің бірнешеуі тұратынын байқауға болады. Бір менің дүкенімнің өзінде үш жәшік бар. Оларға ай сайын 50-60 мың теңге түсіп отырады. Бұл қазіргі кезде бір адамның жалақасы емес пе? Сонда бір қаланың өзінде қанша дүкен, сауда орындары бар екенін ескерсек, қайырымдылық деп айына қаншама миллиондар түсіп жатқанын аңғару қиын емес. Олардың барлығы қайда кетіп жатыр сонда? Шынымен қайырымдылық мақсатында жұмсалып жатыр ма? Мұның жауабын дөп басып айту қиын.

Қайбір күні Қапал батыр көшесінің бойындағы «Фиркан» халықтық маркетіне бардым. Онда оннан аса касса болса, соның барлығында садақа жәшігі тұр. 5-10 минуттей бақылап көрдім. Көпшілігі қайтарған тиындарды тастай салады. Әйтеуір бос тұрған жәшік көрмедім. Содан соң сауда орталығының ішкі тәртібін бақылап жүретін басшыларының бірінен қайырымдылық жәшіктерін кім қойып кеткенін сұрадым. «Сарыағашта медресе салынбақ екен, солардың адамдары қойып кетіпті», – деп жауап берді. Егер расында медресе құрылысына жұмсаса құптарлық, алайда сол медресенің атын жамылып, жеке қалтасының қамын күйттеп жүргендер болса ше?

Осы күдікті ой мені Сарыағаш ауданы әкімдігіндегі жауапты бір маманға хабарласуға мәжбүрледі. «Қазір Сарыағашта бір медресе жұмыс істеп тұр. Ол ауданға толық жетеді. Тіпті басқа аудандардан да келіп оқып жүргендер бар. Бір кісілер «сауат ашу курсын ашамыз, соған ғимарат салу керек» деп бастама көтеріпті. Медреседе орын бар. Үй ішінен үй тігіп керегі не? Бізге салса медресенің жұмысын жандандырған дұрыс. Олар құрылысты халықтан жиналған садақаның есебінен бітіретіндерін айтады. Бүгінгі таңда ол мүмкін емес. Медресе салу үшін үлкен бір демеуші болмаса, халыққа қашанға дейін алақан жаюға болады. Жалпы бізде өткен жылы сондай қайырымдылық жәшігін таратып, көмек сұрап жүргендермен күрес жүргізілген. Себебі олардың арасында әртүрлі ниеттегі адамдар бар болуы мүмкін».

Міне, бұл ресми тұлғаның айтқаны. Мәселеге тереңірек бойламақ мақсатта Шымкент қалалық әділет басқармасы басшысының орынбасары Балжан Әліпбекке хабарласып, «дүкендерде тұрған, жасөспірімдер көшеде қолдарына ұстап жүрген қайырымдылық жәшіктерінің қаншалықты тіркеуге алынатынын, оны бақылайтын құзырлы органның бар-жоғын сұрадық. «Қайырымдылық қорлар ресми түрде тіркеледі. Олар белгілі мақсатта, яғни мұқтаж жандарға қол ұшын созу үшін еріктілердің көмегіне сүйенуі немесе дүкендерге қайырымдылық жәшігін қоюлары мүмкін. Алайда, оның қаншалықты заңды немесе заңсыз екенін Жарғыларынан көрсе болады. Қалай болғанда да кез келген жерге, мешіт-дүкендерге қайырымдылық жәшігін бақылаусыз орната берген де дұрыс емес шығар. Сауда орындарына сол жәшікті кімдердің орнатқанын айтсаңыздар, біз ондай қайырымдылық қор жайлы, оның тіркелген-тіркелмегенін біліп бере аламыз. Ал тіркелмеген қордың қандай да бір іс-әрекеттер жасауы заңсыз болып табылады».

Ресми маманның сөзіне сенсек, қайырымдылық жәшіктерінің егесі қайырымдылық қорлары болмауы да мүмкін екен. Яғни, алаяқтардың оңай олжа ретінде пайдаланып жүруі де ғажап емес. Сол себепті оған қатаң бақылау орнатылуы тиіс. Әйтпесе, шын мұқтаждар шетте қалып, қайырымдылықты себеп етіп, қой терісін жамылған қасқыр іспеттес алаяқтардың құрық байлатпас қулығы болмасына кім кепіл?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *