Әлеумет Қоғам

Басшы мен қосшы соттасып жатыр

Coзақта  қызметкерлерді  жұмыстан заңсыз шығарған ба?

Жұмыссыздық азайып жатыр деп қанша жерден сүйіншілегенімізбен, қоғамда екі қолға бір күрек таппай жүргендер әлі де аз емес. Ал тұрақты жұмысы барлар ойламаған жерден жұмыстан шеттетілсе, мұны мемлекет саясатына қарсы жасалған әрекет дейміз бе? Бір адамның өзінің жұмыстан шығарылуы бір отбасының тағдырына тікелей әсер ететіні анық. Соны түсінген әрбір адам істеп жүрген жұмысынан шығып қалмауды ойлайды. Өкінішке орай, кейбір мекеме мен компания басшылары олардың жағдайына алаңдағысы келмейтінге ұқсайды.

Өткен аптада өзін жәбірленуші санайтын созақтық Қанат Жартыбековтың соттағы сенімді өкілі Жаңабек Әбішов редакцияға хабарласып, 3-маусым күні Созақ аудандық сотында өтетін сот отырысына қатысуымызды өтінген болатын. Ол өтінішті орындауға мүмкіндік болмағанымен, мәселенің мән-жайынан хабар беретін мәліметтерді оқырман назарына ұсынуға келістік. Сонымен сәрсенбіде қайта хабарласқан Ж.Әбішев былай деді: «Біз «ҚазАтомПром» Ұлттық компаниясының өкілдіктерімен соттасып жатырмыз. Нақты айтсақ, менің қорғауымдағы азамат жұмыс істейтін «Аппақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 65 пайыз акциясы «ҚазАтомПромға», қалғандары жапониялық екі фирмаға тиесілі екен. Серіктестіктің бір басшысы жергілікті маман Қ.Жартыбековтың жұмыстан шығуын себепсіз талап еткен деп есептейміз. Әрине, Қанат бұл талаппен келіскісі келмейді. Солай болса да көп ұзамай мұның қолына «екі жақты келісімнің негізінде келісім шарттың тоқтатылып, жұмыстан босатылғаны туралы бұйрық» тиеді. Менің қорғауымдағы азамат басшысымен арада болған әңгіменің барлығын жазып алған. Енді ол заңды сыйлайтын азамат ретінде әділдік іздеп, сотқа жүгініп отыр.

Жартыбековтен бөлек ол серіктестіктен тағы оннан аса адам жұмыстан шығарылған. Біз солардың да әділдікке жетуіне күш саламыз. Бір таңқаларлығы, осы іс барысында жауапкер тарап «ар-намысыма тидің» деп менің үстімнен Шымкент қаласындағы Абай аудандық сотына арыз түсіріпті. Осылайша қым-қиғаш соттасу жүріп жатыр».

 Бұдан кейін біз Қанат Жартыбековтың өзіне хабарласып, сот барысы туралы айтып беруді сұрадық. «Сенімді өкілімнің айтқандары шындық, – деді ол кісі. – Тек оған қосып аларым мынау. Бұған дейінгі сот отырысында біздің судьяға берген екі ұсынысымыз да қабылданды. Біріншісі — келісім шартты үзу жөніндегі жазу мен қойылған қолдың менікі еместігі. Мұны сот сараптамасымен де анықтауға болады. Екіншісі — маған қарсы дауыс көтеріп сөйлеген адамның даусы кімге тиесілі екенін сараптама арқылы дәлелдеу. Бірақ жауапкер өз дауысын сараптамаға салуға қарсы екенін білдіріп, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Бірақ, ол талабы қанағаттандырылмады. Ал 3-маусымдағы сот отырысына жауапкер келмеді. Сондықтан келесі сот отырысына оның келуі міндеттелді. Егер дауыс үлгісін қасақана бермеген жағдайда қылмыстық жауапқа тартылатыны да түсіндірілді. Жауапкер алдағы уақытта да бұлтаруы мүмкін. Ондай жағдайда сот менің пайдама шешім қабылдауға құқы бар».

 Сотта Қ.Жартыбековтың арызы қанағаттандырылып, ол жұмысына қайта орналасар болса, онда бұл Қазақстанда сот билігінің тәуелсіз екендігінің бір дәлелі болары анық. Ең бастысы — әділдіктің салтанат құруы. Ал, қай тараптың жағынан болсын айтар уәждері туындап жатса тыңдауға әзірміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *