Қоғам Мәселе

Шындықты айтсаң, сазайыңды тартасың…

Сайрамда осындай үрдіс белең алған ба?

«Өзге пікір» газетінің өткен сандарының бірінде «Қарабұлақ қан сасуда… Жергілікті тұрғындар осылай деп шағымданып жүр», – деген тақырыпта мақала жазғанбыз. Онда Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылындағы заңсыз мал сою алаңдары жөнінде айтылған болатын. Біз мәселенің бар екенін жеткіздік. Бұдан кейін ондағы заңсыздықтармен құзырлы органдар айналысып, Қарабұлақтағы кемшіліктер заңды шешімін тапқан болар деп ойлағанбыз. Апта ортасында редакцияға Ғұлам есімді аталмыш ауыл тұрғыны хабарласып, тағы бір жайсыз жайт жөнінде мәлімдеді.

— Сіздер мәселе көтердіңіздер, оған рахмет, – деді ол. – Содан кейін біз енді өзгеріс болады деп жүргенбіз. Бірақ заңсыздықтар әлі күнге тыйылар емес. Тіпті ауылды қалай көгертеміз деп жар құлағы жастыққа тимей шапқылап жүрген жігіттерді бірнеше күн бұрын қасапшылар жиналып келіп үйінде сабап тастапты деп естідік. Ол жігіт «Қарабұлақ сасымақ былай тұрсын, құрттап кетсе де енді ештеңеге араласпаймын. Ешқайда жазбаймын. Маған тыныштық керек», – деп Ташкент қаласына емделуге кетіпті.

Ауылдағы қасапшылардың елу пайызы жұмысын заңсыз жүргізіп отыр деген сөз бар. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Орталық көшенің бойында ауылдық округтің әкімдігі, мәдениет сарайы, полиция бөлімі мен базар, басқа да ірі мекемелер орналасқан. Соған қарамастан былықтың барлығы сол жерде. Былайша айтқанда заңсыздықтар әкім мен полиция қызметкерлерінің көз алдында болып жатыр. Көрмес түйені де көрмейді деген рас екен. Әйтпесе онсыз да тар жолға жүргізушілер көліктерін қалдырып кете береді. Адамдар жол үстінде тұрып алып, ет, басқа да өнімдерді сата береді. Тіпті жол үстіне тандыр орнатып, самса пісіретіндер де бар. Соның барлығын әкімдіктің мандары мен жергілікті полиция қызмектерлері көрмейді дейсіз бе? Олар бәрін көріп, біліп отыр. Бірақ дәрменсіз. Неге? Себебі жергілікті билік өкілдері халыққа сөздерін өткізе алмайды. Араларында біріміз екіншімізге кедергі келтірмейік деген келісім бар секілді. Бізге солай көрінеді. Орталық көшеге бағдаршам орнатылғанына қарамастан көлік кептелісінен көз ашпаймыз. Себебі — бақылаудың жоқтығы. Өздерінше қазір «ауылымыз Қарабұлақ емес, Шанхай болған» деп мақтанады.

Мен полиция қызметкерлеріне көшеде тәртіп орнату туралы талай айттым. Олар маған: «Бұл әкімнің жұмысы. Жергілікті билік шешеді. Қазір дағдарыс қой. Халықты қинамайық. Кім не сатқысы келсе, сатып, күндерін көре берсін», – деп ақыл айтқансиды. Тіпті маған да бұлай жүргенше «бутик» салып алып, саудамен айналысуым керектігін айтып қояды. Ал ауылымыз дұрыс болсын деп шындықты айтқандармен жеке сөйлесіп қорқытады. Содан біздің ауылда әкімдікке, полицияға сын айтатын адам азайды. Шындықты айтқандарды шырылдатып жатыр.

Жоғарыдағылардан осындай келісім алғандықтан болар көше сайын балдмұздақ, донер, чикен сатушылар көбейген. Қасапшылар секілді бұлардың да жұмысын бақылайтын мекеме жоқ секілді. Жаздың да ыстығы келді. Енді анау-мынау тағамның тез бұзылатыны айтпаса да түсінікті».

Редакцияға хабарласқан азаматтың пікіріне ештеңе қосып-алмадық. Бірақ, қалай десек те, тұрғындар саны бір ауданның халқымен шамалас Қарабұлақ мәселесін Бақтияр Мамаев басқаратын Сайрам ауданы әкімдігі назардан тыс қалдырмау керек. Қарабұлақ елді мекені тек Түркістан облысында ғана емес, Қазақстан бойынша да халқы тығыз орналасқан ауылдардың қатарында. Олай болса әлеуметтік теңсіздіктен бастап, басқа да заңсыздықтардың осындай ортадан шығатынын ұмытпау керек.

Жалпы, Қарабұлаққа Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан бөлек өзге аймақтардан да адамдар жиі келеді. Күннің ыстығында бақылаусыз жасалған тамақты талғажау еткен олардың уланып қалмасына кім кепіл? Сондықтан Қарабұлақ мәселесіне қол қусырып қарап отырған жарамас.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *