Біле жүріңіз

Мбаппе Исламханның соңында қалып қойды

Төрткөл дүниеде спорттың падишасы — футбол. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан болар футбол десе ішкен асын жерге қоятындар аз емес. Тіпті олар қай футболшының апта сайын қанша табыс табатынын, кімдермен жүріп, қандай тамақ жейтінін де біледі. Спортшылар арасындағы табысы ең көп, яғни бай тұратындары да, танымалдылығы жоғарылары да осы ала доп шеберлері. Осыны түсінген бүгінгі жас ұрпақ арасында Месси мен Роналду болуды армандамайтындары жоқ шығар.

Соңғы екі жылда Мбаппе есімді француздық жас ойыншы туралы көп айтылып, көп жазыла бастады. Ол өткен жылы француздар құрамында әлем чемпионы болып қана қоймай, биыл ПСЖ құрамында Франция чемпионы болып үлгерді. Енді Испанияның «Реал» командасына 230 миллион еуроға келісім шартқа қол қояды деген әңгіме бар. Міне, осы атақты жас футболшы соңғы аптадағы көрсеткіш бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Бауыржан Исламханның соңында қалып қойыпты.

 SofaScore талдамалы порталы Еуро-2020 іріктеу ойындарының төртінші турындағы үздік футболшыларды атаған. Бір қуаныштысы, оған алғаш рет екі қазақстандық футолшы еніп отыр. Оның бірі Бауыржан Исламханға ең жоғары 10 ұпай, қорғаушы Ғафуржан Сүйімбаевке 9,2 ұпай берілген. Бұл ретте франциялық Килиан Мбаппе (9,1), неміс Марко Ройс (9,2), словак Марек Гамшик (9,1), словендік Йосип Иличичке (9,6) және испандық Серхио Рамоске (8,4) ұпай берілген.

Сейсенбі күні Сан-Мариномен болған ойында Қазақстан құрамасы 4-0 есебімен жеңіске жеткені белгілі. Кездеуде Б.Исламхан қарсыластар қақпасына бір доп соғып, тағы бір нәтижелі пас берген. Міне осы көрсеткіш оның халықаралық аренадағы рейтингінің көтерілуіне себеп болса керек.   

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *