Әлеумет

Ең ірі жылыжай — Келесте салынбақ

Қазақстанды көкөніспен қамтамасыз етіп отырған басты өңірдің бірі — Түркістан облысы екені талас тудырмайды. Ал соның ішінде қысы-жазы көкөніс өндіруде Келес өңірінің үлесі мол екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде Келес өңірін енді Қазақстан ғана емес, бүкіл ТМД мемлекеттері білетін болады.

Еліміздегі ең ірі жылыжай кешенін салу үшін Келес ауданынан арнайы 500 гектар жер бөлінген. Инвестициялық құны 1,1 миллиард АҚШ доллары болатын жобаны Ресейлік «Эко-культура» компаниясы жүзеге асырмақшы. Осы мәселені нақтылау үшін өткен аптада облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «Эко-культура» компаниясының директоры Александр Рудаков кездесу өткізді.

Ресейліктер жылыжай салынатын жердің географиялық орны жобаға қолайлы екенін, тек нысанға инфрақұрылым жүйесін тарту керектігін айтып отыр. «Қазіргі таңда жалпы құны 1,1 миллиард долларды құрайтын 500 га аумаққа жылыжай кешенін салу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл  кешен  – ауданның экономикасын көтеретін ауқымды жобаға айналады. Жылыжай кешені іске қосылса жаңадан 10 мың жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Кешен заманауи технологиямен жұмыс істейтін болады. Біз «Казахстан Инвест» компаниясымен осы ауқымды жобаны жүзеге асыруға қатысқанымызға өте қуаныштымыз», – деді «Эко-культура» компаниясының директоры А.Рудаков.

Өз кезегінде өңір басшысы жобаға инфрақұрылым тарту мәселесі алдағы уақытта оң шешімін табатынын айтты. Өңірдегі жылыжай кешені голландық технологиямен жұмыс істейтін болады. Ал, мамандарды Ресейде ақысыз түрде оқыту жоспарлануда. Мұнда өндірілетін қызанақ пен қиярды ТМД мен Еуропа елдеріне экспорттау көзделіп отыр.

Осындай ауқымды жобаның болашағы жөнінде Келес ауданы әкімдігінің ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ергеш Әбішевтен сұрағанымызда, ол былай деп жауап берді: «Рас, бұл бүгінгі таңда теңдесі жоқ жоба болып тұр. Егер инвестор 10 мың адамға жұмыс орнын ашса, аудандағы жұмыссыздық мәселесі шешімін табады деген сөз.

Бұл жылыжайлар қазіргідей кленкамен емес, арнайы шынымен жабылмақ. Яғни, ұзақ уақытқа арналып отыр. Жылыжай кешенінде автопаркинг болады, асхана жұмыс істейді. Алыстан келген жұмысшылар түнде қайтпай, сол жерде қалу үшін жағдай жасалмақ. Ресейден мамандар келеді деп күтілуде. Оларға да тұратын жер керек. Сондықтан шағын үйлер салынады. Өзіңіз білесіз, адам көп жерде сауда да жолға қойылады. Бәлкім алдағы уақытта жеке кәсібін жүргізуді көздегендер ол аймақта дүкен ашып жатса да таңқалуға болмайды. Бір сөзбен айтқанда, шағын қалашық бой көтеретін секілді.

Тұқымды келесі жылы себуді жоспарлауда. Ондай жағдайда бірнеше айда өнім бере бастайды. Сол арқылы Келестен шыққан көкөніс тек Қазақстан мен Ресей ғана емес, Еуропа елдеріне де жол тартпақ. Су мәселесі қиындық тудыратын сияқты. Инвесторлар ол мәселені шешуді аудан мойнына алса деген ұсыныс білдірді. Бұл жағы облыс өкімі Өмірзақ Естайұлының назарында болады. Қалай дегенмен, біз бұл жобаның іске асуына мүдделіміз».

Келестің өз алдына ірге ажыратып, аудан атанғалы жергілікті халық қуанышты. Оның пайдалы болатыны осындай оң істерден-ақ байқалады. Ең бастысы осы секілді ірі жобалар қатары көбейе берсе, Келестің ауыл шаруашылығының да дамуына даңғыл жол ашылары анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *