Әлеумет Қоғам

Жаңа орталық – белсенді өмір сүруге бейімдейді

Қоғам, қоғамның әрбір мүшесі үшін аудан-қалалардың әлеуметтік тұрғыда дамуы өте маңызды есептеледі. Әлеуметтің әлеуетінің артуы – елдегі даму көрсеткішінің негізгі критерийлері болып табылады. Міне, осы тұрғыдан алғанда еліміздегі үшінші мегаполис – Шымкент қаласында жақсы жаңалықтар орын алуда.

         Сөзімізді дәлел болар дәйек ретінде өткен аптада ашылған белсенді өмір сүру орталығын айтуға болады. Шаһарда алғаш рет ашылып отырған бұл қандай орталық? Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің түсіндіруінше, қала әкімдігінің «Асыл жүрек» әлеуметтік-медициналық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты жаңа орталықтың негізгі мақсаты — жасы егде, өзіне қарауға мүмкіндігі жоқ қарттарға және зейнеткерлерге денсаулық жағдайына байланысты жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсету. Шындығын айтқанда, ата-апаларымыз зейнетке шыққанға дейін белсенді, қоғаммен тығыз араласып жұмыс істеп келеді де, зейнетке шыққаннан кейін олардың белсенділігі бәсеңдеп, үйден шықпай қалады. Бұл олардың денсакулығына кері әсер ететіні түсінікті. Ал олардың өмір сүру белсенділігін арттыру – ортақ міндетіміз.

 Орталық үш қабатты, заманауи құралдармен жабдықталған ғимаратқа жайғастырылған. Онда интернет-кафе, емдік-уқалау, физикалық-емдеу бөлмесі, кинозал, кітапхана, тренажерлық және спортпен шұғылдану (йога, үстел теннисі, бильярд) және балаларға арналған ойын бөлмелері бар.

         Орталықтың ашылу рәсіміне қатысып, жұмысымен танысқан Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Біздің қоғам аға буынға қашан да құрмет көрсете білген. Бұл біздің дәстүрде бар. Біз үшін әке-шешелерiмiз бен ата-әжелерiмiздiң лайықты күтімі, заман ағымына ілесіп отыруы маңызды. Мұнда олар бір-бірімен араласып, спортпен шұғылданып, уақыт көшімен бірге дамып отырады. Компьютер сауаттылығын үйренуге де мүмкіндік жасалмақ. Шетелде немесе Қазақстанның басқа өңірінде жүрген бала-шағасы, немересі болса скайп арқылы сөйлесе алады. Бұл орталық зейнеткерлердің көңіл көтеретін орталығы болады және мұнда олар бір-бірімен араласып, өмірін ұзартады деп сенім білдіреміз. Сонымен қатар, мұнда балалар да келіп, егде тартқан кісілермен сөйлесуге, ақыл-кеңес алуға мүмкіндігі болады. Балалардың тағы де ата-әжесі болады, ал ата-әжелердің айналасында балалар қаумалап жүретін болады. Бұл екі буын өкілдері үшін де жанға шуақ сыйлайтын жағдай. Келешекте Шымкент қаласында балалар үйі деген болмауы керек», — деп атап өтті. Орталық қарттар мен зейнеткерлерді қолдау, оларға рухани-әлеуметтік көмек көрсету мақсатында ашылып отырғанын, мұнда кез-келген зейнет жасындағы қала тұрғыны келе алатынын жеткізді. Шымкент қаласында 79 мыңға жуық зейнет жасындағы қарттардың бар екенін ескерсек, жаңа орталықтың олар үшін қаншалықты маңызды екенін аңғару қиынға соқпайды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаевтың айтуынша, орталық екі ауысымда таңертеңнен түске дейін, түстен кешке дейін жұмыс істейді екен.

         Әзірге ғимараты жалға алынып отырған орталықта 20-ға жуық қызметкер бар. жаңа бастама оң нәтиже көрсетіп жатса, қала ішіндегі өзге аудандарда да орталықтар ашу жоспарда бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *