Қоғам Мәселе

Тест кітапшасын сатқаны үшін тәртіптік шараға тартылды

Арыз иесі бұған да қанағаттанбай отыр

Мектепте ақшаның жиналмауы жөнінде аудандық білім бөлімдерінен бастап, министрлік тарапынан да жиі айтылып жатыр. Бірақ, тапсырманың орындалуына тиянақтылық танытпайтындар да кездесетінге ұқсайды. Бұл туралы «Өзге пікір»газетінің өткен нөмірлерінің бірінде «Тест кітапшалары тегін бе, сатылады ма? Келестен жолданған арыз Сенатқа жетті» деген тақырыпта мақала жазғанбыз. Ол жерде Келес ауданындағы З.Рүстемов мектебінде ақша жинауға қатысты шыққан жанжал жөнінде жазылған болатын. Онда Қошқар ата ауылының тұрғыны Қалибек Мұсабаевтың   «300 теңгеден айына төрт рет жинайды. Менің сегіз балам бар. Оның төртеуі мектепте оқиды. Барлығына ақшаны қайдан табамын? Өзім үшінші топтағы мүгедекпін. «Тым құрыса, алған ақшаңа түбіртек бер» десем, директор «бұл білім бөлімінің тапсырмасы» деп мәселенің мән-жайын түсіндіргісі келмейді. Сонда біз ақшаны кімге, не үшін береміз?

Мектеп басшылығы тест кітаптарына ақша жинағаны аздай енді мереке қарсаңындағы шарға деп 100 теңге сұратыпты. Оны да беріп жібердім. Жуырда қызым «краскіге» деп тағы 1000 теңге сұрап келді. Өзім сөйлесемін дегеннен кейін бұл әңгіме қайта қозғалмады. Келеді деп күтіп жүр ме, әлде бермей-ақ қойсын деді ме, әйтеуір мазаламады»,  – деген шағымы келтірілген еді.

Әрине, бұл мәселеге қатысты мектеп башылығы жауапкершілікті өздерінен алшақтатуға тырысып бақты. Директордың орынбасары Асан Жұмағұлов: «Біз дайындықты күшейту үшін және ата-аналардың өтініші бойынша 4,9,11 сыныптардан тест алып тұрамыз. Тест сұрақтары енгізілген кітапшаны шығарумен жеке кәсіпкер айналысады. Сол себепті бізге оны ешкім де тегін бермейді», – деп шарасыздық танытқанынан да оқырман хабардар.

Арыз иесі мектепте жүргізілетін іс-шараның барлығы, әсіресе көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін болу керек деген ұстанымда. Ол мектепте себепсіз ақша жинай беру мезі еткендіктен жан-жаққа арыздануға мәжбүр болғанын алға тартты.

Кешегі аптада Қ.Мұсабаев редакцияға тағы да хабарласып, Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Н.Изтелеуовтың арыз иесіне берген жауабын жолдады. Онда былай делінген: «Басқарма тарапынан ақылы тест кітапшаларын сатып алмау туралы бірнеше рет ескерту жасалғанымен Келес аудандық білім, спорт және денешынықтыру бөлімінің жауапты қызмектерлері тарапынан білім беру ұйымдарымен тиісті жұмыстар атқармағандығы анықталды.

Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстарын жүргізуде, оқу жетістіктерін сырттай бағалау бойынша 4, 9, 11 сынып оқушыларын дайындауды және bilimlend платформасын пайдалануды толығымен ұйымдастырмай, ақылы тест кітапшаларға аса көңіл бөлгені үшін бөлімнің жауапты қызметкерлері — Әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Г.Қасымбековаға және әдіскер Ж.Түркебаеваға «ескерту» түріндегі тәртіптік шара қолданылды. Сондай-ақ, З.Рүстемов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Г.Пармановаға, оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Жұмағұловқа, информатика пәнінің мұғалімі Е.Әшірбаевқа, 10а сынып жетекшісі Е.Көбеевке «сөгіс» түріндегі тәртіптік шара белгіленгенін хабарлаймын».

Алайда, арыз иесі Қ.Мұсабаев бұл жауапқа да көңілі толмай отыр. «Басқа жерде ақша алғандар жұмыстан қуылып, сотталып жатыр. Ал бізде басқарманың тапсырмасына қарамастан ақша жинағандар ескерту мен сөгіспен құтылып кетеді. Әділетсіздік бұлай жалғаса берсе жемқорлықтың, парақорлықтың түбіне қалай жетіп, оған қашан нүкте қойылады», – деген ол келесі арызды еліміздің жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазатынын айтады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *