Қоғам Мәселе

Бұйрық кітабы арналмаған, мектеп мүлкі түгелденбеген…

 Ордабасылық мектептегі олқылықтарға кім кінәлі?

 Кезекті оқу жылы тарих қойнауына тапсырылды. Енді мектеп те, ұстаздар да өткен тоғыз айды қорытындылап, жүйкені тынықтырып алғасын жаңа жылдың жоспарын құруға кірісе бастайыны белгілі. Әрине, бұл ұйыған айрандай, бірлігі жарасқан ұжымға тән жағдай. Ал қосшысы басшысын тыңдамай, бірі екіншісінің үстінен арызданатын ұжымда мұндай үйлесімділік қаншалықты салтанат құрады? Ондай ұжымның мүшелері келесі оқу жылына ендіретін жаңалықтармен бас ауыртудың орнына бір-бірінің өткенін қазбалаумен айналыспасына кім кепіл? Мұндай жағдайда ұжымда береке қашып, бірін бірі сотқа сүйреуге дейін ұласып, ұстаздар қауымы тынығудың орнына жазғы демалысын шаршап-шалдығумен өткізуі әбден мүмкін.

Біздің бұлай деуімізге кешегі аптада облыстық Тұтынушылар Құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің директоры Расул Дүмшебайдың редакцияға арызданып келуі себеп болып отыр. Өзін Ордабасы ауданындағы Д.Қонаев атындағы (осы жылдың мамыр айына дейін «Шұбар» атанған) мектебіндегі іс-жүргізуші Динара Сүлейменованың сенімді өкілімін деп таныстырған Расул Ыбырайымұлы мектеп басшылығы тарапынан жасалып жатқан қысым жөнінде өзінің және қорғауындағы азаматшаның жазған арыздарын қалдырды. Оқырманға түсінікті болу үшін осы арыздан қысқаша үзінді келтіре кетейік.

«Қай азамат болмасын, егер біреу өзін одан биік санап, елдің көзінше рухани кемсітіп, ар-намысына тиіп, аузына келгенін айтып, жылатып кетсе, одан өткен қорлықты сезінбесі анық. Жәбір көрген азамат, әрине, ашынады, ақтығын дәлелдеу үшін арыздануға мәжбүр болады. Сондай азаматтың бірі — Ордабасы ауданындағы Д.Қонаев мектебінің іс-жүргізушісі Динара Сүлейменова. Ол мектептің бұрынғы басшысы болған Бауыржан Айдарбектің заңсыз тірліктері туралы арызданған. Арыздың негізгі мәтіні мынадай: «Б.Айдарбек 5 жыл директорлық лауазымдық қызмет атқарып, зейнетке шыққан уақытына дейін 75 жыл сақталуға тиісті байланған, беттері белгіленген, мөрленген «қызметкерлердің жеке құрам бойынша бұйрықтары (қабылдау, жұмыстан босату, ауыстыру) жөніндегі кітапты арнамаған. Жылда бұйрық парақтарын іске тігіп, мұрағатқа өткізіп отырған, бірақ актіленбеген. Соның салдарынан 2015, 2016, 2017 жылдардағы бұйрық кітаптары жоғалған.

            Жұмысқа қабылдау жөніндегі бұйрықтар қызметкерлердің еңбек кітапшасына түспеген, оны түсіретін негіз жоқ. Мектептің жылжымайтын мүліктеріне есеп жүргізілмеген. Инвентарлық кітап арналмаған. Оқушылар қозғалысының бұйрық кітабы жүргізілмеген. Қысқасы, мектеп басшысы және оның орынбасарлары 5 жыл бойы ойларына келгенін істеп жүргендігі, сыбайлас жемқорлыққа жол ашып, азаматтар мен мектеп бітірушілердің болашағын ойламағандығы көрініп тұр. Б.Айдарбек мектепке келіп, елдің наразылығын өзінен аудару үшін Д.Сүлейменованы кінәлі көрсету мақсатында еңбек кітапшасын бүлдіріп, ар-намысына тигенге ұқсайды».

Әрине, арыз жазу, шағым келтіру әр адамның өзінің құқындағы дүние. Онда не жазатынын да өзі шешеді. Ал оның қаншалықты дұрыс немесе жалған екенін анықтайтын құзырлы органдар бар. Біз болсақ арыз авторының айтқандарын бір жақты бере салмай, екінші жақтың да пікірлерін беру үшін өткен аптада арнайы Ордабасы ауданына барып қайттық. Д.Қонаев атындағы мектептің және аудандық білім бөлімі басшыларының пікірлеріне құлақ түрдік. Екі тараптың уәжін тыңдап қоя салмастан, арызда айтылған кемшіліктердің қаншалықты орын алған-алмағандығына көз жеткізуге тырыстық.

Айтылып отырған мектептің бұрынғы директоры Бауыржан Айдарбек өз тарапынан ешкімнің ар-намысына тиетін сөз айтпағанын, бұйрық кітапшалардың сақталуына өзінің жауап бермейтінін, егер олар жоқ болса, жауапты мамандарға сенгенін айтты. Тіпті аудандық білім бөлімі басшылығы тарапынан бұйрық кітапшасын жүргізудің қажеті жоқтығы жөнінде айтылғанын да жасырмады. Ал мектептің қазіргі басшысы Жадыра Рахманқұлова өзінің жұмысқа кіріскеніне енді бір ай болғанын, сол себепті аталған келеңсіздіктерден хабарсыз екенін, Д.Сүлейменованы бұйрықпен архивке жауапты маман етіп бекіткенін, журналдардың жоқ екені сол кезде анықталғанын алға тартты. Арыздағы «мектептің жылжымайтын мүліктеріне есеп жүргізілмеген. Инвентарлық кітап арналмаған» деген айыптауға қатысты директор: «Рас, мен мүліктерді біртіндеп санап қабылдағаным жоқ. Шынымды айтсам, тексеріс болған жағдайда қанша парта, қанша компьютердің кем шығатынын да білмеймін. Алғашында айырмашылықтар болғандықтан қабылдау актісіне қол қоймағанмын. Бірақ білім бөліміндегі осыған жауапты азамат «оған деген жауапкершілік орынбасарға жүктеледі» деп ескертіп, қабылда деген соң, қабылдадым», – деп ақталды.

Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева мектепте бұйрық кітаптары жоқ дегенге таңданғаны сондай, мамандарын шақырып алып: «Қонаев мектебі аттестациядан қашан өтті? Сол кезде журналдар неге тексерілмеген, жаңа директор барғанда инвентарларды неге қабылдап алмаған?», – деп біраз сауалдарды қатар қойды. Арызда жазылған мән-жайларды анықтау үшін білім бөлімінің заңгері Маратжан Молдыбаев, сектор меңгерушісі Мұхит Сәрсенбековты Шұбар ауылындағы Д.Қонаев мектебіне жіберді. Онда директор мен екі орынбасарының және арызданушы Д.Сүлейменованың қатысуымен арыз қаралып, біршама кемшіліктердің орын алғаны анықталды. Атап айтқанда, 2015, 2016, 2017 жылдаға арналған жеке құрамның журналы жоқ болып шықты. Бұйрықтардың кейбірі тіркелмеген. Еңбек кітапшаларға бұйрықтар түспеген. Мамыр айында мектеп атауы өзгертілгендіктен, мұғалімдердің барлығының еңбек кітапшасына бұйрық қайта жазылуы керек болған. Тіпті, кейбір мұғалімдердің жұмысқа қашан қабылданғандығы жөніндегі мәлімет еш жерде тіркелмеген. Бұйрықтың кейбір көшірмелері жоғалған. Бұл салғырттық па, салақтық па?

Анықталған бұл кемшіліктерге ендігі жерде кім жауапты екені белгісіз. Себебі бұрынғы директор Бауыржан Айдарбек бүгінде зейнеткерлік жасқа толып, бейнетінің зейнетін көруде. Жаңа директор бұған өзінің ешқандай қатысы жоқ екенін айтады. Іс басқарушы да бала күтіміне байланысты демалыстан жуырда келгенін айтады. Ол кісі: «Орынбасарлар бұйрықтың жобасын өздері дайындап, директорға қол қойғызып, мөр басқызады. Маған тіркеуге қалаған уақыттарында береді. Ұмытып кетіп, жүре беретін кездері де болады. Кейде бір ай бұрынғы бұйрықтарды тіркеуге алып келеді. Оған дейін қанашама бұйрық шығып қояды. Содан бұйрық кітабына өзгеріс енеді. Мысалы, міне менде мамыр айындағы қаншама бұйрық тіркелмеген. Көшірмелерін жинап отырмын. Тіркейін десем, кей бұйрықтар орынбасарлардың сөмкесінде жүр. Олар қашан береді? Бір күні келеді де өткен күнмен тіркеуді тапсырады. Сондықтан, өзгеріс болады. Олай болмас үшін соңғы кездері бұйрық санын қаламмен жазамын. Енді келіп бұлар мені кінәлайды. Шын мәнінде жаңа директор маған архивтің жауапкершілігін 6-мамырдан бастап бұйрықпен бекітті. Оған дейін мұрағаттың кілті әркімнің қолында жүрді», – деп жылағандай болды.

Барлығының уәжін тыңдаған білім бөлімінің мамандары директор Ж. Рахманқұловаға тез арада бұл олқылықты жою үшін білім бөліміне барып, бұйрықтың көшірмесін алуды тапсырды. Сонымен бірге жоғалып кеткен бұйрық кітапшасын табу керектігін де ескертті. Өзі бұйрық шығарып немесе білім бөліміне қызметтік хатпен шығып, мектеп мүлкін де түгендеуге кеңес берді. Ал кейбір бұйрық журналдары орынбасарлардың суырмасынан табылды.

Ашынғаннан шығады ащы даусым, демекші ашынған арызданушының шағымда көрсеткен келеңсіздіктердің бірқатарының жалған еместігі осылай анықталып отыр. Бұл келеңсіздіктердің орын алуына енді кім кінәлі болады? Бұрынғы директор ма, қазіргісі ме? Бәлкім, аудандық білім бөліміндегі тиісті мамандардың кінәсінен кемшіліктерге жол берілген болар? Бұл сауалдардың жауабын Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаеваның өзі берген дұрыс шығар? Қалай болғанда да нақты бір жауабын күтеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *