Өмірдің өзі

Көзі тірісінде көріспестей керіскен еді

Өлгеннен кейін өкініштен өзегі өртенді

Бұл жалғанда мұсылман баласы үшін бауырдан артық жақын жоқ. Бірақ көзі тірісінде бауыр еті – бауырларының қадірін білмей жүргендер қаншама?! Әсіресе, бүгінгі таңда қазақ үшін қасіретпен тең мұндай келеңсіздіктер көп кездесетін болды. Өзім куә болған бір оқиға ойыма оралып отыр…

Кеңес үкіметі тарап, жер үлестері жаппай пайға беріле бастады. Сол кезде Мақтаарал ауданында тұратын Берік, Серік және Ерік деген ағайынды үш жігіт өздеріне тиесілі жерге мемлекеттік акт жасатып алды. Арада жылдар өткенде ағайындылардың кішісі Ерік ұзаққа созылған сырқаттан дүние салды. Дерт дендегенде ажалы жақындағанын сезген ол артында қалып бара жатқан кішкентай бүлдіршіндеріне қамқор болар деген оймен үлкен ағасына өзіне тиесілі жер теліміне иелік ету құқын беретін сенімхат қалдырады. Ал ағасы Берік ол кезде қызметте жүргендіктен, ол жермен жұмысы болмайды. Бұл аралықта үшеуіне тиесілі жерді ортаңғы ұл — Серік пайдаланды. Осы себепті болса керек, Серік өзін барлық жердің иесі сезіне бастағанға ұқсайды. Ортақ келісім бойынша ағасы мен інісіне тиесілі үлесті тым азайтып та жіберді. Осыдан келіп арада дау туындайды.

Дау сотқа дейін барды. Сот жердің заңды иесі Беріктің пайдасына шешім шығарды. Мұнымен келіспеген Серік апелляциялық, кассациялық сот алқасының төрелігіне жүгінгенімен, алғашқы шешім өзгеріссіз қала берген. Сот орындаушылары Берікке қайтыс болған інісі екеуінің үлесін бөліп алып берді. Міне, осы жайт туған ағайынды екі жігіттің арасындағы даудың өшпенділікке ұласуына себеп болады. Тіпті, бір-бірінің той-жиынына да барыспайтын халге жетті. Екеуі екі қалада тұрса бір сәрі, бір ауылда тұрып, бір-бірімен амандаспайтын болды. Мұнысы сырт көзге өте қораш көрінетін еді. Үлкендер жағы Серікке талай рет «Ағаңа ертіп апарайық, жасың кіші ғой, бірінші болып кешірім сұра. Оның үстіне қателік сен тарапыңнан кетті. Бір әке, бір шешеден қалған екеуің ғана. Ертең біреуіңе бір нәрсе бола қалса, бауырымдап тұратын өздерің ғой», – деп басу айтқанымен, иліге қоймады. Қайта өршеленіп «Берік өлсе де үйіне бармаймын» деп қасарысып тұрып алды. Ашу – дұшпан демекші, ашуға ерік беріп, тәкаппарлығын жеңе алмаған Серік мұнысына енді өмір бойы өкінетін халге түсті.

 Рамазан айы басталарда Беріктің кенеттен жүрек талмасы ұстап, ойламаған жерден о дүниелік болып кетті. Аудандық аурухананың мәйітханасынан ағасының денесін алып кетуге онымен бірнеше жылдан бері кездеспей жүрген Серік келіпті. Мұны көрген Беріктің балалары оны қуып жібермек болғанда араға тағы үлкендер араласты. Ал жаназа намазын оқымақ болғанда сапқа тұруға келе жатқан Серікті алдынан күтіп алған Қожаберді есімді ауылдың бір қариясы көпшіліктің көзінше «Сен бұл жерде неге жүрсің, бұл өмірдің жалған екенін енді білдің бе? Көзі тірісінде осы ағаңнан барып кешірім сұра, өзім-ақ ертіп апарайын деп саған қаншама рет айтсам да «өлігіне де бармаймын» деп табандап тұрып алып едің ғой. Енді неменеге келіп тұрсың?» – деп, сүйегінен өткізе қатты айтты. Ал Серік болса басы салбырап, көзін төмен салған күйі ештеңе деп жауап қайтармады. Алға да жүре алмай, бұрылып кері де қайта алмай, бір орында қаққан қазықтай қатып қалған оның бұл кезде қос жанарына ерік беріп, егіліп жылағаннан басқа амалы қалмаған еді. Дәл сол сәтте Серіктің ішкі жан дүниесі қандай күйде болғанын ешкім де дөп басып айта алмасы анық еді.

Қандай үлкен өкініш десеңізші! Бауырын өкпеге қиса да, кім өлімге қия қояды дейсіз?! Ислам дінінде мұсылмандардың бір-біріне үш күннен артық ренжіп, сәлемдеспей жүруіне рұқсат жоқ. Ал, кім бірінші барып кешірім сұрар болса, соған екі есе сауап жазылады екен. Қолда барда алтынның қадірі жоқ деп атам қазақ тегін айтпаған. Алтындарымызды қолда барда қадірлей білейік. Өлгеннен кейін өзегің өртеніп өкінгеннен ешқандай пайда жоқ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *