Әлеумет

Түркістанды дамыту заман талабы, Елбасы тапсырмасы

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы 19 маусымда Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Сол кезде облыс орталығы етіп Түркістан қаласын бекіткен болатын. Міне, биылғы 19-маусымда Түркістан облысының құрылғанына және Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына жыл толып отыр.

Арада бір ақ жыл өтті. Соған қарамастан өңір қарқынды дамудың жолына түсті. Ал облыс орталығы Түркістан қаласы жаңа кейіпке еніп келеді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін соңғы бір айда Үкімет тарапынан аса маңызды бес қаулы қабылданған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі былай деп хабарлайды: «Халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мөлшері орташа есеппен қырық пайызға артып, 2019 жылы 65 946 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Жыл соңына дейін 1032 көпбалалы отбасы  пәтермен қамтамасыз етілмек. Ал алғашқы бес айда облыс бойынша 1724 пәтер тапсырылды. Жыл қорытындысымен 2 613 пәтер пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ, медицина саласында да жетістіктер аз емес. Облыстық бюджеттен шалғай елді мекендерге 62 модульдік медициналық пункт сатып алынды, биылғы жылы 19 модульдік медициналық пункт орнату жоспарлануда. Облыс көлемінде екі қалалық, төрт аудандық емхананың құрылысы жүріп жатыр. Түркістан қаласында №3 облыстық перинаталдық орталығына жапсарлас 150 орындық перзентхана және 900 орындық бір білім ұясының құрылысы жүруде.

Жұмыссыздықты жою мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Биыл мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 3315 жаңа жұмыс орындары ашылды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама шеңберінде 24478 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты, олардың көпшілігіне жолдама берілді.

Тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылым, соның ішінде жылу, су тарту жүйесі, газ және электрмен жабдықтау бойынша көптеген мәселелер шешімін тапқан.

Облыстың құрылғанына орай Жастар ресурстық орталығында баспасөз-конференциясында облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы былай деді: «Түркістан қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ағымдағы жылдың соңына қарай халықтың 56 пайызын газбен қамтамасыз ету жоспарда бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласын 83 пайызын ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар басталды. Бүгінгі таңда құрылысы қарқынды жүріп жатқан Түркістанда 29 нысан бой көтереді. Оның ішінде жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысанның құрылысы басталды. Биыл 7 нысан пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, облыс әкімдігі, Астана алаңы, Медиа орталық, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы».

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында туризм саласы бойынша колледж ашу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ экологиялық, тарихи-мәдени және танымдық бағытта 57 туристік маршрут әзірленген. Соның бірі — Қасқасу туристік-рекреациялық кешені, «Ұлы Жібек – жолы» ұлттық қолөнер шеберлері орталығын» жасақтау, Шығыс базары. Ауа-райының қолайлылығы, халықтың еңбекқорлығы – өңірдің инвестициялық қабілеттілігін көрсететін басты өлшемнің бірі. Биылғы жылдың алғашқы бес айында инвестиция көлемі 60 миллиард теңгеден асқан.

Облыс орталығын азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласы аймағында радиусы 15 шақырымды құрайтын азық-түлік және жасыл белдеу қалыптастыру жобасы басталды.

Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Олар: бірінші, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Міне, осы 4 бағыт бойынша идеологиялық жұмыстар қолға алынады. Оның бірқатары Түркістан облысының 1 жылдығы аясында басталып та кетті».      

Иә, аз ғана уақыт ішінде жаңадан құрылған облыстың жеткен жетістіктері аз емес. Ары қарай ел игілігі үшін атқарылатын шаруа да шаш-етектен. Бұл жұмыстардың алдағы уақытта да өз жалғасын тауып түркістандықтар елдің де, Елбасының да сенімінен шығатынына сенім мол.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *