Әлеумет

Шымкентте қандай ірі құрылыстар жүргізілмек?

Соңғы 10-15 жылдың ішінде Шымкент қаласы адам танымастай кейіпте өзгерді. Қаланың солтүстік-шығысында «Нұрсәт» деп аталатын жаңа ықшамаудан бой көтерді. Әкімшілік басқару жүйесі сол жаққа қоныс аударды. Бұл жұмыстар қазір де ары қарай жалғасын тауып жатыр. Біз қала күні мерекесі қарсаңында бас жоспар бойынша қолға алынып жатқан жұмыстардың бірнешеуін қамтымақ ойдамыз. Соның бірі — қаланы қақ ортасындағы Қонаев даңғылына қатысты.

        Қонаев даңғылы Шымкент-Ташкент

                 тас жолына дейін жалғаспақ

Аталған даңғылдың Түркістан көшесімен қиылысқан тұсындағы «Түркістан» моншасы өткен жылы бұзылған еді. Бас жоспарға сәйкес Қонаев даңғылын ары қарай созу тап осы жерден бастау алмақ. Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Жеңіс Байымбетовтің сөзіне қарағанда, бұл жұмыс шаһардағы көлік нөпірін азайту үшін қолға алынбақ. «Қазірге дейін «Ескі қала» аумағында орналасқан 74 тұрғын үй мемлекет есебінен сатып алынды, — дейді басқарма басшысы. – Ол үйлердің иелеріне өтемақы төленді. Ал даңғылды ары қарай созудың өзі бірнеше кезеңге бөлінеді. Ең әуелі бұрынғы «Түркістан» моншасы орналасқан жерден қазіргі «Ескі қаладағы» «Магнолия» дүкеніне дейін созылып, Таштракт көшесін қақ жарып өтеді. Ескі автовокзал мен қазіргі «Магнум» дүкенінің арасында «Бекжан» автовокзалының маңындағыдай жер асты туннелі салынады. Таштракт көшесі бұрынғы қалпында қала бермек. Даңғыл одан ары Бадам өзеніне дейін созылады. Қазір өзен үстінде көпір салынуда. Көпір құрылысы аяқталған соң «Забадам» елді мекенінің ортасын қақ жарып өтетін жол салынады. Ең соңғы кезең – даңғыл қаладан шыға берістегі Ақтас ауылынан бір-ақ шығады. Одан ары Шымкент-Ташкент тас жолына қосылады. Бұл құрылыс үш жылға жоспарланған».

                   Байтұрсынов көрікті көшеге айналуда

Шымкентте көптен бері ел аузында айтылып келе жатқан тағы бір мәселе — Байтұрсынов көшесі жөнінде. Кезінде қаланың күретамыры іспетті осы көшені кеңейтіледі екен деген сөз шыққан. Алайда тиісті мамандар ойланып-толғана келе көшені кеңейтудің қажеті жоқ деген шешімге тоқтаған көрінеді. Себебі көше кеңейгенімен одан көлік нөпірі азая қоймас, керісінше кептеліс үдей түсуі мүмкін. Оның үстіне қанша жылдан бері көшеге көйлеңке мен сән беріп тұрған биік ағаш-талдардың кесілуі қаупі бар. Сала мамандары осы мәселені түбегейлі зерттей келе аталған көшенің бойында кеңейтілген тротуарлар төсеп, велосипедке арналған арнайы жол салу керек деген ұйғарымға тоқтапты. Оның өзіндік себебі бар. Мысалы, Еуропа елдерінің көбінде көшеде велосипед міну ешкімге таңсық емес. Санасы ояу адамдар велосипедке отырудың денсаулық үшін пайдасы ұшан-теңіз екенін жақсы біледі. Екі дөңгелекті көлікке арналған жол салу осы мақсатта туындаған. Жаңалықты жатырқамайтын талай адам велосипедке отыруды құп көрсе, мұның өзі жолаушы тасымалына едәуір ықпалын тигізері сөзсіз. Кеңейтілген тротуармен, сондай-ақ, жаяу жүргіншілер де емін-еркін жүре алады. Жаяу жүрудің денсаулыққа тигізер пайдасы орасан, салауатты өмір салтын ұстанудың бірден-бір жолы екені айтпаса да түсінікті.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, қаланың оңтүстік-батыс жақ шекарасында орналасқан Көкбұлақ ауылын қақ жарып айналма жол салынады екен. Онымен көбінесе халықаралық ауыр жүк көліктері өтеді. Көкбұлақтан өтетін жол Шымкент-Ташкент тас жолымен түйіседі. Биылғы жылы «Бекжан» базарының маңынан өтетін Ахунбабаев көшесі де жөнделмекші. Бас жоспарға сәйкес, биыл Бозарықтағы айналма жол Асар, Достық ықшамаудандары арқылы Ахунбабаев көшесіне, одан әрі Шымкент-Ташкент тас жолына жалғасатын жол  төрт жолақты етіп қайта салынады. Бадам өзенінің үстіндегі жаңа көпір кеңейеді. Ескеретін нәрсе — жол бойында жұмыс істеп тұрған нысандарға зиян келтірілмейді.

         «Шымкент – 2» теміржол вокзалы салынады

Бас жоспарда Сайрам ауданында орналасқан Манкент станциясы мен Ордабасы ауданына қарасты Бадам станциясының аралығын жалғайтын теміржол салу қарастырылған. Жалпы ұзындығы 44 шақырым құрайтын бұл темір жолдың басым бөлігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолына таяу жермен өтіп, қаланың Ордабасы ауданымен шектесетін тұсынан батысқа қарай ойысады. Осы жолдың бойында, яғни Бозарықта «Шымкент – 2» теміржол вокзалы салынады. Ол бас жоспарда бар, егер қаржы бөлінсе оның құрылысы биыл басталады. Негізінен алғанда, Бозарық елді мекені аумағымен жүк пойыздары жүреді делінген, алайда түптеп келгенде жолаушылар пойыздары да өтуі мүмкін. Өйткені вокзал осы мақсатта салынып жатыр емес пе? Алдағы уақытта «Алматы – 1» және «Алматы – 2» станциялары сияқты теміржол вокзалы Шымкентте де бой көтереді. Сондай-ақ қазіргі кезде Астана даңғылының бойында 8 мың адам сиятын үлкен мешіт салынып жатыр. Оның құрылысы 2020 жылы аяқталады деп күтілуде. Бұйыртса, Орта Азия бойынша ең үлкен саналатын мешіт келесі жылы салтанатты түрде ашылмақ.

 Қысқасы, мегаполисте осындай қыруар жұмыстар атқарылуда. Біз бәрін тізбелемей, тек бірнешеуін ғана тілге тиек еттік. «Құлақ естігенді көз көреді» демекші, Алла жазса, таяу жылдарда осы айтылғандарға сіз бен біз куә боламыз деген ниеттеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *