Мәселе

Ұсыныс жоқ, бұйрық бар

  Құжат жүргізудегі бейберекетсіздікке кім жауап береді?

Дүйсенбі күні редакцияға келген облыстық Тұтынушылар Құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің директоры Расул Дүмшебай Ордабасы ауданындағы Д.Қонаев атындағы мектептің бұрынғы директоры Бауыржан Айдарбек пен аудандық білім бөлімі басшылары тарапынан бармақ басты, көз қысты әрекетке жол берілген болуы мүмкін деген күдігі барын жасырмады. Ол бұл күдіктің туындауына не себеп болып отырғанын өз арызында былай деп көрсетеді. «Д.Қонаев атындағы мектеп директорының екі бірдей оқу ісі жөніндегі орынбасары бола тұра неліктен оған оқу жылының басында емес, ортасында тағы жарты «ставка» орынбасарлық қызмет керек болды? Директор 2018 жылдың 29-желтоқсаны күні аудандық білім бөліміне өзіне орынбасарлық штат бөлу үшін сұраныс хат жолдап, соған байланысты бөлім тарапынан 9-қаңтар күні Жанар Тәжібаеваны орынбасар етіп тағайындауға келісім беріледі. Тәртіп бойынша білім бөлімі алдымен сұратылған штатқа байланысты зерттеп-зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда ғана сұранысқа келісім беру керек. Одан кейін директор тағайындайтын үміткері жайында ұсыныс жолдап, басшының келісімін алуы керек шығар. Бөлім басшысы осыдан кейін келісім берсе, әңгіме басқа. Бұл жерде олай емес. Директордың штат ашу жөніндегі сұранысынан кейін, яғни үміткер ұсынылмай жатып бөлім басшысы Ж.Тәжібаеваны директордың орынбасарлығына тағайындауға келісім береді. Екі арада телефон арқылы әңгіме болса болған шығар, бірақ ешқандай ресми хат көрмедік.

Ескеретін тағы бір мәселе – осы оқиғаның барлығы бұрынғы директор Б.Айдарбектің зейнеткерлікке шығуына санаулы күндер қалғанда асығыс атқарылғаны байқалады. Мәселен, оның Ж.Тәжібаеваны орынбасарлыққа тағайындағаннан кейін екі күннен соң зейнеткерлікке шығуы күдігімізді онан сайын қоюлатады. Осындай әрекеттерден кейін мектеп директоры мен білім бөлімінің басшысы арасында өзара келісім,  «сыбайластық болуы мүмкін-ау» деген күмәнді ойдың келуі заңды. Бізге де сондай ой келе бастады. Ал дамыған мемлекетте олай ойлауға, күдіктенуге заң тыйым сала алмайды. Сондықтан осының анық-қанығын біліп берсеңіздер екен», – дейді Расул Ыбырайымұлы.

 Иә, оқырманның санасын сығалаған күдік пен күмәннің сейілуіне септігіміз тиіп жатса одан біз ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Осыны негізге алып, біз Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаеваға хабарласқанбыз. Ол кісі телефон тұтқасын көтермегендіктен, бізге бөлімнің экономисті Акима Зубайраевамен байланысудың сәті түсті. «Мен бұл оқиға бойынша заң бұзушылыққа жол берілген деп айта алмаймын, – деді ол кісі. – Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы Үкіметтің 2008 жылғы 30 қаңтардағы N 77 Қаулысы бар. Оның сегізінші бөлімінің 30 тармағында «Білім беру ұйымдарында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымы сыныптар саны 40-49 болған кезде 2,5 штат бірлігі, 50-59 болса — 3 штат бірлігі белгіленеді деп көрсетілген. Біз соны басшылыққа алып, жаңа штат аштық. Бұл жерде іс-әрекет заң аясында жүргізілгендіктен, біз хатқа ресми түрде жазбаша жауап бермедік. Егер заңға қайшы болғанда дұрыс емес жерін көрсетіп, жауап жазар едік. Заң шеңберінен шықпағасын ауызша келісім бердік. Олар Ж.Тәжібаеваны тағайындауға келісім сұрап хат берді. Ол хат мектепте тіркелмесе де бізде сақтаулы тұр, көрсете аламыз».  

 Иә, мәселе айқындала бастаған секілді. Мектепте хаттар мен бұйрықтар жазылып отырған, бірақ оларды тіркеуде салғырттық пен салақтыққа жол берілген. Сол себепті мектеп директорының Ж.Тәжібаеваны орынбасарлыққа тағайындау туралы ұсынысы мектепте тіркелмегенге ұқсайды. «Сонда мектептің құжатын толтырудағы мұндай бейберекетсіздікке кім жауапты?», — деген сауал тағы менмұндалап шыға келеді. Біз осы сұрақты қайтадан Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаеваға қоямыз. Себебі ол кездегі директер бүгінде ұзақ жылдық еңбегінің зейнетін көріп отыр. Жаңа директордың ештеңеден хабары жоқ. Мектептің іс-жүргізуші Динара Сүлейменова бұл кезеңде көлік апатына түсіп, жұмыста болмаған екен.

Қысқасы, Д.Қонаев атындағы мектептің іс құжаттарында Ж.Тәжібаеваны орынбасарлыққа тағайындау туралы ұсыныс жоқ. Бірақ ол азаматшаны орынбасарлыққа тағайындау туралы бұйрыққа аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаеваның қол қойған белгісі бар. Бұл бейберекетсіздікке кім жауап береді, Шұға ханым?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *