Әлеумет Қоғам

Жұдырықтай жұмылды…

Шымкенттіктер жәрдемнен аянып қалмады

Тас түскен жеріне ауыр. Арыстықтарды есеңгіретіп тастаған төтенше жағдай бүкіл қазақстандықтардың да қабырғасын қайыстырды. Мұндай кезде қиын жағдайға тап болғандардың алғаш болып есін жиғызатын – ағайынның қолдауы, көптің көмегі. Міне, қанымызда бар осы қасиет кеше ғана жарылыс даласынан тым-тырақай қашып, зәре-құты ұшқан бауырлардың бүгін ес жиып, өз-өздеріне келуіне себеп болды. Адасқан ағайындар табысып, жоғалған бала-шаға табылды. Ақиқатын айтқанда, арыстықтардың басына күн туғанда олардың басым бөлігінің бірінші болып бас сауғалағаны – Шымкент қаласы болды.

            Қашан да қонақжайлығымен ерекшеленетін оңтүстік халқы бұл жолы да ескі жолынан жаңылмай, елдігін танытты. Жарылыс орын алған алғашқы күні Ғабидолла Әбдірахымов тізгінін ұстаған Шымкент қаласының әкімдігі алғашқылардың бірі болып қол ұшын созып, 36 автобусты жапа шеккендерге көмекке аттандырды. Өз көліктерімен, басқа да жолдармен өздігімен қалаға жеткен арыстықтарды жылы қарсы алып, бірден мешіт жанындағы қонақүйлерге, мектеп-интернат жатақханаларына, басқа да оқшаулар орындарына жайғастырды. Жедел түрде ас-суын ұйымдастырып, ыстық тамақ ұсынды. Бұл игілікті іске атсалысушылар ешкім арнайы ұйымдастырмаса да өздігінен тез жиналып, жапа шеккендерге жаппай көмекке келді. Бір-бірінен көз жазып қалған бауырларды, ата-ана мен балаларды қауыштыру ісі жылдам ұйымдастырылып, еріктілер жан-жаққа ақпарат таратып, адасқандар табысты. Жоғалғандар табылды. Алғашқы күні Шымкентте ұйымдастырылған 36 арнайы орталықтарға Арыс пен оның маңайындағы ауылдардан 6435 адам жеткізілген. Оның жартысына жуығы балалар. Соның 67-сі осы орталықтарда ата-анасымен қауышқан. Эвакуациялық жиналу бекеттерінің барлығы халыққа қызмет көрсету орталығының базасына қосылған. Осында сала мамандары жоғалған азаматтарға қатысты деректерді тез арада жүйеге салып, іздеп табуға көмектесіп отырды. Ішкі істер бөлімі мен төтеншілектер азаматтарға қатысты алған ақпаратты шұғыл штаб пен қауырт желіге жіберумен айналысуда. Қазіргі таңда қалада құрылған 42 эвакуациялық пункте жалпы саны 26 691 арыстық азамат тіркелген. Төтенше жағдайлардан зардап шеккен 47 адам қалалық, 70 адам облыстық ауруханада  жатыр. Оның ішінде 43 бала бар.

Жапа шеккендер түрлі мекен-жайларға орналастырылып жатқанда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев және бірнеше жауапты қызметкерлер қаладағы қабылдау эвакуациялық бекеттерін аралап, шаһардағы ірі оқу орындарының жатақханасында орналасқан қабылдау бекетінде жайғасқан арыстықтардың жағдайымен танысты. «Осындай жағдай болды. Қолымыздан келген барлық көмекті көрсетіп жатырмыз. Сіздер үшін Шымкентте қабылдау бекеттері жұмыс жасауда. Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, жағдаймен танысып, тапсырмалар беріп кетті. Өртенген, қираған үйлер жөнделеді, Үйлеріңізге қайтуға да жағдай жасаймыз», — деді қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов.

            Оқу орындарының студенттері адамдарды жайғастыру, қажетті киім-кешек үлестіруге қолдау көрсетті. Төсек, тұрмыстық заттар, сусындар мен азық-түлік алып келіп жатқандардың қатары да толастар емес. Шымкент қалалық Кәсіпкерлік басқармасы «Көрме» орталығында уақытша азық-түлік қоймасын ұйымдастырды.

                        Қан орталығында кезек пайда болды.

 «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл күндері Шымкент қаласының ғана емес тұтас Түркістан облысының тұрғындары бар көмекті көрсетуге дайын екенін көрсетті. Ал қазір көмек республиканың барлық өңірлерінен ағылып келіп жатыр. Арнайы ашылған қайырымдылық есеп шотына түсіп жатқан қаражат көлемі де қомақты. Көптің қолдауының арқасында уақытша оқшауланған арыстықтар өз отбасыларына оралғанша ешқандай қиындықты сезінбейтін болады. Өз кезегінде зардап шегушілер де қиын жағдайда арқасүйер болған ағайынға шексіз алғысын білдіріп жатыр.

 Жарылыстан зардап шеккендерге арнап қан тапсырғандар қатары да бұл күні әдеттегіден әлдеқайда көп болды. Дәлірегі, үш есеге артқан. Әдетте кешке сағат беске дейін жұмыс істейтін бұл орталықтың есігі төтенше жағдай жарияланған күннен бастап түнгі тоғызға дейін ашық тұр. Қан тапсыруға ниетті адамдар, тіпті, кезекке тұруға мәжбүр болған. Орталық мамандарының айтуынша, мұнда қан қоры жеткілікті екен. Солай болса да ел басына күн туғанда шет қалмаған шымкенттіктердің бірлігіне тәнті болған дәрігерлер қан тапсыруға ниет білдіргендердің қатары әлі де көп екенін айтады.

Қауесет таратушылар да қарап қалмады

         Көпшілік болғасын, арасында ниеті бұзықтардың да кездесетіні табиғи заңдылық. Солардың үрейді арттыратын қауесеттері де әлеуметтік желіні желдей есті. Онсыз да абдырып отырған халық қай ақпараттың рас, қайсысының жалған екенін ажыратудан қалды. Осындай аласапыран кезінде халыққа ресми ақпараттар жеткізу үшін қала басшысы Ғабидолла Рахметоллаұлының өзі бастап іске кірісіп, тиісті сала мамандарының қатысуымен арнайы брифинг ұйымдастырды. Әкім әлеуметтік желілер мен мессенждерлерде таралған «10 балдық жер сілкінісі болады», «Көрме орталығындағы гуманитарлық көмектер тоналып жатыр» деген сияқты алып-қашпа әңгіме таратушылардың әрекетін сынап, халықты дүрлікпеуге шақырды.

 Баспасөз жиынында қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов жалған ақпарат таратқан Арыс тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын, ал жалпы, тәртіп сақшылары қатаң режимде жұмыс істеп жатқаны жайында мәлімдеді. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Мадияр Жақсыбаев болса Арыстағы жағдайдың тұрақты екенін хабарлады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Арман Сұлтанов та Шымкентке келіп тоқтаған жолаушыларды жеткізу барысы ойдағыдай жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Бүтін нанды бөліп, жарты нанды жарып жеген халықпыз

Біз де осындай алып-қашты қауесеттердің көбейгеніне байланысты оқшаулау пункттеріндегі шынайы жағдайды өз көзімізбен көру мақсатында бірнешеуіне бас сұғып көрдік. Соның бірі — Қарабастау тұрғын алабындағы №99 мектепте ұйымдастырылған пункт. Біздің алдымыздан шыққан ауыл биі Кеңес Сейтаев арыстық азаматтар жатқан және тамақтанатын жерді көрсете жүріп, былай деді: «Арыстағы жағдайды естігенде оларға бізден қандай көмек керек деген ой туындады. Өз бауырларымыз қиналып жатқанда қалай бей-жай отыра аламыз. Қалаға бас сауғалап келген адамдарды қоныстандыру керектігі туралы сөз болғанда ойланбастан келістік. Ауылдағы №99 мектептің бұрын балабақша болған шағын корпусын босатып бердік. Түсте келгендерді «Забадам» ауылында күтіп алып, тамақтандырдық. Қазір бізде 138 адам орналасты. Оның 55-і кәмелеттік жасқа толмағандар. Үш мезгіл тамақ ұйымдастырып отырмыз. Басқа уақытта шәй ішкісі келгендерге де барлық жағдай жасалған. Нан, басқа да азық-түліктер жеткілікті.

Барлығы осы ауыл тұрғындарының көмегімен іске асырылуда. Бақытжан Наурызбаев басқаратын мектеп ұжымына рахмет. Қаржының қомақты бөлігін солар берді. Одан қалса мешіт жамағаттары қолдан келген көмектерін беріп жатыр.

Ақын Қадыр Мырзалиевтің сөзімен айтқанда, біз, қазақ қашан да қонаққа барын беретін, нәрін беретін халықпыз ғой. Аталарымыз сонау соғыс жылдары Кавказдан жер ауып келгендерді де бауырына басып, бүтін нанды бөліп, жарты нанды жарып жеген жоқ па? Неге біз өз қандасымыздың басына ауыр күн туғанда қарап отыруымыз керек? Көмек бергісі келетіндер қатары өте көп. Тіпті, балалар ойнасын деп үйіндегі ойыншықтарын да әкеліп беріп жатқандар бар. Арыс қаласына қайтуға рұқсат берілгенше бұл азаматтар біздің ауылдың қамқорлығында болады».

Әрине, туған жер мен өз үйіңнен безіп, сыртта жүру кімге де болса оңайға соқпасы белгілі. Жарылыс кезінде бас сауғалаған адамдардың жағдайын білу үшін ол кісілерді де әңгімеге тартып көрдік. «Алғашында не болғанын түсінбей қалдық, – деп бастады әңгімесін Айжан Данышбаева. – Соғыс басталып кетті ме деп те ойладық. Снарядтардың ысқырған дауысы естіліп жатты. Бас сауғалып қашу басталды. Халық ештеңені түсінбей, абдырап қалды. Біздің отбасымыздың жартысы Монтайтас жаққа кетіпті, жартымыз Көксарайды паналадық. Бүгін тыншыды ғой. Бір-бірімізбен хабарласып, осы жерде бас қосып отырмыз. Қарабастаудың халқына рахмет, тапқандарын беріп жатыр. Әсіресе, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа алғысымыз шексіз. Бізді осындай жерге орналастырып, жағдайымызды жасап жатыр. 24 сағат бойы денсаулығымыз дәрігерлердің бақылауында. Қан қысымымызды тексеріп, керекті дәрілерді тегін беріп жатыр. Бізге бұдан артық не керек?».

Осылай деген арыстықтардың көңіл түпкірінде бәрібір бір уайымның барын байқадық. Өз үйлеріне ертерек оралғысы келеді. Оларды қараусыз қалған үйлері ғана емес, қорадағы азын-аулақ төрт түліктерінің де жағдайы алаңдатып отырғанын түсінуге болады. Ең бастысы, қауіп сейілді. Енді бірер күнде арыстықтар өз үйлеріне оралатын болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *