Біле жүріңіз

Балаға шомылуды өзіңіз үйретіңіз

Жаз- шомылу маусымы әлі де жалғасуда. Ел ішінде түрлі себептермен шомылуға енді барғалы жүрген жандар бар. Оның үстіне, шомылу кезінде суға бату оқиғалары орын алғаны жайлы ақпараттар тарауда. Сондықтан шомылу кезінде өте сақ болған абзал. Ең бірінші кез-келген әке өз ұл-қыздарына қалай жүзуді үйретуге міндетті. Ол үшін балаларды лажы болса өзендердің саяз жеріне алып барыңыз. Егер бүлдіршін өзен басына барғанда суға түсуден бас тартса бірден келісіңіз. Өйткені, бүлдіршіннің суға өз еркімен түскені жақсы. Ал баланы ең бірінші өзенге барғанда дене терлеп немесе қызып тұрғанда суға бірден түсуге болмайтынын ескертіңіз. Себебі,  дене қызып тұрғанда суға түссе, аяқ-қолдардың буындары тартылып қалады. Егер адам жалғыз өзі жүргенде тереңдігі 5 сантиметр судың өзіне етпетінен құласа, аяқ-қол буындары тартылатындықтан ол сол суға тұншығып өледі. Екінші, баланы өзеннің сыры белгісіз тұстарын кешіп баруға, ол жерлерге сүңгуге болмайтынын айтыңыз. Өзен жағасына барған адам алғаш дене қызуын басып, біраз отыруы қажет. Одан кейін, ағын суға беті-қолын жусын, келесі кезекте қолын иығына дейін, аяғын тізеге дейін суласын. Сонда адам денесі су температурасына бейімделеді. Сөйтіп, біраз тұрған соң суға түсуге болады.

Баланы суға түсіргенде оны өзенде өзін еркін сезінуге, еркін қимылдауға үйретіңіз. Оған суда ешқашан қорқуға болмайды. Көбіне адамдар суда тек қорыққаннан тұншығады. Егер ол терең жерге түсіп кеткенде қорықпай жоғары қарай шығу үшін жүзу амалдарын жасаса көп жағдайда нәтижесін береді. Оның үстіне, адам бірден 4-5 метрлік тереңдікке түсіп кетпейді. Алғаш түскен тереңдіктер көп болса, өз бойынан сәл ғана терең болады. Ондай кезде жоғары шығу үшін жүзіп, болмаса аяқ жерге тигенде аяқтың ұшымен жоғары серпілу қажет. Сонда оп-оңай су бетіне шығады. Осы жағын міндетті түрде құлағына құйыңыз.

Бұл ескертулерден соң баланы саяз жерде «отжимание» жасатыңыз. Одан соң бірнеше рет отырып-тұрып, ары бері әбден жүрсін. Осылай жасау баланы су ішінде қимылдауға үйретеді. Мұнан соң ол су үстіне еркін еңкейе  оң қолын құлаштай алға сермеу керек. Құлаштап жүзу тәсілін тым баяу немесе тым асығыс жасамасын. Оның екеуі де адамды суға батырады. Балаңыз су үстіне өзі жатып құлаштай алмаса, оны белінен ұстап өзіңіз құлаштатыңыз. Одан кейін бала су астында жүзіп дағдылансын.

Бүгінде көп ата-ана балалар пайдаланатын іші ауаға толтырылған камераларға сенеді. Негізі оған жүз пайыз сенуге болмайды. Әсіресе, шомылуға арналған қытай өнімдері. Оның орта жолда желі шығып кетуі әбден мүмкін. Ондай оқиғалар кей жерлерде кездесуде. Сонымен бірге, ауа толтырылған камераларды, жастықтарды екі адам ортақ пайдалануға болмайды. Одан жүзе алмайтын жан құлап кетсе екінші адамның бір жерінен ұстап, оны да өзімен бірге суға батырып әкетуі мүмкін.

Қала берді, ешқашан камераларға сеніп үлкен су қоймаларында орта тұсқа бармаңыз. Ондай жағдайда тосыннан соққан жел камерадағы адамды аударып жібереді. Әрі камерадан айырылсаңыз, оны жел өз екпінімен алып кетеді. Болмаса су ағынымен алыстайды.

Арнайы суға шомылатын бассейндерге барғанда, сол жердегі құтқарушыларға сеніп, баланы назардан тыс қалдырмаңыз. Себебі, онда адам көп. Құтқарушы олардың бәріне бірдей назар салып тұра алмайды. Екіншіден, су қоймалардағы құтқарушылардың көбішомылып жүрген қыздарға көңіл бөліп тұратын жап-жас жігіттер екенін ұмытпаңыз.

Қысқасы, баланы мүмкіндігінше жиі шомылдырыңыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *