Әлеумет

Әлеуметтік көмектің әлегі

  отбасының беріктігіне де сына қағуда

Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде «Әр балаға – 10 мың теңге» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Балалар жәрдемақысы – көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды мәселе болғандықтан, қозғалған осы тақырыпқа байланысты өз ой-пікірлерін айтып, ұсыныс білдіріп, хат жолдап жатқандар көп. Сондай хаттың бірінің авторы, Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылының тұрғыны Бақтияр Оразкелдиев өз ойын қағаз бетіне былай деп түсіріпті.

«Биылғы жылдың басындаҮкіметтің тұрмысы төмен отбасы балаларына 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындағаны белгілі. Бұл жаңалықтан соң жұрт өре түрегеліп, құжат өткізуге кірісіп кетті. Бірақ, қандай құжат өткізу керектігін нақты білмеді. Сол себепті әкімдік маңы мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында халық көп жиналып, ұзын-сонар кезек пайда болды. Наурыз айында басталған бұл аласапыран тірліктің осы күнге дейін басылар түрі жоқ. Бәзбіреулер үш айлық жәрдемақысын алып қойса, енді біреулер әлі күнге дейін құжаттарын өткізе алмай, тамыр-таныс іздеп әлек. Әрине, тамыр-таныс іздеген жерден сыбайластықтың иісі шығатыны белгілі. Бұл парақорлықтың өршуіне себеп болуы да әбден мүмкін.

Тағы бір өкініштісі, жәрдемақыға қол жеткізу жолында ел арасында келеңсіз әрекеттер көбейіп кетті. Мәселен, осы кезге дейін жәрдемақы үшін ата-анасын үйінен тіркеуден шығарып, ерлі-зайыптылардың ажырасуға дейін барып жатқанын естіп те, көріп те жүрміз. Олардың кейбірі өзара келісім негізінде осындай қадамға барса, кейбірі шын мәнісінде мұндай құптамас амалды іске асыруға мәжбүр болған сияқты. Өйтпесе болмайын деп тұр. Неге десеңіз, осы кезге дейін сүйкімді көрініп келген ата-аналардың зейнетақысы енді отбасының кірісі ретінде есептеліп, кесірі тиетін қаржы түріне айналып шыға келді. Ағайындар-ау, бұл не деген бассыздық! Бізге, зейнеткерлерге зейнетақы не үшін тағайындалған? «Ертеңгі күні бала-шағаны, немере-шөберелеріңді асырайсыңдар» деп пе? Зейнеткерлерге зейнетақы өзінің әрі-бері жүріп-тұруына, күнделікті ішіп-жеуіне, киім-кешек алуына, дәрі-дәрмегіне жұмсауға, санаторий мен курортта дем алуы үшін тағайындалмады ма?

Шынын айтқанда, бұл жәрдемақы көпшіліктің арасына іріткі салып жібереді ме деп те қорқамын. Өйткені, бүгінде «Пәленше үш баласына жәрдемақы алады, мен алты балама ештеңе ала алмай жүрмін. Түгеншенің қорасында пәлендей малы бар болса да жәрдемақы алды, менің түгім жоқ болса да ала алмаймын» деп, «Нұр Отанға», басқа да құзырлы органдарға шағымданамын деп жүрген әйелдер саны көп. Осы секілді келеңсіздіктерді көргеннен кейін Үкімет осы жәрдемақыны басқа жолмен шешкенде болар ма еді деген ой келеді.

Бұл жәрдемақы аты айтып тұрғандай, көп балалы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға арналғандықтан, отбасының кірісін есептеместен-ақ әр бала санына қарап он мың теңгеден қосып кете берсе қайтер еді? Мәселен, 3 баласы бар отбасыға 30 мың, жеті ұл-қызды дүниеге әкелген ата-аналарға 70 мың деген секілді. Сонда перзент пен ата-ана, ері мен әйелінің арасында ешқандай да кикілжің, ажырасу болмас еді. Сонымен қатар, отбасылар әлеуметтік жағдайы жоғары және төмен деп бөлінбес еді. Тұрмысы төмен отбасыларға бұл жәрдемақының көмегі өте көп болатыны анық. Сонымен қатар тұрмысы жақсы азаматтар да бала санын көбейткені үшін Үкіметтен ақша алып жатса несі айып? Бұл еліміздегі демографиялық ахуалдың оңалуына оң әсерін тигізбес пе еді? Қоғамда да екіге бөлініп, айтыс-тартыстың орын алуына жол берілмес еді. Бұл менің жеке пікірім, ал сіз не дейсіз ағайын!»

Иә, дарбазалық ағамыздың айтып отырғаны көңілге қонымды. Жәрдемақы үшін ерлі-зайыптылардың ажырасып жатқанын, перзенттердің ата-анасынан теріс айналғаны жалған емес. Мұндай оқиғалар болып жатыр. Ештен кеш жақсы демекші, алдағы уақытта осындай келеңсіздіктерді тоқтату үшін әлі де болса жәрдемақы тағайындау жөніндегі заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізудің қажет екені аңғарылады. Ел ішінде жүрген ағаларымыздың осынау ұсыныстары ел басында отырғандардың құлағына жетіп, көңіл толқындарын қозғаса екен деген ой ғой біздікі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *