Қоғам

Арыстың ахуалы қалыпты жағдайға түсті

Төтенше жағдай орын алған Арыс қаласының бірінші кезекте қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елдің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын реттеп, ауданның экономикасын көтеру міндеті тұрды. Міне, осы міндеттерді мүлтіксіз орындау мақсатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Арысқа көшіп келіп, бір ай уақыт бойы жағдайды өзі тікелей қадағалауға алуы өте ұтымды және батыл шешім болды.

         Қаланы қалпына келтіру жұмыстары 17 сектор бойынша жүзеге асырылуда. Әрбір сектордың жұмысын өңір әкімдерінің және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары және Арыс қаласынан бір жауапты өкілі, жалпы саны 51 адам үйлестіруге кірісті. Жеке-жеке штаб құрып, үйлердің құрылысы, гуманитарлық көмек тарату, қауіпсіздікті сақтау, қаланы тазарту, тұрғындарды ақпараттандыру және өзге де мәселелер бойынша күн сайын мәлімет беріліп келеді. Бірінші кезекте қаланың санитарлық жағдайын қалпына келтіріп, ауыз су, электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері жолға қойылды. Бүгінде қаладағы үйлерді тексеру, құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құнын есептеу жұмыстары жүргізіліп, кейбір үйлердің терезелері ауыстырыла бастаған. Барлық сектор бойынша үйлерді тексеру, акт толтыру жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігерлер анықталып, құрылыс бригадалары жасақталған.

                   Маминнің 10 кешенді шарасы

            Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет басшысы Асқар Мамин арнайы Арысқа келіп, мән-жайды өз көзімен көрді. «Өздеріңіз білетіндей, Елбасы мен Мемлекет басшысы қаланы жедел қалпына келтіруді тапсырған болатын. Бізге Арыс қаласын шұғыл қалпына келтіру бойынша барлық күш-жігерімізді жұмылдыру қажет. Біз Арыс қаласындағы барлық зақым көрген және бұзылған нысандарды 2019 жылдың 1 тамызына дейін жөндеп, салуымыз қажет. Барлық міндеттер оңтайлы, сапалы әрі уақтылы орындалуы керек», — деді ҚР Премьер-Министрі. 

Үкімет басшысы, сонымен қатар, қаланы қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірлері атсалысатынын жеткізді. Зардап шеккен тұрғын үй ғимараттары облыстар арасында бөлінеді, олар құрылыс бригадаларын жіберуі керек. Арыс қаласына барлық облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру үшін келді. Мемлекеттік материалдық қордан барлық құрылыс материалдары бөлінген. Алдын ала бағалаулар бойынша 104 көпқабатты тұрғын үй, 7 200-ге жуық жеке меншік үй, 14 мектеп, 2 аурухана, 28 балабақша, аумақтық мемлекеттік органдар ғимараттары зардап шеккен. 21 үй толықтай өртеніп кеткен. Олардың орнына жаңадан баспана салынатын болады. Үй иелері уақытша орынға жайғасты.

А. Мамин қаланың тіршілігін қалыпқа келтіру және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында даярланған 10 кешенді шараны атап айтты. Олар:

1. Бір ай ішінде қаладағы барлық тұрғын үйлерді жөндеп бітіру;

2. Қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ретінде қаланың әрбір тұрғынына бір мезеттік 100 мың теңге көлемінде өтемақы төлеу; 

3. Арыс қаласынан 4 мың бала сауықтыру лагерлеріне жіберіледі;

4. Әлеуметтік нысандарды жөндеуді ұлттық компаниялардың көмегімен іске асыру көзделген, сондай-ақ құрылыс жұмыстарына ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бизнес қауымдастық тартылатын болады. 66 әлеуметтік нысанды «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» жөндейді. 

5. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 300-ден астам ШОБ кәсіпорнына «Атамекен» ҰКП арқылы ірі бизнес қаражаты есебінен қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарында көмек көрсетіледі;  

6. Қала кәсіпкерлеріне осы жылдың 1 шілдесінен бастап 5 миллион теңгеге дейін жеңілдікпен несиелер беріледі. Биылғы жылдың соңына дейін салықтық каникулдар ұсынылады; 

7. Инженерлік инфрақұрылым, электрмен жабдықтау және байланыс ҚР Үкіметінің қорының қаражаты есебінен қалпына келтіріледі; 

8. Газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту және қайта жөндеу жоспарланған; 

9. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қала тұрғындарына арналған аурухана мен екі емхана салынады; 

10. 2 апта бойы қару-жарақтар әкетіле бастайды. Арсенал қайта орналастырылады. 

Міне, бүгінде осы он шараның барлығы да жүзеге асырыла бастады. Арыстық әрбір тұрғынға тиесілі бір реттік 100 мың теңге көлеміндегі өтемақы жайында облыс әкімінің орынбасары Ж.Аманбаев былай деп мәлімдеді: «Өздеріңіз білетіндей, Арыс қаласында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бастаған делегация келіп кетті.  Арнайы мәжіліс өткізді. Осы жиында Арыс қаласының 44781 тұрғынына 100 мың теңгеден беру жөнінде шешім қабылданды. Кішкентай сәбиден бастап зейнеткерлерге дейін аталған ақша беріледі. Бұл мақсатты орындау үшін 4 миллиард 478 миллион 100 мың теңге қажет. Оның 1 миллиарды облыстық бюджеттен бөлінеді. Ол арнайы сессияда қаралады.  2 миллиарды республикалық бюджеттен, қалған қаражат «Түркістан» корпоративтік қорына түскен ақшадан жұмсалады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен қорға түскен қаражаттың бір тиынына да тиіскен жоқпыз. Ол Арыс тұрғындарына жұмсалады. Қаладағы арнайы мәліметтер базасы арқылы 44781 адамды анықтап, қаражатын аударамыз. Бұл жұмыстарды 2 аптада аяқтап үлгереміз деп ойлаймын. Ешқандай құжат жинаудың, әкімдікке келіп шу шығарудың, әбігерге түсудің қажеті жоқ. Әрбір тұрғын анықталып, тиісті қаражатты алады. Ал балаларының ақшасы келісім бойынша әкесінің немесе анасының есеп-шотына аударылатын болады».

Сонымен қатар, жан-жақтан жеткізіліп жатқан гуманитарлық көмектер де тоқтаған жоқ. Соңғы уақытқа дейін қоймаға 269 тонна қажетті азық-түлік өнімдері, киім-кешек, гигиеналық заттар жиналса, соның 198 тоннасы тұрғындарға берілді. Төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы әкімдігі тарапынан құрылған «Түркістан»  корпоративтік әлеуметтік даму қорына құйылған қаржы көлемі 1 миллиард теңгеден асып жығылды.

                   Шағын және орта бизнес те жанданатын болады

Экономиканың күре тамыры – шағын және орта кәсіпкерлік екенінде талас жоқ. Осы саланы жандандыру арқылы халықтың да әлеуметтік ахуалын көтеруге болады. Осы мақсатта жуырда Арыста бірқатар лауазым иелері, атап айтқанда, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімнің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, оларға берілетін жеңілдетілген несие жайы мен өзге де туындаған сауалдарға жауап берді. 

Арыс қаласында 346 кәсіпкерлік нысан тіркелген екен. Соның 78 пайызы, яғни 258 нысан зақымданған. Мамандардың анықтауынша, 253 нысанға ағымдағы жөндеу, ал 5 нысанды қайтадан құру жұмыстары жүргізу керек екен. Бұл шаруаның сапалы атқарылуына облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев тікелей жауапты болса, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров басты ұйымдастырушы қызметін атқаруда. «Кәсіпкерлермен жұмыс істеу, келтірілген зардаптың ауқымын анықтау, қаражат бөлу жұмыстары қолға алынуда. Апат орын алған соң Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа Палатаның 25 қызметкері қызу кірісіп кетті. Жергілікті бизнеске келтірілген зардап тіркелген. Ендігі кезекте нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін атқарушы органдар тиісті бағалау жұмыстарын жүргізеді, ал кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері бизнестің құқығын қорғау мақсатында бақылаушы қызметін атқаратын болады. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін зақымданған нысандарды мүмкіндігінше 1 ай ішінде қалпына келтіру жоспарлануда», – деді палата директоры.

Бүгінгі таңда Түркістан облысы әкімдігі Арыс қаласының кәсіпкерлерін қолдау мақсатында «Қамқор» бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарлама 1 пайыздық сыйақы мөлшерлемемен 5 миллион теңгеге дейін  кепілсіз несие беруді көздейді. Несиенің мерзімі – 4 жылға дейін және 6 айға дейін несиені төлеуге жеңілдетілген кезең қарастырылған. Аталған қолдау барлық кәсіпкерлік субъектілеріне салалық шектеулерсіз ұсынылатын болады. Жеңілдетілген несие «Ырыс» микроқаржы ұйымымен ұсынылады.

Сонымен қатар, оңтүстік аймақтың инвестициялық орталығы, Ырыс микроқаржы ұйымы, Агронесие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры қаржы институттары арқылы несие алған 150-ге жуық кәсіпкердің 400 миллион теңге көлеміндегі осыған дейін алған несиелеріне жеңілдіктер жасалатын болады. Нақты айтқанда, төлем кестесін өзгерту, айыппұлын қысқарту, несие бойынша негізгі қарызға жеңілдік кезеңін беруді көздейді. Жергілікті бизнесті қолдау мақсатында Арыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салық төлеуден босату қарастырылуда.

         Бүгінде Арыстың тіршілігі бұрынғы қалпына толығымен түсе бастады деп айтуға негіз бар. Барлық банк бөлімшелері ашылып, тұрғындарға жалақы, атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы және жәрдемақы төлеу қолға алынса, сауда орындары мен базарларда, дүкендерде азық-түлік, көкөніс, тұрмысқа қажетті бұйымдар сатылымға түсті.  Мал базары да іске қосылды. Былайша айтқанда, арыстықтар бұрынғы тіршілігін қайта жалғастыруды бастады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *