Uncategorized

«Жастар аллеясы» — жастар жылына орай үлкен сый болғалы тұр

Түркістан күннен күнге көріктеніп, түрленіп келеді. Қасиетті қалада құрлыс жұмыстары қызу қарқын алған. Түркістан – облыс орталығы ғана емес, түркі әлеміне ортақ қасиетті шаһар болғандықтан, мұнда енді саяхаттап келушілер саны көбеймесе, азаймайтыны анық. Сол себепті, қалада халық көп шоғырланған орталық көшелер бойынан қоғамдық көгалдарды, яғни скверлер мен аллеяларды көбейту жұмыстарын жандандыру мақсатында бірнеше демалыс алаңшаларын салу жоспарланған болатын. Дәлірек айтқанда, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тарапынан тапсырма берілген-ді. Сол тапсырмаға сәйкес алаңшалардың бірқатарының құрылысы басталып кетті.

 Түркістан қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаладағы бұрынғы «Селмаг» су қоймасының орнынан бой көтеретін «Жастар аллеясы» қала жастарының демалысы үшін тиімді әрі қолайлы орын болғалы тұр екен. Мұнда теннис корттары, волейбол, баскетбол алаңшаларымен қамтылған спорт алаңдары мен демалыс бастырмалары, субұрқақтар салынып, абаттандырылады. Қазіргі таңда 3,3 гектар жерді құрайтын аллеяның аумағы тегістеліп, тазалау жұмыстары жүргізілген. Енді ескі су қоймасының су құбырлары ауыстырылып, траншеялар қазылуда. Субұрқақтар құрылысы басталып, бетондау жұмыстары жүргізілуде. Демалыс орнының алдында арнайы автотұрақ та салынбақ.

Облыс орталығы болған Түркістан қаласына алдағы уақытта жастар көп шоғырланатынын ескерсек, бұл аллея «Жастар жылындағы» оларға жасалған айрықша сый-сияпат болғалы тұр.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *