Мәселе

Ажырасу – ХХІ ғасыр қасіреті

Дүние үшін неке бұзу үрдіс алды

Нарық заманы елімізге көптеген өзгерістер алып келді. Оның ішінде, әрине, жақсысы да бар, жаманы да жоқ емес. Нарықтық экономиканың арқасында еліміз қарыштап даму жолына түсті. Әлем алдындағы абыройын асқақтатып, салмағын арттырды. Азаматтарға мемлекетке зияны тимейтін кез-келген кәсіппен айналысып, тұрмысын барынша түзетуге мүмкіндік ашылды. Бұл жақсы жағы. Ал жаман жағы ше?

         Жаман жағы дегенде көбіміздің ойымызға ойран болып жатқан отбасылар, шайқалған шаңырақтар оралады. Тұтастай мемлекеттің өзі кіші мемлекет – отбасылардан құралатынын ескерсек, бұл дерттің ушығуы – қоғам үшін қасірет. Ресми статистикаға сенер болсақ, мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары некенің бұзылуы күрт көбейіп кеткен. Айталық, 2000 жылдары елімізде 27 мыңнан астам отбасы бұзылған екен. Бұл көрсеткіш үздіксіз көтеріле беріп, 2010 жылы 41 мың, 2011 жылы 44 мың, 2012 жылы 48500-ге жеткен. Ал, 2017 жылы 54 626-ға көтеріліп кеткен. Сонда дәл бүгінде Қазақстанда жылына елу мыңнан астам неке бұзылып, қаншама балалар тірі жетімнің күйін кешіп жатыр. Екі жылда жүз мыңнан астам ерлі-зайыптылардың ажырасуы бұрын-соңды қазақ тарихында болмаған қасірет.

11 айда 2336 отбасының беріктігіне сына қағылды

Кеңес одағы орнағанға дейін қазақ қоғамында ажырасу деген мүлдем болмаған десек те болады. Тіпті, жаугершілік заманда да жесірін жылатып, жетімін қаңғыртпаған. Ол кезде әмеңгерлік салты берік орнап, жесір қалған келіншектердің мәселесі оңынан шешіліп отырған. Кеңес Одағы тұсында да ілуде бір отбасы бұзылғаны болмаса, ел арасында «ажырасыпты» деген құлаққа түрпідей тиетін сөз айтыла бермейтін. Кеңестік идеология да бұл мәселені реттеп отыруға жұмыс істеді. Этногроф ғалым А.Қалыштың жинақтаған деректерге сүйенсек, 1950 жылдары жылына әрбір 100 отбасының біреуі ғана ыдыраса, алпысыншы жылдары әрбір алтыншы, сексенінші жылдары әрбір төртінші, ал тоқсаныншы жылдары әрбір үшінші отбасы ажырасқан екен. Ал қазір ше?

         Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған деп есептелетін Оңтүстік өңірі үшін де бұл мәселе – күн тәртібінен түспейтін күрделі тақырыпқа айналған. Заң бойынша неке соттарда бұзылады. Ендеше, Түркістан облыстық сотынан алынған дерекке жүгінсек, осы жылдың алғашқы 5 айында неке бұзу бойынша 1997 арыз келіп түскен. Ал, өткен жылдың алғашқы жарты жылдығында екі бөлек өмір сүргісі келген ерлі-зайыптылар қатары 1866 болған. Яғни ажырасуға арыз түсіргендер саны биылғы бес айда өткен жылғы алты айдағы көрсеткіштен де көбейіп кеткен. Осы екі аралықта Түркістан облысы мен Шымкент қаласының өз алдына жеке отау тіккенін ескерсек, ажырасу оқиғаларының тағы да еселей түскенін аңғаруға болады.

Әрине, неке бұзу жөніндегі сотқа түскен арыздарға қатысты бірден шешім қабылдана салмайды. Олардың ойлануы үшін біршама уақыт беріледі. Татуластыруға көптеген әрекеттер жасалады. Сөйтіп, түбегейлі ажырасуға бел буғандарға ғана шешім шығарылады. Үлкен өкінішке қарай, биылғы бес айда түскен 1997 арыз иелерінің 1061-інің арызын қанағаттандырудан басқа амал қалмаған. Төрт ерлі-зайыпты ғана алғашқы райларынан қайтып, келісімге келсе, 55-інің арызы қараусыз қалдырылған. Тағы 171 ерлі-зайыпты медиацияның көмегіне жүгінген. Ал, 2018 жылдың алты айында сотқа неке бұзу бойынша жүгінген 1866 адамның 1275-інің арызы қанағаттандырылып, ресми түрде ажырасып кеткен. Келісімге келген жұбайлар саны екеуден аспаған. 190-ы медиацияға жүгінген. Енді есептей беріңіз, сонда небәрі 11 айдың ішінде облысымызда (Шымкент қаласының биылғы көрсеткішін есептемегенде) 2336 отбасының беріктігіне сына қағылып, екіге айырылды.

         Ажырасудан Сарыағаш ауданы алда келеді

Ажырасу өңіріміздің қай аудандарында белең алып тұр? Тағы да облыстық соттың дерегіне жүгіне отырып, облыс бойынша биыл Сарыағаш ауданының алдыңғы орынға көтерілгенін көруге болады. Бұл ауданда биылғы бес айда неке бұзу бойынша 282 арыз түссе, оның 128-і қанағаттандырылып, осынша ерлі-зайыптылар екі бөлек ғұмыр кешуге көшкен. Екінші орында Түркістан қаласы тұр. Түркі әлеміне ортақ қасиетті қала тұрғындары арасында ажырасуға 245 отбасыдан талап арыз түссе, оның 146-сының талабы қанағаттандырылған. Сонымен қатар, Сайрам (224 талап арыз, 129 бұзылған неке), Кентау (199 талап арыз, 96 бұзылған неке), Жетісай (156 талап арыз, 96 бұзылған неке), Төлеби (136 талап арыз, 77 бұзылған неке), Қазығұрт (118 талап арыз, 63 бұзылған неке), Мақтаарал (110 талап арыз, 62 бұзылған неке), Түлкібас (103 талап арыз, 28 бұзылған неке) аудан-қалаларда да жағдай мәз емес. Халқының саны аздығына байланысты Бәйдібек (29 талап арыз, 17 бұзылған неке), Отырар (31 талап арыз, 21 бұзылған неке), Созақ (43 талап арыз, 31 бұзылған неке), Шардара (67 талап арыз, 26 бұзылған неке) секілді аудандарда бұзылған некелер санының да төмендеу екенін байқауға болады. 2018 жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіштер де осы көрсеткіштен алшақ кете қоймайды.

         «Ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды»

Осындай көзқарас отбасының ойран болуына көп септігін тигізіп жүр

Ерлі-зайыптылар бір-бірінен не үшін жерінеді? Бұл сауалға біржақты жауап беру мүмкін емес. Дегенмен, көпшілігі мінездерінің жараспағанын, тұрмыстық жағдайларына көңілі толмағандығын алға тартатыны айпаса да түсінікті. Қызғаныштың қызыл отына «өртенгендер» де жоқ дей алмаймыз. Жас отау иелерінің өміріне олардың ата-аналарының араласуы салдарынан бұзылған отбасылардың кездесетінін де жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, ажырасуға бел буған ерлі-зайыптылармен бетпе бет отырып, талабын қарап, бар шындыққа қанығып барып шешім шығаратын сот саласының мамандары не дейді?

Ажырасуды ұйғарған ерлі-зайыптылардың көпшілігі мінездерінің жараспағандығын алға тартады, — дейді Түркістан облыстық сотының Азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Түгел Бекімбетов.

Ондай жағдайда біз оларға келісімге келу үшін алты айға дейін уақыт береміз. Бітімге келіп, арыздарын қайтып алатындар да бар. Дегенмен, ажырасудағы түпкі мәселе басқада секілді. Адамдар арасында тоңып емес, тойып секіретіндер көп екені байқалады. Мәселен, биылдан бастап беріле бастаған 21 мың теңге жәрдемақыға қол жеткізу үшін ғана формальді түрде некені бұзу, әкесі баласынан бас тарту туралы талап қою арыздарымен жүгіну жайттары көбейіп жатыр. Басқаша айтқанда, дүние үшін ажырасу үрдіс алды. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Құзырлы органдармен тексеру барысында құқықтың бұзылғаны анықталған жағдайда салдары ауыр болуы мүмкін. Бұл мәселе жоғары жақтарда да талқыға түсті, яғни мұндай жайт біздің облыста ғана емес, жалпы республикада белең ала бастағанын білдіреді. Осыған байланысты «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында жұмыс істеп жатырмыз. Жетісай ауданы мен Түркістан қаласында кездесулер өткіздік.

Ажырасуға себеп болатын жайт өте көп. Кішкене талдау жасап қарайтын болсақ, ажырасқандардың арасында араға уақыт салып, өзге біреумен жұп құратындар болады. Олардың шынымен-ақ мінездері жараспаған болуы мүмкін. Бірақ, ондайлар аз. Ең сорақысы, өз балаларының өміріне араласуға бейім ата-аналар тарапынан «ішіме сыйған бала сыртыма да сыйады» деген сөзді тауып алған. Қазақта негізі мұндай мақал-мәтел жоқ, болмаған да. Оны қазіргі ата-аналардың өздері ойлап тауып алған деп ойлаймын. Міне, осы бір ауыз сөз қаншама отбасының ойран болуына себеп болып отыр.

Біздер үйленген кезде әке-шешеміз «балам, өзің жаққан отқа өзің күй» деп айтатын. «Қайтып келген қыз жаман, үйге қайтып келуші болма» деп құлағына құйып отыратындықтан, қыз да сол принципті берік ұстанатын. Осы екі түрлі сөзді естіген қызда қандай ой туындайды. Әрине, біріншісі қит етсе ажырасуға бейім тұрады. Ал екінші айтылғандай тәрбие көрген қыз барлық қиындыққа төзуге тырысады. Бақыт деген маңдайға оңай жазыла салмайды. Бақытқа жету жолында көп қиындықты өткерген адам ғана шын бақыттың дәмін сезіне алады. Мәселен, мен жас шамасы өзіммен қатарлас адамдардың ажырасқанын көрген де, естіген де емеспін. Сыныптастарыммен әліге дейін араласып тұрамын. Олардың арасында бүгінге дейін көлік мінбек түгілі велосипеді жоқтары да бар. Жұмыс бірде бар, бірде жоқ. Соның салдарынан кейде тойып тамақ ішпейтін де кездері болады. Солай болса да үш-төрт, кейбіреулері алты-жеті перзентті болып, ел қатарлы күнін көріп келеді. Аштан өліп, көштен қалған ешкім жоқ. Балаларын да оқытып жатыр.

Қазіргі жастардың психологиясы қатты өзгерген. Бір бала туып алады да «маған көлік керек, анау керек, мынау керек» дегенді шығарады. Былайша айтқанда, олар есеппен өмір сүріп жатыр деуге болады. Көп нәрсе тек материалдық жағдайға байланысты болып кетті. Жастарды моральді түрде ешкім дайындамайтын болды. Әке-шешелері дұрыс түсіндірмейді. Керек десеңіз, сол ата-аналардың өздері перзенттерін есеппен үйлендіреді. Қызы тұрмысқа шыққалы немесе ұлы үйленгелі жатса бірінші сұрайтындары «Әке-шешесі кім болып істейді екен? Өзі немен айналысады?» болып барады. Тегін, мінезін сұрауды ұмытып барамыз. «Пәлен жерде істейді» деп ауыз толытырып айтса, «Ойбай ала бер, бара бер» деп өздері үгіттейді. Сонымен қатар ғаламтор арқылы танысып, бірін бірі толық білмей жатып жұп құратындар жиілеп барады. Олардың да некесі берік болмауы мүмкін. Біздің кезімізде кемі бір жыл, болмаса екі-үш жыл жүріп, бір-бірімізді әбден біліп барып тағдыр қоспаушы ма едік?! Мақсатпен үйленгендердің ерлі-зайыптылық ғұмырлары ұзаққа созыла бермейді

Иә, некенің бұзылуының себептері көп, ал салдары қандай болмақ? Салдарына қатысты да ұзақ әңгімелеуге болады. Шыны керек, отбасының күйреуі арқылы көп нәрсе күйрейді. Болашаққа деген жоспарлары, екі әулет арасындағы қарым-қатынас, тағы да басқа құндылықтар. Солардың ішіндегі ең үлкен қайғы – балалардың әкесіз немесе шешесіз қалып, тірі жетім атануы. Әрине, бұл жайт ата-аналарға да оңай соқпайтыны анық, дегенмен, баланың психологиясына ауыр соққы болады. Көп қасірет шегеді. Тіпті, ата-аналарының ажырасуына «әкем мені жаман болғандықтан тастап кетті» деген секілді ойлармен өздерін кінәлайтындар да табылады екен. Сөйтеді де өздерін өмір бойы кешіре алмай өтеді. Ата-аналарының қайта қосылуы – ең үлкен армандарына айналады. Бірақ күткен адамы сол күйінше келмесе, баланың жаны оңбай жараланып, қамкөңіл, ызақор, не тұйық болып өседі. Анасы немесе әкесі жалғыз өзі қанша жерден қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелегенмен, олқылық білінеді. Кейін бала өз отбасын құрғанда ерлі-зайыпты қарым-қатынастың қандай болатынын білмей, дал болады. Өйткені оның көз алдында ондай үлгі болмаған. Ал толық, сүттей ұйыған тату отбасында ержеткен баланың болшағы жарқын болатынына күмәніміз жоқ.

Ендеше, ойланайық, ағайын! Ажырасу – болмашы нәрсеге өкпелеп, бүкіл отбасының тағдырын отқа тастай салатын ойыншық емес. Көбінше, жеке басының қамын ғана көп ойлап, эгоист болып өскен адам ажырасуға бейім болады. Эгоист болмайық, бала тағдыры – ата-ана үшін ең үлкен жауапкершілік екенін ұмытпайық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *