Әлеумет

«Қамқор» арыстықтарды қамқорға алуда

Өткен айдың соңында Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасында болған жарылыс жергілікті тұрғындарды бір үрейлендіріп тастағаны белгілі. Жарылыс кезінде үдере көшкен тұрғындар араға төрт-бес күн салып өз отбасыларына қайта оралды. Оларға бүгінде жеке азаматтар тарапынан да, мемлекет тарапынан да қызу қолдау көрсетіліп жатыр.

Сол көмектің бірі ретінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен кәсіпкерлерге арналған «Қамқор» бағдарламасының іске қосылғанын айтпай кетпеске болмайды. Өйткені, кәсібіне зардап келген кәсіпкерлерге дер кезінде қолдау білдіру — жеке азаматтар үшін ғана емес, аудан экономикасының көтерілуіне де тигізер әсері орасан болмақ.

«Қамқор» бағдарламасының шартына сәйкес бес миллион теңгеге дейін берілетін бір пайыздық жеңілдетілген кепілсіз несиенің уақыты төрт жылды құрайды. Қазіргі таңда Арыстағы кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 25 қызметкер келіп, 17 секторға бөлініп қызмет атқаруда. Олар он күн бойы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарын бағалап, тиісті сомасын есептеді. Жалпы, Арыс қаласында 346 кәсіпкерлік нысаны тіркелген болса, жарылыс кезінде соның 258-іне зақым келген. Нысандардың 253-іне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5-еуі толықтай қайта салынады. Оған тиісті қаражат бөлінеді.

Кездесу барысында өздеріне қажетті кеңес алған екі кәсіпкерге он миллион теңге несие берілетін болды. Сондай-ақ кәсібін жүргізіп отырғандар келесі жылдың бірінші қаңтарына дейін салықтан босатылады. Жеңілдетілген несие беру үшін жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. «Даму» қорынан қосымша 300 миллион теңге қарастырылады.

Бизнесті қолдау – елдің жағдайын көтерумен бірдей әрекет. Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысының атқарушы органдары аталған саланың арбасын сүйреу үшін көп күш жұмсап жатыр. Мұның барлығы ертеңгі күні халықтың әлеуметтік ахуалын, елдің экономикасын көтеруге себеп болатынын аңғару қиын емес.

 Еске сала кетейік, Арыс қаласында бүгінде күн сайын ресми ақпарат таратылып жатыр. Соңғы мәліметтерге сүйенер болсақ, қалада ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарымен 3 мыңнан астам құрылысшы айналысуда. Олардың арасында жергілікті тұрғындар да тартылған. Қазіргі таңда 340-тай үй жөнделіп, Үкімет тарапынан арыстықтардың әрбір тұрғынына берілетін 100 мың теңге көмекті алуға тұрғындардың 90 пайызы құжат тапсырып үлгерген. Бұл туралы арнайы өткен брифингте Арыс қаласның әкімі Мұрат Қадырбек баяндады.

ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Қайыргелді Хусаинов қала аумағы мен әскери қоймадан 20 шақырым радиус қашықтықта тексеру, тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, радиация қаупі жоқ екенін баяндады. Сонымен бірге қаладан 60 шақырым қашықтықта оқ-дәрілердің жарылмаған жалғыз бөлшектерін жою бойынша жоспарлы жұмыс атқарылуда. Сағат таңғы 9 бен 18.00 аралығында жарылыс дыбыстары естілуі мүмкін және ол тұрғындар үшін қауіпсіз екенін жеткізді.

Ал Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік басқармасының басшысы Алмасхан Тастанбеков қала аумағында тәртіп сақшылары тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын, тұрғындардың құқығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында жұмыстар жолға қойылғанын атап өтті. Төтенше жағдай орын шаһарда жүргізіліп жатқан қызу жұмыстар осы қарқынын төмендетпейтін болса, ертеңгі Арыс кешегісінен әлдеқайда ажарлана түспек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *