Өмірдің өзі

ҚАЖЫЛЫҚ – ИСЛАМДАҒЫ БЕС ПАРЫЗДЫҢ БІРІ

Құранда Алла Тағала былай бұйырады: «Қажылық және умраны Алла үшін толық орындаңдар» («Бақара»  сүресі, 196-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде кім Алла Тағала ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса анасынан туылғандай пәк болып қайтады» (Бұһари, Мүслим). Жабир бин Абдулла (р.а.): «Қажылар мен ұмыра жасаушылар – Алланың қонақтары. Алла оларды шақырды, олар да шақыруына жауап берді. Олар Алладан қалауын сұрауда, Алла да сұрағандарын береді», деген риуаят жеткізеді. (Баззар). Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Қажылық пен умраны бірге атқарыңдар. Темір, алтын мен күмістің татын көрік (темір ұстасының отқа жел беретін құралы) кетіргені сияқты, қажылық пен умра күнә мен кедейлікті кетіреді», деген. (Насаи). Қажылықтың әр минутын құлшылықпен, дұға-тілекпен өткізудің сауабы мол.

            Қажылық таяп келеді. Қажылық – Исламның бес парызының бірі. Қажылық – мал-дүниемен, дене-мүшемен жасалатын құлшылық. Бұл құлшылық мақсатымен жасалатын теңдесі жоқ сапар. Мұсылман туған жерінен қасиетті де құтты мекенге тәнімен де, жанымен де сапар шегеді. Алла Тағаланың жалғыздығы мен мұсылмандардың ынтымақ-бірлігінің рәмізі боп есептелетін Көне үй — Кағбаны тауаф етеді. Кағба – әрбір мұсылман тәулігіне бес рет бет түзейтін бағыт. Әрбір дені сау, балиғатқа толған, қаражаты жеткілікті мұсылман баласы ғұмырында бір рет қажылық етуі парыз.

         Қажылық ғибадатының парыз болуы үшін белгіленген шарттар бір адамда толықса, ол кісіге ертерек қажылық жасау парыз. Шамасы келе тұра қажылықты кешіктірген күнәкар болады.

               Қажылық ғибадаты парыздығының шарттары:

      Белгілі бір адамға қажылық ғибадатының парыз болуы үшін төмендегі шарттар орындалуы керек:

1. Мұсылман болу. Мұсылман еместерге қажылық парыз емес. Сондықтан мұсылман емес адам қажылық ғибадатын орындап болғаннан кейін Ислам дініне кірсе, шамасы жеткен жағдайда қайтадан баруы керек.

2. Ақыл – есі дұрыс және балиғат жасына жету. Балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге қажылық парыз емес. Бұл екеуі қажылықты атқарса, сосын бала балиғат жасына жетсе, ақыл-есі кем адам жазылса, қажылықты шамалары жеткен жағдайда қайта орындаулары парыз. Жас баланың балиғат жасына дейінгі жасаған қажылығы – нәпіл қажылық саналады.

3. Азат болу. Қажылық ұзақ уақыт атқарылып, ұзақ сапарды талап ететіндіктен тұтқындарға, түрмедегілерге, құлдарға қажылық ғибадаты парыз емес. Өйткені, тұтқындарда ондай мүмкіншілік жоқ.

4. Уақыт. Арафат тауында арнайы белгіленген тұру уақыты мен зиярат тауабы уақытына өмірі жетпеген адам үшін қажылық парыз емес.

5. Қажылық ғибадатын орындауға шамасының жетуі.

а) Денсаулығы болуы. Денсаулығы нашар, алып жүретін адамы жоқ соқыр, ақсақ, сал сияқты ауруларға ұшырағандарға және көлікке өздігінен міне алмайтын қарт кісілерге қажылық парыз емес.

ә) Қажетті қаражаты болуы. Қажыға барып-келу қаржысын, жолда, қажылықта жейтін азығына және әйел, бала-шағасының, жалпы қарауына міндетті адамдардың қажылықтан қайтып оралғанға дейінгі қаражатын көтере алатын адамға қажылық парыз.

б) Баратын жолдың сенімді болуы. Қажылыққа барудың парыз болуы үшін жол сенімді болуы керек. Баратын жолда соғыс немесе басқа да қатерлі жағдайлар туындаса, қажылыққа бару парыз емес.

   Қажылық ғибадатына қатысты орындар

        Қажылықты дұрыс түсініп, құлшылықты рет-ретімен атқару үшін  ғибадат ететін орындарды біліп алған абзал;

       әл-Харам мешіті қасиетті Қағбаны айнала орналасқан.  Мұнда  оқылған бір намаз басқа мешіттерде оқылған намаздардан 100 мың есе артық екенін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде айтып кеткен. Сондықтан, қажыға барғандар бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, намаздарын еселей түскені абзал.

       Қағба – жер бетінде Аллаға ғибадат жасау мақсатымен соғылған алғашқы ғимарат. «Аллаға құлшылық жасайтын үй» мағынасында. Қағба «Бәйтуллаһ» – «Аллаһтың үйі» деп те айтылады. Құран кәрімде: «Негізінде адам баласы үшін тұңғыш салынған үй (Қағба) Меккеде» («әл- Имран» сүресі, 96-аят).

       Хәжәрул Әсуәд – қара тас деген мағынаны білдіреді. Бұл тасты Қағбаның күншығыс жағындағы бұрышына хазреті Ибраһим (ғ.с.) қойған. Тәуәп осы бұрыштан басталып, әр айналымда оған сәлем береді.
       Ибраһим мақамы  – хазреті Ибраһимнің (ғ.с.) Қағбаны тұрғызғаннан кейінгі қажылыққа адамдарды шақырған кезде үстіне шыққан тастың тұрған жері. Тәуәп етіп болғаннан кейін оның жанына барып екі рәкат намаз оқу – сүннет. Алла Тағала бұл жайында Құранда былай дейді: «Кезінде үйді (Қағбаны) адамдар жиналатын орын және тыныштық мекені етіп бердік.  Тәуәп етушілер, бас иіп сәжде жасайтындар үшін Қағбаны таза ұстауды  Ибраһим мен Исмаил екеуіне тапсырдық» («Бақара» сүресі, 125-аят).
       Арафат – бүкіл қажылардың Арафа күні уақфа жасайтын жері, яғни барлығы бірге Аллаға жалбарынып дұға, ғибадат жасау үшін өткізетін жазық дала. Арафаттағы төбеге «Жәбәлур-Рахма», «Мейірімділік төбесі» деген атау берілген. Хазреті Адам (ғ.с.) мен Хауа анамыз Арафатта кездесіп, Алладан кешірім сұраған. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Қажылық – Арафат»,- деген.  (Тирмизи, «Хаж»  57).

       Мұздалифа – Арафат пен Мина арасындағы жазық. Оған Арафаның кешінде түнеп, Құрбан айт күндері шайтанға атылатын тас жинап алынады. Алла Тағала былай дейді: «Қашан Арафаттан қайтсаңдар Машхарул  Харамның қасында Аллаһты еске алыңдар» («Бақара» сүресі, 198-аят).
       Мина – Құрбан айт күндері құрбан шалынатын және шайтанға тас ататын жер. Хазреті Ибраһим (ғ.с.) ұлы Исмаилды (ғ.с.) құрбандыққа шалу үшін Минаға әкелген.

       Сафа мен Мәруа – Қағбаның күншығысындағы 200 метрдей жерде орналасқан екі төбе. Екеуінің арақашықтығы 350 метрге таяу. «Сафа мен Мәруада жүру Тәңірі жазған жоралғы. Кім қажылық немесе умра жасайтын болса ол екеуіне соғып, жоралғы жасаса, оның артықтығы жоқ» («Бақара» сүресі, 158-аят).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *