Әлеумет

Кентаудағы көпқабатты үйлер жаңа кейіпке енуде

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі қаншама оңды өзгерістер орын алуда. Қысқа мерзімде Нұр-Сұлтан атты астанамыз бой көтерді. Ең бастысы — экономикада алға жылжу бар. Халықтың игілігі үшін жұмыс істеп жатқан қаншама бағдарламалар қабылданды. Соның бірі — «7-20-25» Тұрғын үй бағдарламасы баспана қиындығын бастан өткеріп жүрген тұрғындар үшін көп жақсылығын ала келді деп айтуға болады. Үйі жоқтың күйі жоғын ескерсек, тұрғын үйге қатысты қолданысқа енгізілген бағдарламалардың арқасында қаншама отбасы қуанышқа бөленіп, алғыс жаудырып жүргенін аңғару қиынға соқпайды.

Тәуелсіздік сыйлаған игіліктер бір кездері даму даңғылына түсіп, «Қаратау тәжі» атанған, кейін күрт құлдырауды бастан өткерген Кентау қаласының қайта түлеуіне де септігін тигізді. Осыдан 15-20 жыл бұрын өзгелерді айтпағанда кентаулықтардың өздері де кенді қаланың болашағына сенімсіздікпен қарағандықтан, шаһарды жаппай тастап шығып, ондағы үйлер қаңырап босауға шақ қалған болатын. Бірақ, қанша дағдарысты бастан өткерсе де жүрген жолынан жаңылмаған мемлекетіміз тез арада еңсесін тіктеп, болашағы жоқ, шағын қалалардың өзіне жан бітіріп, тіршілігін қыж-қыж қайнатуға күш салды. Осындай жұмыстардың арқасында бүгінде Кентау қаласы қайта көркейіп, сәні мен салтанаты жарасқан шаһарлардың қатарына қосылып үлгерді. Бір кездері тоза бастаған көп қабатты үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу басталып, ел игілігіне ұсынылмақ.

Үкіметтің «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының» тұрғын үй қорын жаңғырту тетігі бойынша 2019 жылға Кентау қаласындағы 44 көпқабатты тұрғын үйлердің ішінен 14 үйге қатысты қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қалған 30 көпқабатты үйді күрделі жөндеуден өткізуге де облыстық бюджет тарапынан қаржы қарастырылды. Қазіргі таңда қаржы бөлінуіне байланысты ұйымдық жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін биылғы жылдың шілде айының үшінші онкүндігінде аталған 30 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Нақтырақ айтқанда, аталған үйлердің шатырын профнастил жабындымен, сыртқы подъезд есіктерін металл код құлыптарына, кіреберіс ағаш терезелерін ПВХ материалдарына ауыстыру, подъезд жөндеу, су, кәріз, жылу құбырларын жөндеу, фасад бойынша бір қабатты штукатур және бояу жұмыстары қолға алынбақ. Нәтижесінде үйлер заман талабына сай жаңғыртылады. Үйлерді жөндеу барысында тұрғындарға үш түрлі нұсқа ұсынылып, таңдалған нұсқа бойынша жұмыстар атқарылады.  Кентау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің барлығы дерлік кондоминумға тіркелген. Жұмыс мұнымен шектеліп қалмақ емес. Келесі жылы 74 үй, одан кейінгі жылы 73 тұрғын үй осылай күрделі жөндеуден өткізіледі. Жөндеу жұмыстары әр жылы жоспарға сәйкес жүзеге асырылып отырмақ. Осылайша Кентау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлер көп ұзамай жаңа, көркем кейіпке енетін болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *