Мәселе

Ардагерлер арасында неге алауыздық көбейіп тұр?

Соңғы уақытта қоғамдық ұйымдарға деген жауапкершілік пен сенім артып келеді. Бұл мәселеде ардагерлер ұйымының атқарар қызметі де ерекше екені белгілі. Осыған дейін бірнеше ауданда ардагерлер кеңесін басқару үшін талас туындап, қариялар арасында жік түскендігі жөнінде жағымсыз сөз тарағанымен, мұндай келеңсіздік әлі де тоқтамағанға ұқсайды.

 Жуырда Отырар ауданына жолымыз түскенде осындай жөнсіздікпен тағы да жолығысып қалдық. Темір ауылдық округінің әкімдігінде маңызды жиын болып жатыр дегенге арнайы бас сұққанбыз. Біз барғанша көпшілігі тарап кетіпті. Бір бөлмеде бес-алты адам отыр екен. Сұраса келе олардың ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Майлыбай Сихымбаевтың жұмысына көңілі толмайтын топтың басқосуы екенін байқадық. Мәселенің мән-жайын осы кісілердің өздерінен сұрап көрдік.

Темір ауылының биі Бақыт Тілепов бізге былай деді: «Біз Майлыбайды ардагерлер кеңесінің төрағасы деп мойындамаймыз. Ауылда 250-дей ардагер бар. Ал төраға сайлау жиынына бар-жоғы 15-тей ғана адам қатысқан. Олардың көпшілігі Майлыбайдың сыныптастары, таныстары. Төраға елді бірлікке шақыратын адам болуы керек. Ал, төрағалыққа құмар М.Сихымбаев өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқармай жүр».

Оралбай Айтқұлов, су мұрап: «Біз тұрғындарға суды кезекпен береміз. Ол кісі кезек дегенге қарамайды. Төрт гектарға жуық жері бар. Оған қалаған кезде суды бұрып ала береді. Сөйте тұра ақша төлемейді. Арық тазалау кезінде бір баласын да көмекке жібермейді. Осы ардагерлер кеңесі төрағасына жарасады ма?

 Балтабай Елеусізов, ауыл тұрғыны: «Біз бір нәрсені түсінбейміз. Ардагерлер ауылдың бет-бейнесі болса, оның төрағасы елдің қамын жеген жан болуы керек емес пе? Менің білуімше бұл кісі кілең жанжалдың ортасында жүреді. Арызды өзі жазады. Ауылдың бір жігітінің үстінен «сыртымнан боқтады» деп арыз жазыпты. Кейін куәлері «ондай болған жоқ» деп өзін ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Сондағы мақсаты не екенін түсіну қиын»

Ауыл тұрғындарының кеңес төрағасына деген пікірі осындай. Бұл жерде біз екі тараптың арасында бас араздықтары бар-жоғын білмейміз. Бірақ айтылған жәйттер рас болса, Темір ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Майлыбай Сихымбаевтың іс-әрекетінен жас ұрпаққа үлгі болар әрекетті байқамадық. Дегенмен бұл айтылғандар «жаптым жала, жақтым күйе» болуы да мүмкін. Сондықтан біз ол кісінің телефонын тауып, өзімен де тілдесіп көрдік.

«Мен төрағалыққа құмар емеспін. Орныма лайықты адам табылып жатса міндетімді қазір тапсыруға дайынмын. Күзде болу керек, Мәдениет үйінде төраға сайлауы өтті. Оған мәслихаттың хатшысы мен ауылдан 40-50 адам қатысты. Менімен бірге төрағалық міндетке бірнеше үміткер ұсынылғанмен, 25 адам мені қолдапты. Санақ комиссиясы жұмыс істеді, оның хаттамасы да бар. Білемін, ауылда төраға болғысы келіп жүргендер бар. Олар, әрине, менің атқарып жүрген жұмыстарымның жақсы жағын жасырып қалуға тырысады. Мәселен, осы кезге дейін қанша баланы киіндірдім. Ішімдікке жақындау бір көршімді «жиында сыртымнан боқтады» деген сөзге сеніп, арыз жазғанымды жоққа шығармаймын. Бірақ осыны айтқандардың өзі жеме-жемге келгенде сөзінен тайқып кетті. Бірақ менде ол жігітті соттатайын немесе бір нәрсе алайын деген жаман ой болған жоқ. Керісінше «аяғын тартып жүрсін, жаман әдетін қойсын, тәртіпке келсін» деп ойладым. Жалпы, маған қатысты адамдардың айтып жүргенінің барлығы жала».

Иә, кейіпкерлерімізбен тілдесу арқылы Темір ауылы ақсақалдарының арасында ауызбірліктің болмай тұрғанын байқағандай болдық. Әрине, біз екі тараптың сөздерін келтіру арқылы біріне бірін айдап салғымыз немесе бірінікі дұрыс, бірінікі бұрыс деп баға бергіміз жоқ. Біздің айтпағымыз – ақсақалдар арасында ауызбірлік, ынтымақ болмаса, мұндай ырың-жырың тірліктен кіші буын өкілдері қандай үлгі-өнеге алмақ? Бізді қынжылтатыны да осы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *