Мәселе

«Біреуі құлағыма жармасып, біреуі бүйрегімнен ұрды»

Полицейлердің іс-әрекетіне шағымданушы азамат осылай дейді

Соңғы аптада әлеуметтік желіде қызылордалық полицейлердің бір жігітті ұрып өлтіргені туралы жазба тарады. Одан да бөлек дөрекілікке толы түрлі бейнежазбалар аз емес. Осы көріністердің барлығы елімізде полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне деген халықтың көңілтолмаушылық сезімін оятатыны сөзсіз. Әрине бұған қарап пагон таққандардың барлығына деген сенім жоғалды деуден аулақпыз. Араларында елі, халқы үшін кез-келген қауіппен бетпе-бет келуге дайын, ержүрек полицейлер де баршылық. Дегенмен бір қарын майды шірітетін бір құмалақ қатарындағы полиция қызметкерінің бүкіл тәртіп сақшыларының атына кір келтіріп жүргені өкінішті. Ендігі әңгімеміз осы жөнінде болмақ.

Оқырманның есінде болса, газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде «Қорғады ма, қорлады ма? Арыс тұрғыны полицей таяқтады деп шағымданып жүр», – деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Еске сала кетер болсақ, ол мақалада Арыс қаласына қарасты Жиделі елдімекенінің тұрғыны Нұрлан Дәрменовтың өзінің құқын қорғайды деген полицейлерден зәбір көргені жөнінде шағым айтқан болатын.

Осы оқиғаға байланысты облыстың бас полицейі Қайрат Дәлбековтен бұл мәселені жеке өзі бақылуға алатыны жөнінде хабарлама келгенде бәрі заң аясында шешілер деп ойлағанбыз. Бірақ олай болмаған секілді. Сейсенбі күні редакцияғақайта келген, өзін жәбірленуші санайтын Нұрлан Дәрменов полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты тағы шағым айтты. Бұл жолы оның жүзінде қорқыныш, бойында үрей бары байқалды. «Ініме қатысты қозғалған әкімшілік іс әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды, – деді арызданушы. – Бұл туралы Арыс аудандық сотының судьясы Г.Ерназарова 18-маусым күні қаулы шығарды. Түсінікті болу үшін айта кетейін, 18 мамыр күні інімді ауылдағы бір жігіт жұдырықтың астына алады. Біз ініміздің жағдайының ауыр екенін көрген соң жедел түрде Арыстағы ауруханаға алып бара жатқанда, жолда полиция көлігі мәжбүрлеп тоқтатты. Мен тез аурханаға жетуіміз керектігін ескерттім. Олар сөзіме құлақ аспай, көлікте дәрігерлік көмекті қажет ететін адамның отырғанына қарамастан көліктен шығуымды бұйырды. Осы кезде оң жақтан бір полицей рұқсатсыз көлікке кіріп, кілтті тартып алды да, құлақ шекемнен қатты ұрып жіберді. Қалғандары сүйрелеп көліктен шығарды. Біреуі құлағыма жабысты. Тағы біреуі бүйрегімнен ұрды. Аса бір қауіпті қылмыскерді ұстағандай жүзімді жерге қаратып жатқызып қойды.

Сүт пісірім уақыттан кейін бізді аурханаға емес, қалалық ішкі істер бөліміне жеткізді. Осы аралықта келген қарындасымның араласуымен полицейлер бізді ауруханаға алып барды. Інімді арақ ішкен деп айыптап, көлігін ақылы тұраққа тығып тастады. Сол жердегі норкологқа «арақ ішкен деп жазып бере сал», – дегендерін өзім естідім. Бірақ ол ондай опасыздыққа бармады. Інімді алкотестер аппаратына екі рет үрлетті. Алайда, ауыр соққылардан денесі ауырып тұрғандықтан, қатты үрлей алмады. Содан кейін тамырдан қан алды. Ал 19 маусым күні сот залында інімнің арақ ішпегені өз дәлелін тапты. Сот отырысында сұралған дәрігер С.Үйсінбаева 18.05.2019 жылы сағат 23:10 шамасында полиция қызметкерлері Е.Дәрменовты алып келгенін, оның «Драгер» алкотест аппаратына екі рет үрлегенін, бірақ қабырғасы ауырып тұруына байланысты қатты үрлей алмайтынын айтқанын, соған байланысты үрлеуден бас тартты деп жазып бергенін, алайда психикалық және самотонерологиялық жай-күйін кешенді бағалау түріндегі клиникалық зерттеп-қарау деректері бойынша оның мас емес екенін көргенін, қосымша анықтау мақсатында одан қан алғанын көрсетті. Осылайша полицейлердің ініме жаққан жаласы дәлелін таппады. Бірақ ол үшін осы күнге дейін ешқандай да полиция қызметкері тәртіптік жазаға тартылмады.

Мен өзімді полицейлердің жазықсыз соққыға жыққаны туралы Арыс қаласының прокуроры Н.Қосыбаев пен облыстық полиция департаментінің бастығы Қ.Дәлбековке арыз жаздым. Бірақ нәтиже жоқ, баяғы жартас сол жартас. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғаны жайында естідім. Іс қазір облысқа өтсе керек, тергеушінің шақыртуымен екі рет Түркістанға бардым. Екі барғанда екі тергеуші қабылдады. Екеуі де оқиғаның қалай болғаны жөнінде жазғызып алды да қайтарып жіберді. Неге шақырғанын өздері де білмейді немесе бір жымысқы әрекеттер жасап жатқан сияқты. Неге десеңіз маған қазірге дейін бірнеше адам келіп: «Арызды байқамай жазып қойыппын», – деп қарсы арыз жазуымды сұрап жүр. Бірақ, мені ұрған полицейлерге қатысты қалай оларды ұрмады деп айтамын. Әркім өз қолымен істегенін мойнымен көтеруі керек емес пе?

Полицейлермен арадағы болған жағдайдың барлығын келінім қалта телефонына түсіріп еді, оны да тартып алып, бейнежазбаларды өшіріп тастаған. Олар қолынан басқа ештеңе келмесе де өздерінің іс-әрекеттерін әшкерелейтін айғақтарды жоюды, адамның денесіне дақ түспейтін жерден ұруды біледі екен. Ал полицейлердің «дәлеліңіз болмаса өзіңіз жауапқа тартыласыз» деп жиі қайталауы маған қатысты қорқыту амалдары деп есептеймін. Осылай қысым жасау арқылы мені арызымды кері қайтарып алуға мәжбүрлегісі келетін секілді. 

Ұлы Отан соғысының ардагері әкемнен «соғыс кезінде фашистер де жаралыларға тимеген, олар мінген эшалондарды бомбаламаған» дегенді естуші едім. Сонда арыстық полицейлердің ауруханаға жаралы адамды алып бара жатқан көлікті тоқтатып, оны полиция бөліміне алып барулары фашистердің әрекетінен де өтіп кеткені ме? Кімге болса да жаралы жанға алғашқы медициналық көмек көрсету бірінші кезектегі іс-амал емес пе? Әлде оны Арыс қаласының полицейлері білмейді ме? Бұған қатысты не айтасыз, Қайрат Сұлтанбекұлы?!»

Ағынан ақтарылған арызданушы басынан өтіп жатқан оқиғаларға байланысты осылай дейді. Әрине, арызданушының сөзіне сенсек, полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттері тым дөрекі және заңға қайшы екенін аңғаруға болады. Бірақ, мұның біржақты пікір, зәбір көрдім деген адамның сөзі екенін де ескермей өтпеуге болмайды. Сол себепті оқиға шын мәнісінде қалай өрбігені белгілі болуы үшін полиция тарапынан да жауап болса екен деген тілегіміз бар. Ал үнсіздік болса, онда мұны айыпты мойындау деп қабылдаудан басқа амалымыз жоқ. Ендеше, Сізден бір нақты жауап күтеміз, құрметті Қайрат Сұлтанбайұлы! Сіздердің жұмыстарыңыз ашық жүргізілетіні жайлы жиі айтылады. Осыны нақты ісіңізбен дәлелдеп кетсеңіз, қарапайым халықтың тәртіп сақшыларына деген сенімінің артатынына күмән қалмас еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *