Біле жүріңіз

Қажылық – исламдағы бес парыздың бірі

                Мекке қаласындағы киелі зиярат орындар:

       Хира үңгірі – Меккеге жақын жердегі Нұр тауындағы  үңгір. Пайғамбарымызға (с.а.с.)  «Оқы!» деген алғашқы уаҺи әмірі осы жерде келген.
       Сәуір үңгірі – Пайғамбарымыз (с.а.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс аудару кезінде үш күн жасырынған. Меккелік мүшріктер Сәуір үңгіріне тақап  келіп, Аллаһ Елшісін (с.а.с.) және досы Әбу Бәкірді (р.а.) көре алмады. Өйткені үңгірдің аузына өрмекші өрмек құрып, бір көгершін сол жерге ұя салған еді. Мұны көрген мүшріктер үңгірге назар аудармастан кері қайтқан болатын.
          Мәдина қаласындағы киелі зиярат орындар:

        Мәдина шаһары Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қоныс аударған және қайтыс болғанға дейін өмір сүрген қасиетті  мекен. Алла Елшісінің (с.а.с.)   мұнда қоныс аударуы қалаға береке әкелді. Сол себепті «жарық қала, нұрлы қала» деген мағынада Мәдина Мүнаууара деп аталады.

          Меккелік пұтқа табынушылар Пайғамбарымызды (с.а.с.) өлтіруді  жоспарлағанда Мәдина халқы «Тала-әл бәдру әләйнә» (Ай туды үстімізге) деп қуанышпен сағына қарсы алып, барымен бөлісті. Аллаһ Елшісі (с.а.с.) Мәдинаны ерекше жақсы көрген, қабірі де сонда.

           Нәбәуи мешіті –  Расулулланың (с.а.с.) Мәдина Мүнаууараға келгеннен кейін тұрғызған ғибадат орны. Бұл мешітті тұрғызу барысында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі де еңбек етті. Алла Елшісі (с.а.с.) мұнда  ардақты сахабаларға он жыл намаз оқытқан. Олар Расулулаһтың (с.а.с.) сұхбаттарын тыңдап, шариғат мәселелеріне терең бойлап, көркем мінезді бойларына сіңірді. Аллаһтың сүйікті Елшісі (с.а.с.): «Әл-Харамда оқылатын намаздан басқа менің мешітімде оқылатын бір намаз басқа мешіттерде оқылатын мың намаздан да қайырлы», –дейді. (Мүслім, Хаж 94).
         Рауза Мұтаһһара – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабірі жатқан жер, Нәбәуи мешітіндегі жасыл күмбездің астында. Пайғамбарымыздың (с.а.с.)   жанында хазреті Әбу Бәкір (р.а.) мен Омардың (р.а.) да сүйегі жатыр. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бейітін зиярат ету үлкен сауапты іс. Бұл жөнінде сүйікті Нәби (с.а.с.) былай дейді: «Мені қайтыс болғанымнан кейін зиярат еткен кісі тірі кезімде зиярат еткендей болады» (Бәйһаки, «Шуабул Иман» VІ 48). 

Алла Елішісінің (с.а.с.) қабірін зиярат етудің әдебі:
Нәбәуи мешітінің есігінен үнсіз, ұқыптылықпен және құрметпен ішке кіреміз. Рауза Мұтаһһараға жақындап, Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айтып, сәлем береміз. Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) мен Омарға (р.а.) да сәлем беріп, зияратымызды аяқтаймыз.

       Жәннатул Бақи –  Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мешітіне қарама-қарсы тұрған қабірстан. Алла Елшісін (с.а.с.) көру бақытына ие болған, Оның сұхбаттарын тыңдаған және ислам үшін жандарын қиған және түрлі қиындықтарды бастарынан өткізген мыңдаған сахабалар осында жерленген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әйелі мен қыздары, ұрпақтарынан шыққан кейбір ислам ғалымдарының да қабірі осы жерде. Расулуллаһ (с.а.с.)  жиі-жиі Бақи мазарын зиярат ететін, қайтыс болған мұсылмандарға дұға жасайтын.

         Құба мешіті. Расуллулланың (с.а.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанда ең алғашқы салдырған құлшылық үйі.

        Ухыд шейіттері жатқан мазар. Ухыд соғысында қаза болған сахабалар  жатқан жер. Мәдинаның сыртында осы аттас таудың баурайында.

 Қажылықта өзін-өзі қалай ұстаған дұрыс?

        Қажылықтағылардың қасында әрқашан алып жүретін адам болады, бірақ та топты жоғалтып алған жағдайда, оны қайтадан тауып алу үшін араб тілінде бірнеше сөйлемшелерді жаттап алған жөн. Мыңдаған халық тобырының арасында адасып кетпеу үшін, топтың барлық мүшелері бір автобусқа отырулары қажет. Ауырған және егде тартқан адамдарға көңіл бөлген дұрыс. Егер автобусқа кешігіп қалған болсаңыз, дұрысы таксишімен автобус жөнелтілген жерде келгеніңіз жөн және өзіңізбен бірге әрдайым біраз ақша алып жүріңіз. Биыл адасып қалған қажылыққа келушілер өз мейманханасын тауып алуы үшін арнайы білезіктер қолданылады. Бірақ мейманхананың мекенжайы мен барлық топты алып жүрушінің телефон номерін жазып алған дұрыс болады. Қатаң бақылау шараларына қарамастан қажылық кезінде бәрібір кептелулер болып тұрады, солардың салдарынан ондаған адамдар қаза болады. Жетіп-артылатын ұрылардан сақтану керек. Әсіресе тобырдың арасынан өтер кезде өзіңізбен бірге құнды бұйымдарыңызды алып жүрмеңіз.

Қандай тұрмыстық бұйымдар қажет болады?

       Қажылықта, әсіресе, шатырлы қалашықта электр шәйнегі қажет болады. Оны үйден алып алған дұрыс. Ток ұзартқыш керек болады, өйткені лагерде розетка төбеге жақын орнатылған. Шай демдейтін шәйнекті сол жерден алуға болады (ол әрі жақындарыңызға керемет сыйлық болады). Егер күн өте ыстық болса қолшатыр және кішірек жамылғы алып алғаныңыз жөн. Рұқсат етілген жолжүк көлемінен асып кетпеу үшін кейбіреулер шағын таразы алып жүруді ұсынады.

 Сауд Арабиясында не жеуге болады?

        Әдетте қажылыққа келгендерді тамақтандырады, бірақ кейбіреулері өздері дайындап жеуді қалайды. Сондықтан оларға азық-түлікті супермаркеттерден алу ұсынылады. Тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ғана ішкен жөн. Тазалық дұрыс сақталмайтындықтан, көшедегі сатушылардан мұз алудың қажеті жоқ. Ішімдік пен темекілерге үзілді-кесілді тыйым салынған. Зәмзәм – бұл Мәсжид әл-Харамдағы қасиетті қайнар бұлақтың суы. Ол Құдайдың Өзі берген суы болып саналады, сондықтан да қажылыққа келушілер дәл сол суды ішуді қалайды. Қалаларда көптеген шайханалар бар, онда шай мен печенье береді.  Оның үстіне, мешіттердің қасында шырындар сұрыпталымы сатылады.

  Мекке мен Мәдинеде қандай қызықты жерлерді көруге болады?

* Барлық негізгі көрікті жерлер дінмен байланысты болып келеді. Мәселен, Қасиетті Қағба мешіті, Шайтанға тас лақтыратын Мина жері, Мұздалифа және тағы да басқа жерлер.

* Сауд Арабиясында Мекке тауларының шыңына аса көңіл аудару ұсынылады.

* Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) бірінші уағызының өлең жолдары жазылған Хира тауына бару ұсынылады.

* Қағба мен Мәсжид әл-Харамда құлшылық етіп әрі Құран оқуға кеңес беріледі.

* Міндетті түрде Арафат тауы мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) соңғы уағызы айтылған жері — Жебел Рахмаға бару.

* Жебел әл-Тейра — Меккенің пұтқа табынушылары Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.с.) өлтірмекші болғанда оның тығылған үңгірі.

* Мәсжид Танеем — Меккеде болып келген адамдардың Умрасы аяқталатын мешіт.

* Худайбия — Мұхаммед (с.а.с.) бастаған Мәдине мұсылмандары мен Меккенің құрайыштары арасында белгілі бейбітшілік келісімі жасалған жер. Бұл жерден алыс емес ескі қираған үйіндінің маңында мешіт салынған.

* Абраж әл-Бейт — мейманханалардың орталық бөлігі және қаланың қызмет көрсету кешені. Қажылыққа келушілердің назарын мұнараға аударту үшін құрылған. Оның төбесінде аса зор сағат, сондай-ақ, Ислам мұражайы мен Айға бақылау жүргізетін орталық бар.

* Шопинг — қалада кеңінен таралған. Жергілікті дүкендерде саудаласу әрқашан да орынды.

                            Қажылықтан не әкелуге болады?

        Әлбетте, әсер мен Зәмзәм суын (кейбір ұшақтарда әрбір адамға 10 литрдан тегін алып ұшуға рұқсат етеді), таспиқ, жайнамаздар мен Отанымызда сатылмайтын құрмаларды әкелесіз. Сондай-ақ, Таяу Шығыста кеңінен таралған майлы әтірлерді де әкелуге болады.           Қорыта келгенде барған да арманда, бармаған да арманда қалатын осы қасиетті қажылық сапары пендеге өмірінде бір ақ рет берілетін Алладан болған мүмкіндік. Бұл берілген нығметтен кейін де оған лайықты болуға тырысу әр қажының міндеті. Раббымыз баршамызға қажылықты және оны Өзі разы болатындай күйде атқаруымызды нәсіп етсін!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *