Өмірдің өзі

Қарабет болдым…

Бірақ сәбиімді қимаймын…

Мені, бәлкім, біреу сыртымнан сөгер. Мүмкін, шынымен жағдайымды түсініп, аяушылық білдіретін жандар да табылып қалар. Қалай болғанда да, шындықтың аты – шындық, одан қашып құтыла алмайсың…

Мен қазір өте ауыр жағдайға тап болып отырмын. Аяғым ауыр, құрсағымдағы шарана – 20 апталық. «Бұған қайта қуанбайсың ба?» дерсіздер. Мәселе сонда, мен қуана алмаймын, өйткені тұрмыста емеспін. Жігітім де, отбасым да, достарым да – бəрі менен үзілді-кесілді теріс айналды. «Жұт жеті ағайынды» деген рас екен. Осының бәрі аз болғандай, өткен аптада жұмысымда да қиындық туып, қысқартуға іліндім. Қазір барар жерім, басар тауым қалмады. Менің жағдайымды естіген бойда әке-шешем үйден қуып жіберген. Басқа жұмысқа тұрайын десем, ішім шермиіп шығып қалды, мені бұл күйімде кім жұмысқа ала қойсын? Оның үстіне жүріп-тұруым да қиындап барады, жұмыс істеп те жарытпаспын. Ал жұмыссыз пәтерақымды қайтіп төлеймін, не ішіп-жеймін? Осының бәрін ойлап, өзімді іштей әбден жеп біттім.

Əрине, бəріне өзім кінəлімін. Өзім өліп-өшіп сүйген, екі жыл жұбымыз жазылмай жүріп, болашақ жарым деп сенген адамыма махаббатымды дәлелдеймін деп, осындай қадамға барғаным ең үлкен ақымақтық болғанын енді ғана түсініп отырмын. Ал ол менің бұл құрбандығымды бағаламақ тұрмақ, аяқ сүртетін шүберек құрлы көрмей, лақтырып кете барды. Екі жыл бойы айтылған сыр, үздіккен сезімдердің бәрі бос қиял болып қала берді. Мен сүйген, мен сенген адам осыншалық ұзақ уақыт қалайша басқа бетпердемен өмір сүріп келген? Қалайша?

Өткен іске өкінемін, өкінгенмен амал не? Əрі қарай қалай өмір сүрерімді де білмеймін. Ертеңім жоқ сияқты…

Құрсақтағы сəбиім жыбыр-жыбыр етіп, маған дем бергісі келетіндей. Бірақ, бұл да мені жұбата алар емес. Жоқ, мен баламды ана теледидарда көрсетіп жатқан безбүйрек көкек-аналар сияқты далаға, не əжетханаға туып, тастап кетер ойым жоқ. Бірақ, оны бағып-қаға алмайтынымды білемін. Сондықтан, балаға зар болып жүрген адамдардың асырауына бергім келеді. Өзімнің бұл балаға дұрыс өмір сыйлай алмайтыным анық. Сол себепті оны бақуат бір отбасы алса деймін.

Бірақ, енді бес айдан кейін жүрегімнің астындағы сәбиімді бөтен біреулерге беріп жіберетінімді ойласам, жүрегім қан жылайды. Бәлкім, бойыма жаңа біткен кезінде-ақ жасанды түсік жасатсам, дәл осылай қиналмас па едім? Менің масқарамды ешкім білмей, бұрынғыдай тып-тыныш өмір сүре берер ме едім? Бірақ, ондай жауыздыққа бара алмадым. Міне, нәтижесі осы.

Айыптап, жазғыра көрмеңіздер, өтінемін. Дəл маған бұйырған тағдыр ешбір қазақ қызының басына жазылмасын деп тілеймін. Мен бұлай боларын болжамаппын. Əке-шешем мен үшін ешқашан жерге қараған емес еді, бір ғана ісіммен олардың ел алдындағы бар абыройын жуып-шайып жібердім.

«Маңдайға жазылғаннан ешкім қашып құтыла алмайды» дегенді жиі естуші едім. Тағдырды өзгерту мүмкін бе, білмеймін, бірақ, ойланып әрекет еткеннің от баспайтыны анық. Айналайын әпке-сіңлілерім, менің тағдырымды қайталағыларыңыз келмесе, болашақ жарым деген адамыңызбен некеңізді қиып, заңды түрде ерлі-зайыпты атанбайынша, айтқанына алданып, сан соғып қалудан сақ болыңыздаршы. Малдың аласы сыртында, ал адамның аласы ішінде. Сырты күліп тұрған оның санасының түкпірінде қандай ойы барын бір Алла мен өзінен басқа ешкім де білмейді. Атам қазақ «сақтықта қорлық жоқ» деп бекер айтпаған. Абай болайықшы, арулар… C

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *