Әлеумет Қоғам

110 жұмыскердің жалақысы өндірілді

Қазіргі таңда тұрақты жұмысқа орналасу қиын шаруа. Орналасқан күннің өзінде маңдай теріңмен тапқан жалақыңды кешіктірмей алатыныңа кепілдік жоқ. Өйткені, бүгінгі таңда жұмыс беруші жеке меншік нысандары көп. Олардың барлығы бірдей қарамағындағы жұмысшыларына, олардың отбасылық жағдайына, әлеуметтік ахуалына жанашырлықпен қарайды деп біржақты айта алмаймыз. Араларында өздерінің ұпайын түгендеп, қарамағындағы қызметкерлерінің жанайқайына құлақ аспайтындар  кездеседі. Ал жалақы ала алмайтын жұмыс кімге керек? Осыдан келіп қоғамда шындықтың барына сенбейтін, тұтастай қоғамға өкпелі топ пайда болады. Алайда, олардың да құқын қорғайтын мемлекеттік мекемелер де жоқ емес.  

Мәселен, Шымкент қалалық еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының жүргізген жұмыстарының арқасында осы жылдың алғашқы алты айында бірнеше жылдан бері жалақыларын ала алмай келе жатқан 23 жұмысшыға тиесілі 16,7 миллион теңге қарыз иелеріне қайтарылды. Құқықтары қалпына келтірілген бұл жұмысшылар қаладағы 4 кәсіпорында жұмыс істейді екен. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен брифинг өткізген аталмыш басқарма басшысы Бауыржан Қалжанов мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, сондай-ақ, 2019 жылдың 6 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары Шымкент қаласындағы жұмыс беруші мекемелерге 152 тексеру жүргізіп, 131 заң бұзушылықты анықталған. Осының негізінде 68нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 5,4 миллион теңге көлемінде 40 айыппұл салына отырып, жалпы 110 жұмыскердің 10,2 миллион теңге жалақы қарыздары мен пайдаланылмаған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарының күндері үшін өтемақы төлемдері өндірілді. Айтылып отырған мерзім ішінде 23 жазатайым оқиға орын алып, 24 адам зардап шеккен болса, оның үшеуі көз жұмған.

– Кез келген азамат жұмысқа орналаспас бұрын сол мекемемен еңбек келісімшартын жасап алуы тиіс. Келісімшарт жасамаған жағдайда жұмысшы ақылы еңбек демалысына шыға алмауы немесе басқа да тиісті төлемдерден қағылуы, тіпті еңбекақысын ала алмай қалуы мүмкін. Кейде ұжымда 2-3 ай жұмыс істегенін дәлелдей алмайтын жағдайлар болады. Түрлі бөлімдерде жұмыс істейтін әріптестері «танымаймыз» деуі мүмкін. Мұндай жағдайда еңбек келісімшарты ғана көмектеседі, – деп ескертеді Бауыржан Ахметәліұлы.

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазақстандықтардың ең төменгі жалақысын бір жарым есеге, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін арттыру тапсырмасын Шымкент қаласында іске асыру мақсатында жедел түрде айлығы шайлығына жетпейтін жұмысшылардың жалақысын көтеру жұмысына мониторинг жүргізу жөніндегі штаб құрылып, 70-тен астам ірі және орта кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізілген. Басқарма тарапынан атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ірі, шағын және орта 261 кәсіпорында 16 722 жұмысшының жалақысы орта есеппен 22 пайызға өскен. Жалпы алғанда, қалада 20 748 кәсіпорын есепте болса, оның 143-і ірі, 341-і орта, қалған 20 264-і шағын кәсіпорын саналады.  

Әлеуметтік әріптестік және еңбек дауларының алдын алу бойынша Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан «Шымкент қаласының Кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен, Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасымен біріге Шымкент қаласының әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия құрылып, бүгінгі таңға дейін 6отырыс өткізді. Комиссия отырысында жалақы қарыздары, өндірістік жарақаттың алдын алу, жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайту, еңбек дауларын болдырмау, алдын алу және жазатайым оқиғаларға алып келетін негізгі себептер талқыланды.

Шымкент қаласына 2019 жылға жұмыс берушілердің шетелдік жұмыс күшін тартуына 2 145бірлік квота бөлінген. Осының негізінде 39 кәсіпорын мен ұйымда 557 шетел азаматына рұқсат берілді. Олардың 89,5 пайызы білікті мамандар. Сонымен бірге, Үкімет қаулысымен бекітілген «ҚР шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелерінің көлемдеріне» сәйкес шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені және ұзартқаны үшін жыл басынан бері 121,2 миллион теңге алым жергілікті қазынаға құйылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *