Әлеумет Қоғам

Қоржында 272 алтын, 256 күміс, 278 қола…

Иә, Шымкент қаласының спортшылары осы жылдың алғашқы жартысында қатысқан түрлі деңгейдегі чемпионаттар мен біріншіліктерде жүлде қоржынына 272 алтын, 256 күміс және 278 қола медаль салып, үшінші мегаполистің атын алты алашқа әйгіледі. Ал Азия чемпионаттары мен кубоктарында қала спортшылары 32 алтын, 14 күміс және 17 қола медальға қол жеткізсе, әлем чемпионаттары мен кубоктарында 12 алтын, 6 күміс және 8 қола медаль олжалады. ҚР бесінші Жазғы Спартакиадасы бойынша Шымкент Алматы қаласынан кейін екінші орында келеді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарымен өткізген брифингте Шымкент қаласының денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев мәлім етті. Сондай-ақ, басқарма басшысы Токио Олимпиадасына бір жыл қалғанын, оған сәйкес жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардар етті.

Жалпы алғанда Шымкент қаласында әуесқой да, кәсіби де спорт түрлері жақсы дамып келеді. Айталық, үшінші мегаполисте спортпен тұрақты түрде шұғылданатындар саны бүгінде 281 235 адамға жетіпті. Барлық жастағы халықтың спортпен қамтылу көрсеткіші 27,8 пайызды құрайды. Ал, айтылып отырған мерзім ішінде қала аумағында 222 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 41 мыңнан астам адам қатысқан. Бүгінде қала көлемінде 67, яғни 37 Олимпиадалық және 24 Олимпиадалық емес спорт түрі дамытылуда. Қалада 848 спорт нысаны тіркелсе, оның ішінде 3 стадион, 1 спорт сарайы, 6 спорттық құрылғылар кешені, 12 спорт кешені, 32 спорттық манеж, 1 есу базасы, 434 жазықтықты құрылғылар, 23 теннис корты, хоккей корты, ипподром, 8 бассейн, 249 спорт зал бар. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы бірқатар спорт нысандар жұмыс жүргізуде. Мемлекеттік меншіктегі 30 спорт мекемесі мен кәсіпорындары, 1 акционерлік қоғам жұмыс атқаруда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында спортты дамыту үшін қалада спорт клубы жұмыс істейді. Онда 18 спорт түрінен 646 спортшы жаттығуда.

 Осы жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының сапына Шымкент қаласынан 433 ересек, 413 жас, 226 жасөспірім спортшылар енген. Сонымен қатар 13 халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен 80 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 161 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *