Біле жүріңіз

Баланың суретіне немқұрайлы қарамаңыз…

Ол – отбасының психологиясы

Сәбиіңіз қолына қалам ұстауға жарағанда алғаш әріптерді жазбайды, сурет салуға құмартып тұрады. Бұл – табиғи заңдылық. Өйткені, бала ойындағысын тілмен жеткізе алмауы мүмкін, бірақ, салған суреті арқылы оның бүкіл ойын оқуға болады. Мамандардың пікірінше, бала сурет салып жатқанда оны түзетуге немесе көмектесуге талпынудың қажеті жоқ екен. Тек отбасы мүшелерін қандай ретпен салып жатқанын сырттай бақылап тұрудың өзі жеткілікті. Ал, сурет дайын болғанда балаңыздан оның кейіпкерлерінің есімдерін сұраңыз. Оның жауабы арқылы отбасы мүшелерінің орнын төмендегі жайттар бойынша анықтай беріңіз.

Реті бойынша. Үй ішіндегілердің пайда болу реттілігі кішкентай суретшінің оларға деген қатынасын көрсетеді. Әдетте балалар ең жақсы көретін жанды бірінші салады. Егер ол біреуді ұмытып кетсе, демек баланың ол адаммен қарым-қатынасы шиеленісті болуы мүмкін. Балалар әдетте өздерін суреттің ортасына орналастырады. Бұл оның ата-анасының өзін жақсы көретініне сенімділігін көрсетеді. Ал егер өзін салмаған болса, ол өзін жалғыз, әрі сүйкімсіз, керексіз сезінеді деген сөз.

Құрамы бойынша. Егер отбасылық суретте үй ішіндегілердің бірі болмаса, баладан оны неге салмағанын сұраңыз. Себебі бұл – ойлануға тұрарлықтай нәрсе.

Көлемі бойынша. Салынып жатқан адамның баланың алдында беделі жоғары болған сайын, ол оны соғұрлым үлкен етіп бейнелейді. Өзін сүйкімсіз сезінетін не тасталған балалар өздерін кішкентай етіп, ал тым еркелер өздерін тым үлкен етіп кескіндеуі мүмкін.

Арақашықтығы бойынша. Үйдің іші берекелі әрі тату болса, барлық кейіпкерлер бір-біріне тығыз орналасады. Ата-анасының қайсысына бала өзін жақынырақ салса, сол кісіге ол көбірек бауыр басқан. Отбасы мүшелері арасында салынған кез келген зат – олардың ара-қатынасындағы тосқауыл.

Түсі бойынша. Бала өзі жақсы көретіннің бәрін жылы түстерге бояйды. Ерекше жақындығын ол ашық түстермен жеткізеді. Егер кімде-кімнің киімін көк түске бояса, демек сол адамның жанында бала өзін жайлы сезінеді. Егер жасыл түске бояса, ол кісіні бала құрметтейді және өзі үшін маңыздылығын білдіреді. Сары түс – ырықсыздық, қызыл – агрессия, қара түс – туысқандардың бірін қабылдамайтындығын білдіреді.

Дене мүшелері бойынша. Егер кейіпкерлерінің бет-әлпетін анық салған болса, бұл оларға деген махаббатын, олардың өзі үшін маңыздылығын білдіреді. Егер суреттің авторы өзінің бет-әлпетін айқындай түссе, өзінің келбетімен тамсаныс, сыртқы көрінісіне ерекше назар аударғандығы. Алайда 4 жасқа дейін мұндай суреттердің болуы қалыпты. Егер ата-анасының бірінің аузын үлкен етіп салса, демек, ол кісі балаға көбірек ескертулер жасауы мүмкін. Егер аузы мүлде жоқ болса немесе тым кіші болса, бұл кейіпкер өмірде өз сезімдерін көрсетпейді. Егер тістердің суреті салынса, бұл агрессияны блідіреді. Үлкен көзді кейіпкерлер әлденеден қорқады, ал кішкентай көзбен бір нәрсені жасырады. Ұзын қолдар, не олардың мүлдем жоқ болуы – адамның қатал екенін әрі балаға қысым көрсететінін білдіреді. Қысқа қолдар – ішкі әлсіздікті білдіреді. Ал егер бала суретте қолдарын көтеріп тұрса, оған көңіл бөлінбейді және ол өзіне назар аударғысы келеді.

Балаңыз отбасылық қарым-қатынастағы осал тұстарды тауып қана қоймай, олардан құтылуға көмектесе алады. Егер оның салған суретінен ештеңе айыра алмай, әбден шатассаңыз, таза параққа оның «Мен қалайтын отбасы» тақырыбына сурет салуын сұраңыз. Сонда суреттен отбасының әрбір мүшесінің бақытты болуына не жетіспейтіндігін көруге болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *