Әлеумет

Түркістанның үздік тауар өндірушілері анықталды

27 шілде күні Түркістан қаласының «Есім хан» алаңында алғаш рет Түркістан облысының «Түркістан өнімдері-2019» үздік тауарларының көрме-жәрмеңкесі өтті. Көрменің басты мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау. Іс шараға облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Абсаттаров, Өңірлік кеңес төрағасы Қайнар Абасов және облыстық мәслихат депутаттары мен басқа да өңірлердің кәсіпкерлері қатысты.

Көрме-жәрмеңкеде аймақта өндірілген жүздеген азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында облыстың 100-ден астам өндірушілері және екі мыңнан астам Қазақстанның басқа қалаларынан да келушілер қатысты. Сонымен қатар, киім тігумен айналысатын ЖК «Хываева», минералды су өндірумен шұғылданатын «Қуаныш-Керемет» ЖШС, медициналық бұйымдар өндіретін «Marai E7 Group» ЖШС, тұз өндірісімен таныла бастаған «Тағай Ата» ЖШС, құрт өндірісін қолға алған «Uly dala gurty» ЖК және басқа да көрмеге алғаш рет қатысқан жаңа компаниялар мен фирмалар өз тауарларын ұсынды.

Осы іс-шарамен қатар «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі өтті. Ірі компаниялар ғана емес, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері де өздерінің өнімдерін көпшілікке ұсынды. Тәуелсіз сарапшы-аудиторлардың, кәсіпкерлік ассоциациялардың, салалық қоғамдық бірлестіктердің және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған сараптама комиссиясы экспозицияларын қарастырып, үш номинация бойынша дипломанттарды іріктеді. Атап айтсақ, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясын медициналық бұйымдар шығаратын «Marai E7 Group», сайрамдық киім тігетін «Алтын адам» компаниясы, жиhаз шығаратын «Азия Бренд» ие болды. Ал «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясына «Кентау трансформатор зауыты», «Эластополимет» серіктестігі және кірпіш пен жіп шығаратын «ТМстрой21» компаниясы лайық деп танылды. Сонымен қатар, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша сайрамдық «Dala-Fruit.kz» компаниясы, СПК «Хамит» және «Балмұздақ» компаниялары жеңімпаз атанды.

Қатысушыларды бағалаудың негізгі критерийлері — өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі болды. Аталған жеңімпаздар жылдың соңында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне қатысу құқығына ие болды.

Өз кезегінде Түркістан облыстық Кәсіпкерлер палатасы да алты номинация бойынша үздіктерді анықтады. «Әлеуметтік жауапты бизнес» номинациясы «Ордабасы құс» ЖШС-ның, «Ең үздік инновациялық жоба» — «Enki Жетісай» ЖК-ның, «Үздік тауарлық қаптама» — «WoodWork Nadir», «Жыл бренді» — «Бөрте Милка» компаниясының және «Белсенді кәсіпкер» — «Ордабасы ешкі сүт өнімдері» кооперативінің еншісіне бұйырды. «Ең үздік әйел жұмыс беруші» номинациясы бойынша жүлдені ЖК «Хываева» тігін фабрикасы жеңіп алды.

Көрме-жәрмеңкеге қатысушыларға түркістандық тауар өндірушілердің өнімдерін ұсынумен қатар лоторея ұтысы ойнатылып, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *